Грузиядағы ең танымал салат – ацецилиді қалай жасайды
Жарияланған күні:
Грузин асханасы дәмді тағамдарымен таң қалдырмай қоймайды. Әсіресе көкөністерден дайындалатын салат түрлері өте тойымды әрі пайдалы. Ацецили - таңғажайып дәмі бар грузин салаты. Құрамындағы ингредиенттер мен дәмдеуіштер салатқа ерекше дәм береді. Бұл жазбада тауық еті, баялды және болгар бұрышынан жасалатын ацецили салатының рецептін бөлісеміз.
Грузин асханасында жүздеген жылдар бойы өзіндік дәстүрлер сақталған. Грузин халқы қолжетімді өнімдерден хош иісті әрі тәбетті ашатын тағамдарды пісіруге бейім келеді. Әр түрлі көкөністен дайындалатын салаттары да ерекше. Соның бірі ретінде ацецили салатын айтуға болады.
Сипаттамасы
Асханасы: грузин
Санаты: тіскебасар
Дайындау уақыты: 5 минут
Пісетін уақыты: 30 минут
Мөлшерлік калориясы: 184 ккал
Ингредиенттер
Пияз - 0,5
Аджика - 1 шай қасық
Болгар бұрышы - 1 дана
Баялды - 1 дана
Сіркесу - 1 шай қасық
Пісірілген тауық еті - 100 г
Ащы қызыл бұрыш - дәміне қарай
Жаңғақ - 50 г
Күнзе - 30 г
Сарымсақ - 1 түйір
Қара бұрыш - 0,5 шай қасық
Зәйтүн майы 2-3 ас қасық
Анар - 1 дана
Дайындалуы
1. Баялды және болгар бұрышын пісіреміз
Баялды (баклажан) мен болгар бұрышын жақсылап жуып алыңыз. Содан соң табаға қақтама төсеңіз. Пешті 200 градусқа қойып, қыздырыңыз. Қызып тұрған пешке болгар бұрышы мен баялдыны салып, шамамен 30 минут пісіріп алу керек.
2. Пиязды тураймыз
Пияздың қабығын аршып, таза сумен жуып аламыз. Содан кейін ортасынан екіге бөлеміз. Пияздың жартысын жұқалап тураймыз. Туралған пиязды шұңғыл табаққа саламыз. Ыдыстағы пияздың үстіне аджика, сіркесу қосып араластырамыз.
3. Тауық етін тураймыз
Алдын-ала пісіріп алған тауық етін жұқалап тураймыз. Туралған етті де пияз салынған ыдысқа саламыз. Оның үстіне ащы бұрыштың жартысын майдалап турап қосамыз.
4. Жаңғақ қосамыз
Грек жаңғағын полиэтилен пакетіне салып, үстінен оқтаумен басып, майдалап аламыз. Жақсылап ұсақталған жаңғақты салат дайындап жатқан ыдысқа саламыз.
5. Күнзе қосамыз
Күнзені (кинза) әбден тазалап жуып аламыз. Содан соң құрғатып алған дұрыс. Суынан құрғаған соң майдалап турап, салатқа қосамыз.
6. Болгар бұрышы мен баялдыны тураймыз
Алдын-ала пеште пісіріп алған болгар бұрышының сыртқы қабығын тазалап алып тастау керек. Содан соң ұзыншалап турап, салатқа қосыңыз. Баялдыны да ортасынан бір бөліп, сыртқы қабығынан тазалап алып, ішкі жағын болгар бұрышының пішіндей тураймыз да, салатқа қосамыз. Сарымсақты майдалап турап, салатқа қосамыз. Барлық өнімді жақсылап араластырып аламыз.
8. Зәйтүн майы мен қара бұрыш қосамыз
Салатқа шамамен жарты шай қасық қара бұрыш қосамыз. Дәміне қарай зәйтүн майын құйып, араластырамыз. Дайын салаттың бетіне анар қосып әдемілеуге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2045978-gruziyadagy-en-tanymal-salat-acecilidi-qalai-zasaidy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.