Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бауыр етінен дайындалатын салат: Диана Есенбековадан ең дәмді әрі пайдалы рецепт

Опубликовано:

Бауыр салаты
Бауыр етінен дайындалған салат: Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Бауыр етінен дайындалатын салат ерекше дәмді болып шығады. Мұндай салатты күнделікті тағам ретінде де, мерекелік дастарқанға арнап та жасауға болады. Ағзаға пайдалы әрі калориясы аз пайдалы салат түрін бізбен бірге дайындап көріңіз.

Бауыр етінде 70-73% су, 2-4% май және 17-18% ақуыз бар. Соның ішінде сиырдың бауыр еті темір жетіспеушілігі бар адамдар үшін пайдалы делінеді. Себебі бауырдың құрамында темір, А, В12, Д, Е, К дәрумендерінің қоры мол. Әсіресе, спортпен шұғылданатындар және ауыр физикалық жұмыс істейтін адамдар үшін өте пайдалы тағам түрі саналады.

Сипаттамасы

Асханасы: еуропалық

Санаты: бас тағам

Дайындау уақыты: 5 минут

Пісіру уақыты: 30 минут

Мөлшерлік калориясы: 149 ккал

Ингредиенттер

Сиырдың бауыр еті - 250 г

Асбұршақ - 80 г

Жүгері - 80 г

Жұмыртқа - 2 дана

Тұздалған қияр - 3 дана

Салат жапырағы - 2-3 тал

Чипстер - 40 г

Майонез - 40 г

Тұз - дәміне қарай

Қара бұрыш - дәміне қарай

Дайындалуы

1. Бауырды ұзыншалап тураңыз

Бауырды турау
Ұзыншалап туралған бауыр еті. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Ең алдымен сиырдың бауыр етін қайнатып пісіріп алу керек. Суыған соң ұзыншалап тураңыз. Туралған бауырды салат дайындайтын ыдысқа салыңыз. Егер бауыр етін жей алмайтын болсаңыз, орнына тауықтың немесе сиырдың етін қосуға болады.

2. Жұмыртқаны тураңыз

Туралған жұмыртқа
Ұзыншалап туралған жұмыртқа. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

2 дана тауық жұмыртқасын суға салып пісіріп алыңыз. Піскен жұмыртқаны суытып, оны да ұзыншалап тураңыз. Туралған жұмыртқаны бауыр салынған ыдысқа салыңыз.

3. Тұздалған қиярды тураңыз

Тұздалған қияр
Ұзыншалап туралған қияр. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

2 дана тұздалған қиярды ұзыншалап тураңыз. Туралған қиярды бауыр және жұмыртқа салынған шұңғыл ыдысқа салыңыз. Тұздалған қияр салатқа қышқылтым дәм береді әрі тәбетті аша түседі.

4. Салатқа жүгері мен бұршақ қосыңыз

Жүгері және бұршақ
Жүгері және бұршақ салынған салат. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Қаңылтыр ыдыстағы жүгері мен бұршақтың суын сарқып алып, салатқа қосыңыз. Содан соң дәміне қарай қара бұрыш және тұз салыңыз.

5. Майонез қосып араластырыңыз

Майонез қосу
Салатқа майонез қосып араластыру сәті. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Шамамен 40 г чипстерді қолмен үгітіп, салатқа қосыңыз. Қытырлақ картопты ұнатпайтындар кемде-кем. Сондықтан чипстер салатқа ерекше дәм береді әрі тойымды етеді. Салатқа салынған барлық өнімді майонез қосып араластырып шығыңыз.

6. Бауыр салаты дайын

Дайын салат
Табаққа салынған салат. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Барлық өнімді араластырып алған соң табаққа салат жапырағын қойып, оның үстіне дайын салатты салыңыз. Сонда әдемі болып көрінеді әрі тәбетті ашады. Өте оңай жасалатын бауыр салаты кез келген қонақтың көңілінен шығатыны сөзсіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2047080-bauyr-etinen-daiyndalatyn-salat-diana-esenbekovadan-en-damdi-ari-paidaly-recept/

pixel