"Құс ұясы": Диана Есенбековадан ең дәмді салат рецепті
Жарияланған күні:
"Құс ұясы" салаты кез келген дастарқанның сәнін кіргізеді. Пісірілген тауық еті мен көкөністердің дәмі ерекше үйлеседі. Ал салаттың безендерілуі өте әдемі болып шығады. Өте дәмді әрі тойымды салатты фуд-блогер Диана Есенбековамен бірге дайындап көріңіз.
"Құс ұясы" (Гнездо глухаря) салатының пайда болу тарихы Ежелгі Русь дәуірінен басталады. Ол кезеңде құс аулау уақыт өткізудің оңтайлы тәсілі болған еді. Ал құс еті бұл салаттың негізгі ингредиенті болатын. Бүгінгі күні "Құс ұясы" салатының көптеген нұсқасы бар, алайда салаттың безендірілуі өзгеріссіз қалды. Қытырлақ картоп қосылған, жұмыртқамен, аскөкпен безендірілген салат шын мәнінде құс ұясына ұқсайды.
Сипаттамасы
Асханасы: орыс
Санаты: бас тағам
Дайындау уақыты: 5 минут
Дайын болатын уақыты: 30 минут
Мөлшерлік калориясы: 267 ккал
Ингредиенттер
Үлкен көлемді қияр - 1 дана
Піскен тауық еті - 1 кг
Жұмыртқа - 2 дана
Жүгері - 100 г
Қызыл пияз - 1 бас
Сіркесу - 1 шай қасық
Тұз - 0,5 шай қасық
Қант - 1 шай қасық
Су - 100 мл
Картоп - 1 дана
Аскөк - дәміне қарай
Майонез - дәміне қарай
Дайындалуы
1. Картопты үккіштен өткізіңіз
Үлкендеу картоптың қабығын аршып, сумен жақсылап жуып алыңыз. Содан соң корей салатына арналған үккіштен өткізіп алыңыз. Картоп пішіні майда әрі ұзынша болу керек. Үккіштен өткізген картопты шұңғыл ыдысқа салып, сумен 2-3 рет шайып алған дұрыс, сол кезде картоптың құрамындағы крахмалы кетеді.
2. Картопты қуырыңыз
Майдаланған картопты құрғақ матаға немесе таза майлықтың үстіне қойып құрғатып алыңыз. Табаға май құйып қыздырыңыз. Картоптың суы сарқылған кезде қызып тұрған майға салып қуырып алыңыз.
3. Қызыл пияз бен қиярды тураңыз
Қызыл пияздың қабығын аршып, сумен шайып алыңыз. Содан соң ортасынан бір бөліңіз. Бөлінген пиязды текшелеп тураңыз. Туралған пиязды бөлек ыдысқа салып, оның үстіне тұз, қант және 50 мл су құйып араластырыңыз. Содан соң суды төгіп тастау керек. 1 дана қиярды тазалап жуып алыңыз. Ортасынан бөліп, ұзыншалап тураңыз. Содан кейін текшелеп турап шығыңыз.
4. Тауық етін тураңыз
Тауықтың етін алдын-ала пісіріп алыңыз. Піскен ет суыған соң оны да текшелеп тураңыз. Туралған етті салат жасап жатқан ыдысқа салыңыз.
5. Жұмыртқаны тураңыз
Жұмыртқаның ағы мен сарысын ажыратып алыңыз. Сарысын бөлек ыдысқа салыңыз, ал ақуызын ұзыншалап тураңыз. Жұмыртқаның сарысына аскөк қосып, майонезбен араластырыңыз. Салат дайын болып қалған кезде сарысын дөңгелек пішінге келтіріңіз.
6. Салатқа майонез қосып араластырыңыз
Салатқа 40-50 г жүгері қосыңыз. Оның үстіне туралған пиязды салыңыз. Туралған өнімдерге майонез қосып, барлығын жақсылап араластырыңыз.
7. Дайын салаттың бетіне қуырылған картопты салыңыз
Салатты майонезбен араластырған соң табақтарға салып, бетіне қуырылған картопты салып шығыңыз. Оның бетіне алдын-ала жұмыртқаның сарысынан дайындап алған шар пішініндегі жұмыртқаларды қойып шығыңыз. Салатты аскөкпен әрлеп, безендіріп шығыңыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2047105-qus-uyasy-diana-esenbekovadan-en-damdi-salat-recepti/