10 минутта дайын болатын таңғы ас: Диана Есенбековадан ең дәмді панкейк рецепті
Жарияланған күні:
Адам ағзасының жақсы жұмыс істеуі үшін таңғы ас ішу керек. Себебі ұйқыдан оянғаннан кейін ішкен пайдалы ас арқылы ағзаға қоректік заттар сіңеді. Фуд-блогер Диана Есенбекова өте тез дайындалатын айран қосылған панкейктердің пісіру әдісін ұсынады.
"Панкейк" сөзі XV ғасырда Англияда пайда болды, ал XIX ғасырда АҚШ-та қолданысқа енді. Бұл тағамның рецепті АҚШ-қа Шотландиядан келді деп топшыланады. Себебі, онда әлі күнге дейін "drop scones" ("тойымды тоқаш") деп аталатын осыған ұқсас тағам пісіріледі және оның көлемі америкалық панкейктен кішірек өлшеммен ерекшеленеді. Әдетте панкейкке жеміс-жидектер, туралған банан, шоколад үгіндісі, даршын мен дәмдеуіштер қосылады.
Сипаттамасы
Асханасы: Америкалық
Санаты: тіскебасар
Дайындау уақыты: 3 минут
Пісетін уақыты: 9 минут
Мөлшерлік калориясы: 580 ккал
Ингредиенттер
Жұмыртқа - 3 дана
Қант - 100 г
Айран - 200 мл
Қамыр қопсытқышы - 1 ас қасық
Ұн - 150 г
Өсімдік майы - 3-4 ас қасық
Дайындалуы
1. Жұмыртқаны шайқаңыз
Жұмыртқаның ақуызы мен сарысын ажыратып, бөлек ыдыстарға құйыңыз. Алдымен ақуызды миксер арқылы көпіртіп, шайқап алыңыз. Одан кейін жұмыртқаның сарысына қант қосып, жақсылап араластырыңыз.
2. Айран құйыңыз
Жұмыртқаның сарысын араластырып болған соң үстіне айран құйыңыз. Бұлғауыш қасықпен айран мен жұмыртқаны жақсылап араластырыңыз. Оның үстіне 1 шай қасық қамыр қопсытқышын қосыңыз.
3. Ұн қосыңыз
Панкейк қоспасына қамыр қопсытқышын қосқаннан кейін үстіне ұн салыңыз. Ұнды елеуіштен өткізіп салған дұрыс. Сол кезде қамыр біркелкі болып шығады. Ұн салғаннан кейін қоспаны жақсылап араластырыңыз.
4. Сұйық май қосыңыз
Қоспаға шамамен 3-4 ас қасық өсімдік майын құйыңыз. Содан соң алдын-ала дайындап алған жұмыртқаның ақуызын қосыңыз. Барлығын жақсылап араластырыңыз.
5. Панкейктерді пісіріп алыңыз
Табаға аздап май жағып шығыңыз. Панкейк қамыры көтерілген кезде қоспаны табаға ожаумен құйып, екі жағын пісіріп алыңыз. Оттың баяу жанғаны дұрыс, себебі панкейк күйіп кетуі мүмкін. Панкейк қоспасына айран қоссаңыз, жақсы көтеріліп, әдемі болып піседі. Дайын панкейктерге жеміс-жидектер қосып, қалауыңыз бойынша безендіруге де болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2049948-10-minutta-daiyn-bolatyn-tangy-as-diana-esenbekovadan-en-damdi-pankeik-recepti/