Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тез дайындалатын кеспе: Диана Есенбековадан дәмді тағам рецепті

Опубликовано:

Кеспе тағамы
Үйде пісірілген кеспе тағамы. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Кеспе - қамырдан дайындалатын ас. Бұл тағам әлемнің көптеген асханасында пісіріледі. Ал қыстың суық күндерінде үйде ішкен кеспенің дәмі ерекше. Ендеше фуд-блогер Диана Есенбековамен бірге кешкі асқа кеспе пісіріп көріңіздер.

Күнделікті қолданыста кеспені "лапша" деп атайды. "Лапша" сөзі татар және ұйғыр тілдеріндегі lakča, чуваш тіліндегі läškä сөзінен шыққан. Қазақша мағынасы "сорпада қайнатылған қамырдың кішкентай бөліктері" дегенді білдіреді.

Әр түрлі пайдалы рецептермен таныс болғыңыз келсе, фуд-блогер Супер келін Диананың YouTube арнасына жазылып алыңыздар.

Сипаттамасы

Асханасы: Азиялық

Санаты: бас тағам

Дайындау уақыты: 10 минут

Пісетін уақыты: 1 сағат

Мөлшерлік калориясы: 127 ккал

Ингредиенттер

Ет - 300 г

Картоп - 3 дана

Пияз - 1 бас

Сәбіз - 1 дана

Болгар бұрышы - 1 дана

Өсімдік майы - 30 г

Томат пастасы - 2 ас қасық

Су - қазанның көлеміне қарай

Әмбебап дәмдеуіш - дәміне қарай

Ұн - 350 г

Жұмыртқа - 1 дана

Тұз - 1 шай қасық

Дайындалуы

1. Ет пен пиязды тураңыз

Етті турау
Ет пен көкөністер. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Сиыр еті жақсылап жуып, тураңыз. Еттің пішінін текшелеп тураған ыңғайлы. Содан соң пияздың қабығын аршып тазалаңыз. Пиязды да алдын-ала турап қойыңыз.

2. Көкөністерді тураңыз

Туралған көкөністер мен ет
Текшелеп туралған ет пен көкөністер. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Картоп пен сәбіздің қабығын аршып тазалаңыз. Тазаланған көкөністерді текшелеп тураңыз. Болгар бұрышын да жақсылап тазалап, ортасындағы дәндерін алып тастаңыз. Бұрышты да текшелеп турап шығыңыз.

3. Кеспе қамырын дайындаңыз

Қамыр дайындау
Кеспе жасауға арналған қамыр. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Шамамен 200 мл суға жұмыртқа мен тұз салып, бұлғауышпен араластырыңыз. Оның үстіне ұн салып, қамыр илеңіз. Қамырдың жұмсақ болмағаны дұрыс. Қамыр илеген соң оның бетін жакып, 30 минут қоя тұрыңыз.

4. Ет пен көкөністерді қуырыңыз

Ет пен пияз
Қазанда қуырылған ет пен пияз. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Қазанда қызып тұрған майға етті салып, қуырып алыңыз. Артынша пияз салып, оны да қуырыңыз. Туралған болгар бұрышын салыңыз. Содан соң үстіне сәбізді қосып қуырыңыз. Соңынан картопты салып, тағы қуырыңыз.

5. Томат пастасын салыңыз

Томат пастасын салу
Томат пастасын қосып қуырған көкөністер. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Тағамға томат пастасын қосып араластырыңыз. Көкөністер мен еттің түсі әдемі болып қызара түскен кезде қазанға су құйыңыз. Сорпа қайнаған соң тұз бен дәмдеуіш қосыңыз.

6. Қамыр жайыңыз

Қамыр жаю
Кеспенің қамырын жаю сәті. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Жарты сағат бойы иіні қанған қамырды жаюға кірісіңіз. Қамырдың үстіне ұн сеуіп, оқтаумен жайыңыз. Қамыр жайып жатқан кезде ұн себуді ұмытпаңыздар, себебі арасы жабысып қалмау керек. Сондай-ақ, қамыр біркелкі болып шығу үшін оқтауды күшпен баспаған жөн.

7. Қамырды кесіңіз

Қамыр кесу
Бүктелген кеспе қамырын кесу. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Қамыр жайып болған соң бетін ұн сеуіп, біркелкі етіп жағып шығыңыз. Ортасынан бір бөлінген қамырды бүктеңіз. Бүктелген қамырды кеспе пішінінде кесіп шығыңыз. Қайнап тұрған сорпаға қамыр кеспесін салыңыз. Қамыр бір-біріне жабысып қалмау үшін ожаумен бір былғап алыңыз.

8. Дайын тағамға ақжелкен қосыңыз

Ақжелкен қосу
Дайын тағамға қосылған ақжелкен. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Тағамның дәмін келтіру үшін ақжелкен немесе күнзе (кинза) қоссаңыз болады. Кешкі асқа осы кеспені міндетті түрде пісіріп көріңіздер. Дәмі ерекше тіл үйіреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2050264-tez-daiyndalatyn-kespe-diana-esenbekovadan-damdi-tagam-recepti/

pixel