Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Диана Есенбековадан мерекелік дастарқанға арналған торт рецепті

Опубликовано:

Шоколадты торт
Шоколадты креммен жасалған торт. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Дәмі бал татыған тортты жақсы көрмейтін адам жоқ. Алдағы мерекелерге қолжетімді бағадағы өнімдерден қандай торт жасауға болатыны жайлы ойланып жүрсіз бе? Ендеше фуд-блогер Диана Есенбекова ұсынған ең оңай торт рецептінің кәдеңізге жарайтыны сөзсіз.

Әр апта сайын шығатын жаңа рецептерден хабардар болу үшін Супер келін Диананың YouTube арнасына жазылуды ұмытпаңыздар. Арнада күнделікті және отбасылық мерекелерге арналған қолжетімді әрі дәмді тағамдарды пісіру әдістері тұрақты түрде салынып тұрады.

Шоколад қосып жасалатын торттың тарихы XVIII ғасырдан басталады. Австриялық аспаз Франц Захер мұндай торт түрін 16 жасында ойлап тапқан. Ол 1832 жылы сарай асханасында аспаздық өнерді үйреніп жүрген болатын. Сол жылы мәртебелі қонақтарға арнап тәтті тіскебасар пісіруге бұйрық беріледі. Алайда аспаз ауырып қалғандықтан, оның орнына аспаздықтық өнерді енді ғана үйреніп жүрген Захер шәрбат қосылған шоколадты торт пісіреді. Ал торт меймандардың көңілінен шығады. Франц Захер кейін мықты аспазға айналды. Оның рецептері Еуропадағы аспаздық кітаптарында жазылған.

Сипаттамасы

Асханасы: Еуропалық

Санаты: тіскебасар

Дайындау уақыты: 10 минут

Пісетін уақыты: 50 минут

Мөлшерлік калориясы:

Ингредиенттер

Жұмыртқа - 6 дана

Қант - 240 г

Су - 100 мл

Ұн - 140 г

Қамыр қопсытқышы - 1 шай қасық

Какао - 6 ас қасық

Қойытылған сүт - 150 мл

Сүт - 250 мл

Сары май - 250 г

Қаймақ - 4 ас қасық

Сары май - 50 г

Дайындалуы

1. Жұмыртқа мен қантты араластырыңыз

Жұмыртқаның сарысы
Жұмыртқаның сарысы және қант. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

4 дана жұмыртқаның сарысын бөлек ыдысқа құйып, оның үстіне қант саламыз. Қант пен жұмыртқаны миксер көмегімен жақсылап араластырыңыз. Содан соң үстіне су құйып, қайтадан араластыру керек.

2. Жұмыртқаның ақуызын шайқаңыз

Жұмыртқаның ағы
Миксермен араластырылған жұмыртқаның ақуызы. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Жұмыртқаның ақуызын бөлек ыдысқа құйып, миксермен араластырыңыз. Оның үстіне қант қосып, тағы да миксермен шайқап алыңыз. Содан соң алдын-ала жұмыртқаның сарысынан дайындап алған қоспаны қосып, бірге араластыру қажет.

3. Ұн және какао қосыңыз

Ұн және какао
Ұн және какао қосылған торт қоспасы. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Ұнды елеуіштен өткізіп, торт қоспасы тұрған ыдысқа салыңыз. 3 ас қасық какаоны да елеуіштен өткізіп салған дұрыс. Осы кезде қамыр қопсытқышын да салыңыз. Барлығын бұлғауыш көмегімен жақсылап араластырыңыз. Сол кезде шоколадты сұйық қоспа шығады.

4. Табаға шоколадты қоспаны құйыңыз

Табаға құйылған қоспа
Табаға құйылған торт қоспасы. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Торт пісіруге арналған табаға пергамент қағазын төсеңіз. Пергамент парағы торт қамырының табаға жабысып қалмауы үшін қажет. Табаға шоколадты қоспаны құйып, 180 градуста қыздырылған пешке салыңыз. Торт қамыры шамамен 30-40 минуттай пісу керек. Піскен торт бәлішін ортасынан екіге бөліңіз.

5. Крем дайындаңыз

Крем дайындау
Торт кремін дайындау сәті. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Торттың кремін дайындау үшін 2 жұмыртқа, 50 г қант, 150 мл қойытылған сүт, ванилин қажет. Оның үстіне 3 ас қасық ұн салыңыз. Барлық қоспаны әбден араластырып шығыңыз. Қоспа қою массаға айналған кезде 1 стақан сүт құйып, қайтадан араластырыңыз. Кремді баяу отқа қойыңыз. Түбі жабысып қалмау үшін араластырып тұру керек.

6. Сары майды араластырыңыз

Сары майды араластыру
Миксермен араластырылған сары май. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

250 г сары майды миксермен араластырып алыңыз. Оның үстіне дайындап алған кремді салып, миксермен араластырыңыз. Сол кезде торттың кремі дайын болады.

7. Тортқа крем жағыңыз

Крем жағу
Торт бетіне құйылған жылы сүт. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Торт пісіретін табаға екіге бөлген бәліштің бір бөлігін салыңыз. Оның бетіне жылы сүт құйып шығыңыз және кремді салып, тегістеп жағыңыз. Торт бәлішінің екіншісіне де жылы сүт құйып, кремнің үстіне қойыңыз. Торттың бетін полиэтилен пакетімен орап, 1 тәулік тоңазытқышқа қойыңыз, себебі ішіндегі кремі тортқа сіңіп, қату керек.

8. Шәрбат (глазурь) жасаңыз

Шәрбат жасау
Торт бетіне жағылған шәрбат. Көрнекі сурет: YouTube / Супер келін Диана

Ыдысқа 50 г сары май, 3 ас қасық қант және 4 ас қасық майлылығы 15% қаймақ пен 3 ас қасық какао салыңыз. Қоспаны баяу жанған отқа қойып, араластырыңыз. Сол кезде шоколадты шәрбат шығады. Оны торттың үстіне құйып, жан-жағына тегістеп жағып шығыңыз. Торттың бетіне шоколад жағып болған соң 20 минут тоңазытқышқа салып қойыңыз. Дайын тортпен шай ішуге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2050827-diana-esenbekovadan-merekelik-dastarqanga-arnalgan-tort-recepti/

pixel