Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тойымды әрі дәмді Момо Сяй: Анаргүлден ерекше кешкі ас рецепті

Опубликовано:

Момо Сяй
Момо Сяй тағамы. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Күнделікті кешкі асқа ерекше әрі тойымды тағам ретінде Момо Сяй пісіруге болады. Орта Азия халқының сүйікті тағамын дайындау өте оңай. Фуд-блогер Анаргүл ұсынған рецепт бойынша сіз де дәмді асты пісіріп көріңіз.

Осы және басқа рецепт түрлерін Анаргүл Құдайбергенованың YouTube аспаздық арнасынан таба аласыздар. Жаңа видеоларды жіберіп алмау үшін арнаға жазылыңыз.

Сипаттамасы

Асханасы: Орта Азия

Санаты. бас тағам

Дайындау уақыты: 30 минут

Пісетін уақыты: 80 минут

Құрамы

Жылы су - 200 г

Қант - 1 шай қасық

Ашытқы - 1 шай қасық

Тұз - 1 шай қасық

Өсімдік майы - 2 ас қасық

Ұн - 350 г

Ет - 400 г

Пияз - 2 бас

Сәбіз - 1 дана

Түрлі-түсті болгар бұрышы - 2 дана

Сарымсақ - 3 түйір

Соя соусы - 2 ас қасық

Ұнтақталған қара бұрыш - дәміне қарай

Паприка - дәміне қарай

Дайындалуы

1. Қамыр илеңіз

Иленген қамыр
Жұмсақ етіп иленген қамыр. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Ең алдымен тағамның қамырын дайындап алыңыз. Ол үшін жылы суға қант, ашытқы, өсімдік майын қосып жақсылап араластырыңыз. Содан соң елеуіштен өткізілген ұнға тұз араластырып қамыр илеңіз. Орташа тығыздықтағы қамыр шығу керек. Қамыр көтерілгенше жылы жерге 30-40 минутқа қойыңыз.

2. Тағамның дәмқосарын дайындаңыз

Ет пен көкөністер
Туралған ет пен көкөністер. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Тағамның дәмқосар тұздығын дайындаңыз. Тағамға қосатын барлық өнімді төрбұрышты әрі улкендеу етіп тұрап шығыңыз.

3. Ет пен көкөністерді қуырыңыз

Етті қуырып алу
Қуырылған ет пен көкөністер. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Қазанға сұйық май құйып, қызған соң етті салып, әбден қуырыңыз. Еттің сөлі тартылғанша қуырып, одан соң пиязды салып, 1-2 минут қуырып алу керек. Одан әрі сәбізді де 1-2 минут қуырыңыз.

4. Дәмдеуіштерін қосыңыз

Тұз бен бұрыш
Тұз, қара бұрыш және паприка қосылған тұздық. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Тағамның үстіне тұз, бұрыш, паприка секілді дәмдеуіштерді қосып қуырыңыз. Содан соң су құйып, бір қайнаған соң еті әбден жұмсарғанша баяу отқа қойып, шамамен 40 минут бұқтырыңыз.

5. Қамырын дайындаңыз

Қамырын дайындау
Әдемілеп оралған қамыр. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Қамыр көтерілген соң төртбұрыш пішінінде жайып, бетіне сұйық май жағыңыз. Оған аскөк салып, екі шетін ортаға қарай жинаңыз. Қамырды жіңішке бөліктерге бөліп, екі бөлігін бірінің үстіне бірін қойып, ағаш таяқшамен ортасын басыңыз. Содан соң қамырды екі жағынан созып, ортасына ағаш таяқшаны салып айналдырып жинаңыз. Осылайша әдемі пішін жасай аласыз. Дайындап алған қамырды мәнті пісіретін қазанға салып, қайнап тұрған судың буымен 30 минут пісіріңіз.

6. Дайын тағамды дастарқанға ұсыныңыз

Піскен тағам
Піскен Момо Сяй тағамы. Көрнекі сурет: YouTube/ Anargul Muxtarovna

Ет әбден жұмсарып піскен соң болгар бұрышын мен сарымсақты салыңыз, үстіне соя тұздығын құйып жақсылап араластырыңыз да, қатты жанған отта 2 минут ұстаңыз. Содан соң дайын болған тағамды табақтарға салып, дастарқанға ұсына берсеңіз болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2063451-toiymdy-ari-damdi-momo-syai-anargulden-erekse-keski-as-recepti/

pixel