Ауызашарға Ариана Дәуренқызынан рецепт: жапон пелменін қалай пісіреді
Жарияланған күні:
Жұқа қамыр мен дәмді cалма - жапондардың гедза атты тұшпарасының негізгі құпиясы болып саналады. Мұндай пелмендерді үй жағдайында дайындау өте оңай. Төмендегі рецептіге назар аударып, дәмді тұшпараның жасалу жолымен таныс болыңыздар.
Ең дәмді рецептілермен Ариана Дәуренқызының YouTubе арнасынан таныс бола аласыздар. ол үшін, аталған арнаға жазылып, пікір қалдыруды ұмытпаңыздар.
Жапондардың жұқа қамырдан дайындалатын ұлттық тұшпарасы гедза деп аталады. Ел арасында аталған тағамның шығуына байланысты бірнеше аңыз бар. Олардың ішінде ең танымалы - гедза тұшпарасы Хань династиясы тұсында өмір сүрген, дәрігер Чжану Цзи ойлап тапқан цзяоцзы қытайлық пелмендердің бір нұсқасы болып табылады. Қазіргі таңда тұшпараның туралған қызыл және ақ ет, балық пен теңіз өнімдерінен дайындалатын бірнеше түрі бар. Жапондар тұшпараның салмасыеа еттен бөлек орамжапырақ, жасыл жуа, шпинат, саңырауқұлақ және сәбіз қосады.
Сипаттамасы
Асхана: Жапония
Санаты: басты тағам
Дайын болу уақыты: 5 минут
Дайындау уақыты: 40 минут
Бір порцияға арналған калория мөлшері: 187 ккал
Құрамы
Аскөк - дәміне қарай
Соя соусы - 2 шай қасық
Паприка - дәміне қарай
Жоғары сортты бидай ұны - 300 г
Сәбіз - 1 дана
Өсімдік майы - 4 ас қасық
Пияз - 1 дана
Орамжапырақ - 300 г
Тұз - дәміне қарай
Қара бұрыш - дәміне қарай
Су - 180 мл
Тауық филесі - 300 г
Дайындалуы
1. Филені тураңыз
Тауық филесін турамастан бұрын, оны аздап қуырып аламыз. Сонда тауық еті біркелкі болып туралады және езіліп кетпейді. Филені қалыңдығы 5 мм-дей етіп, кішкентай шаршы пішінде тураймыз.
2. Көкөністерді дайындаймыз
Пияз бен сәбізді қабығынан аршып, жақсылап жуамыз. Пиязды жіңішке, кішкентай шеңбер пішінде тураймыз. Сәбізді ұсақ үккіштен өткіземіз. Орамжапырақты ұсақ, шаршы етіп тураймыз.
3. Көкөністерді қуырамыз.
Табаға 2–3 ас қасық өсімдік майын құйып, оны қыздырамыз. Оған пиязды салып, 2–3 минут қуырып аламыз. Сосын сәбізді салып, тағы 3–4 минут қуырамыз. Қуырған кезде көкөністерді араластырып отырған жөн. Көкөністерді 5 минуттай қуырып, отты өшіріп, филе бар ыдысқа саламыз.
4. Аскөк пен дәмдеуіштерді қосамыз
Аскөкті ұсақтау етіп турап, салмаға саламыз. Дәміне қарай дәмдеуіштерді қосамыз. Сосын соя соусын қосып, жақсылап араластырамыз.
5. Қамыр илейміз
Суды сәл жылытып, оған 1 шай қасық тұз қосамыз. Терең ыдысқа ұнды елеп аламыз. Ұнның ортасын ашып, оған 1 ас қасық өсімдік майын құямыз. Сосын суын аз-аздан қосып, жұмыр қамыр илейміз. Қамырды 10 минутқа тындырып қоямыз.
6. Қамырды жаямыз
Тынған қамырды алдымен ұн сеуіп, қолмен иін қандырып аламыз. Сосын оқтаумен қалыңдығын 2 мм етіп жаямыз. Қамырды алдымен ұзын жолақша, кейін жолақшаларды шаршы етіп кесеміз.
7. Қамырға салмасын саламыз
Әр төртбұрыштың ішіне жарты ас қасықтай салманы салып, қамырды түйеміз. Ортасын ашық етіп қалдырамыз.
8. Тұшпараны пісіреміз
Дайын пелмендерді аздап өсімдік майы бар, қыздырылған табаға саламыз. Оларды қызарғанша қуырып аламыз. Сосын табаға аздаған көлемде ыстық су құйып, табаның қақпағын жауып қоямыз. Тағамды 2–3 минут бойы бұқтырамыз. Дайын тұшпараларды тәрелкеге салып, дастарханға ұсынамыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2068905-auyzasarga-ariana-daurenqyzynan-recept-zapon-pelmenin-qalai-pisiredi/