Дәмі тіл үйіреді: Нұрзина ерекше гуляш рецебін ұсынады
Жарияланған күні:
Гуляш - ТМД елдерінде кеңінен танымал тағамдардың бірі. Балалық шақты еске салатын гуляштың ерекше рецебін бүгінгі материалдан біле аласыздар.
Гуляштың ерекше әрі дәмді рецебін фудблогер Нұрзина Серікбаева таныстырады. Блогердің YouTube арнасынан осы сияқты көптеген тағамның жасалу жолын біле аласыздар.
Сипаттамасы
Асхана: Венгрия
Санаты: басты тағам
Дайындалу уақыты: 20 минут
Дайын болу уақыты: 30 минут
Құрамы
Сиыр еті - 500 гр
Пияз - 1
Сәбіз - 1
Томат - 2 ас қасық
Лавр жапырағы - 2 дана
Тұз, бұрыш - дәміне қарай
Су - 3 стакан
Ұн - 2 ас қасық
Сарымсақ - 2 тісше
Картоп - 1 кг
Сары май - 70 гр.
Сүт - 80 гр.
Дайындалуы
1. Етті қуырамыз
Етті ірі етіп тураймыз. Гуляшқа жұмсақ етті пайдаланған абзал. Сол сияқты пиязды да ұсақтап турап аламыз.
2. Сәбізді үккіштен өткіземіз
Сәбіздің қабығын тазартып, жақсылап жуып, үккіштен өткізіп аламыз. Сәбізді гуляшқа мөлшеріне қарай пайдалансаңыздар болады.
3. Ет пен сәбізді қуырамыз
Табаға сұйық майды құйып, жақсылап қыздырып аламыз. Қызған майға етті салып, еттің екі жақ беті қызарғанша қуырып аламыз. Сосын үстінен пиязды салып, пияз сарғайғанша қуырамыз. Пияз бен ет дайын болып қалғанда, сәбізді салып, жақсылап қуырып аламыз. Үстінен томат, дәміне қарай тұз, бұрыш, дәмдеуіш, лавр жапыраған қосамыз. Соңында ет пен көкөністер бататындай етіп, су құямыз.
4. Гарнирді дайындаймыз
Картопты аршып, жақсылап жуып, суға салып, қайнатамыз. Жарты сағатта картоп піскен кезде, суын төгіп, тұз, сары май, сүт құйып, картопты еземіз.
5. Гуляштың соусын дайындаймыз
Ұнға екі тісше сарымсақты салып, 150 гр су құямыз. Осы массаны жақсылап араластырамыз. Гуляш дайын болып қалғанда, осы соусты үстінен құямыз. Бұл соус гуляшты жұмсақ әрі қою етеді. Соус қосқаннан кейін, тағамды тағы 15 минут бұқтырып, қайнатып аламыз.
6. Дайын гуляшты дастарханға ұсынамыз
Дайын пюрені тәрелкеге салып, үстінен гуляшты саламыз. Тағамды әрлеу үшін, аскөк немесе кез келген жасыл шөптерді пайдалансаңыз болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2076956-dami-til-uiiredi-nurzina-erekse-gulyas-recebin-usynady/