Айт дастарханы: Гүлжанаттан ең оңай жасалатын бәліштер рецебі
Жарияланған күні:
Көптеген қыз-келіншек айт дастарханын ерекше етіп жайғысы келеді. Осыған орай, мерекелік дастарханға арналған, ең оңай жасалатын бәліштер рецептілерін назарға ұсынамыз.
Айт дастарханына қонақтарыңызға оңай әрі тез даярланатын бірнеше бәлішті ұсынсаңыз болады. Гүлжанат Нұрышеваның YouTube арнасынан оңай әрі тез дайындалатын басты тағамдар мен десерттердің рецептілерімен таныс бола аласыздар.
Сипаттамасы
Асхана: Еуропа, Шығыс елдері
Санаты: десерт
Дайындалу уақыты: 40 минут
Дайын болу уақыты: 40-45 минут
Құрамы
Жүрекше бәліші үшін:
Жұмыртқа - 3 дана
Қант - 200 гр
Өсімдік майы - 75 гр
Cүт - 85 гр
Ұн - 190 гр.
Қопсытқыш - 0,5 ас қасық
Шығыс бәліші үшін:
Ұн - 300 гр
Қант - 50 гр
Cары май - 150 гр
Қопсытқыш - 6 гр
Жұмыртқа - 1 дана
Сары өрік, мейіз, грек және жай жаңғақ - 380 гр
Дайындалуы
1. Жүрекше бәлішінің қамырын дайындаймыз
Жұмыртқаға қантты қосып, миксермен жақсылап араластырамыз. Қамырдың массасы үлпілдек әрі жеңіл болып шығуы керек.
2. Қамырға сүт пен сұйық май құямыз
Қамырға сүт пен сұйық май құйып, тағы да араластырамыз. Қамыр жұмсақ әрі үлпілдек болу үшін, массаның әр құрамын жеке-жеке салып, араластырған жөн.
3. Ұн қосамыз
Алдымен ұнды електен өткізіп аламыз. Сосын қопсытқышпен араластырамыз. Дайын ұнды массаға біртіндеп салып, қамыр дайын болғанша, араластырамыз.
4. Дайын қамырдан екі ас қасық қамырды бөлек алып қоямыз.
Дайын қамырдан екі ас қасық қамырды бөлек салып аламыз. Оған аздаған бояғышты қосып, араластырып аламыз. Егер үйіңізде бояғыш болмаса, какао қоссаңыз болады.
5. Бәлішті безендіріп, пісіреміз
Бәлішті видеодағыдай етіп безіндіру үшін, шприцке қызыл бояуы бар қамырды құйып, бәліштің бетінен құйып шығамыз. Шприц болмаса целлофан немесе қасықты пайдалансаңыз болады. Сосын, әр дөңкелекшені таяқшамен жалғап шығамыз. Сонда бәліш бетінде қызыл жүрекшелер пайда болады. Дайын бәлішті 180 градуста қызып тұрған пеште, 30 минутқа қойып, пісіріп аламыз. Осылайша, бәліш дайын болып шығады.
Шығыс бәліші - биылғы жылдың хит бәліші
Биылғы жылы хит болған тағы бір бәліш - ол шығыс бәліші. Оңай әрі тез дайындалатын бәліш рецебімен төменде таныс бола аласыздар.
Дайындалуы
1. Қамырды дайындаймыз
Алдымен ұнға қопсытқышты салып, жақсылап араластырып аламыз. Сосын туралған сары майды алып, ұнға қосып, қолымызбен езіп шығамыз. Кейін бір жұмыртқаны қосып, үгітілмелі қамыр илейміз. Дайын болған қамырдың бетін жауып, тоңазытқышқа тындырып қоямыз.
2. Салмасын дайындаймыз
Бәліштің салмасын қалауыңызға қарай әзірлесеңіз болады. Аталған рецептте фудблогер салмаға кептірілген сары өрік, мейіз және грек жаңғағын пайдаланған. Барлығын ұсақтап турап, дайындап қоямыз.
3. Қамырды формаға жаямыз
Тынған қамырды дастарханға ұн сеуіп, жайып аламыз. Сосын формаға видеодағыдай етіп, жайып шығамыз. Үстінен туралған кептірілген жемістер мен жаңғақты араластырып саламыз.
4. Бәліштің бетіне қоюлатылған сүтті құямыз
Бәліштің бетіне қоюлатылған сүтті құямыз. Бәліштің шетіндегі артық қамырды турап, алып тастаймыз. Бәлішті 180 градусқа, қызып тұрған пешке салып, 30-35 минутқа қойып, пісіріп аламыз. Дайын бәлішті айт дастарханына жүрекше бәлішімен бірге, микс етіп, бірге қойсаңыз болады. Оңай әрі тез жасалатын дәмді десерттер, келген қонағыңыздың көңілінен шығады деген ойдамыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2080097-ait-dastarxany-gulzanattan-en-onai-zasalatyn-balister-recebi/