Тойымды әрі дәмді ұн қуырдақ: Нұрзина Серікбаева моңғол тағамының рецебін айтты
Жарияланған күні:
Ұн қуырдақ - цуйван ерекше тағамы жайлы көпшілік біле бермеуі мүмкін. Алайда тойымды әрі дәмді тағамнан дәм татқандар, цуйванды күнделікті ас мәзіріне қосатыны анық. Назарларыңызға жасалуы жеңіл әрі сіңімді астың рецептісін ұсынамыз.
Цуйван — Моңғолия елінде танымал тағамдардың бірі. Цуйван тағамының негізгі құрамына кеспе мен ет, балғын көкөністер кіреді. Танымал фудблогер Нұрзина Серікбаева ерекше тағамның оңай әрі тез пісетін нұсқасын ұсынады.
Сипаттамасы
Асхана: Азия
Санаты: басты тағам
Дайындалу уақыты: 30 минут
Дайын болу уақыты: 5 минут
Құрамы
Ет - 500 гр
Пияз - 1 дана
Тұз - дәміне қарай
Картоп - қалауыңызға қарай
Су - 200 гр
Жұмыртқа - 1 дана
Тұз - 1 ас қасық
Ұн - 500 гр
Дайындалуы
1. Ет пен пиязды қуырамыз
Сиыр етін салқын суда жуып, ірілеу етіп тураймыз. Қазанға сұйық майды қуып, қыздырып, үстіне етті саламыз. Еттің үстінен орташа етіп туралған пиязды салып, сарғайып, сөлі шыққанша жақсылап қуырамыз. Сондай-ақ, дәміне қарай тұзын қосамыз. Айта кетерлігі, етті алдымен 5 минуттай қатты отта, кейін 1 cағаттай баяу отта, өз сөліне, су құймай, пісірген дұрыс.
2. Қамыр илейміз
Шұңғыл ыдысқа су, жұмыртқа мен тұзды қосып, жақсылап араластырып аламыз. Ұнды електен өткізіп, суға біртіндеп қосып, орташа тығыздықтағы қамырды илейміз. Қамырды жарты сағатқа тындырып қоямыз.
3. Қамырды жайып, кептіреміз
Қамыр тынған соң, бірнеше бөліктерге бөліп, жұқа, домалақ етіп, жайып аламыз. Сосын әр домалақты төртке бөліп, қызып тұрған табаға немесе пешке салып, кептіріп аламыз. Қамырды кептіргіңіз келмесе, онда кеспе етіп кесіп, манты пісіретін табада пісіріп алсаңыз да болады.
4. Кеспе тураймыз
Қамырдың кепкен бөліктерін үшке бөліп, жіңішке етіп, кеспе қылып кесеміз. Кеспе бір-біріне жабыспау үшін, сұйық майды құйып, жақсылап араластырып аламыз.
5. Кеспені пісіреміз
Қазандағы етке жарты немесе бір кеседей су құйып, бұқтырып аламыз. Оның үстінен кеспені салып, 7 минуттай қайнатып, пісіріп аламыз. Қалауыңызша етке картоп қоссаңыз болады. Осылайша, ұн қуырдақ тағамы дайын болып шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2085170-toiymdy-ari-damdi-un-quyrdaq-nurzina-serikbaeva-mongol-tagamynyn-recebin-aitty/