Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ": қыңыр адам деген кім және ондай адамды бір көргенде қалай танимыз

Опубликовано:

Ер адам
Ер адам. Көрнекі фото: pixabay.com

Қыңыр адам әрдайым бәрін басқалардан жақсы біледі. Онымен бес минут сөйлессеңіз, ауа жетпей, тынысыңыз тарылғандай болады. Мұндай адамның тағы қандай белгілері бар? Онымен қалай сөйлесу керек немесе онымен сөйлескенде қандай тақырыптардан аулақ болған жөн?

Қазақтың "Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ" деген мақалын бәріміз білеміз. Жалпы қыңырлықтың көптеген көрінісі бар. Шадыр, тәкаппар – Кембридж сөздігінде осындай сипаттама берілген. Ал Vocabulary.com порталы ондай адамға мынандай сипаттама береді: дәстүршіл, іш пыстырарлық, қабылданған әдет-ғұрып пен әдепке бағынатын адам.

Айналасындағыларды шаршатады

Мұндай адамды қазымыр, беймаза, сыншыл, қайырымсыз деп атайды. Ол айналасын сөйлесе бастағаннан-ақ шаршатып жібереді. Бір айтқанын сан қайталап, ақыл айтып, адамды мезі қылады, адам жайына кетсісі келіп тұрғанын түсінбейді. Оның жанында эмоционалды тұрғыда тынысың тарылады, ешқандай сезіміңді, эмоцияңды білдіргің келмей қалады.

Қыңыр адаммен сөйлескеннің еш зияны жоқ. Онымен ұрсысып қалмау үшін эмоцияларыңызды іштен өзіңізге айтыңыз. Зерттеулер көрсеткендей, осы тәжірибенің арқасында ми эмоциялардан ойлау процесіне ауысады, сол арқылы адам күйзеліске бой алдырмайды.

Жұдырығын түйіп тұрған ер адам
Ер адам жұдырығын түйіп тұр. Көрнекі фото: pixabay.com

Өзге адамдардың эмоциясын түсінбейді

Қыңыр адамның ең жарқын белгілерінің бірі – басқа адамдардың эмоцияларын тани алмау. Ол жеткілікті түрде толерантты емес. Оның себебі эмоционалды және әлеуметтік интеллекті дамымаған.

Эмоционалды интеллектке өзін-өзі бақылау, құлшыныс, табандылық, эмпатия және өз іс-әрекетін ынталандыру қабілеті кіреді, деп түсіндіреді психолог Дэниел Големан өзінің "Эмоционалдық интеллект" кітабында. Эмоцияларға ақыл қосу керек, содан кейін ғана оның көрінісі орынды болады. Әлеуметтік интеллект адамдармен тиімді әрекеттесуге мүмкіндік береді.

Қыңыр адам вербалды емес сигналдарды түсінбейді және өзінің де, өзгенің де эмоцияларын дұрыс анықтай алмайды. Сондықтан танысы оған қаржылық қиындықтар туралы айтса, ол қолдаудың орнына "Сондай боларын айттым ғой" деп, ақыл айтып кетеді.

Өз көзқарасын таңады

Қыңыр адам ешкім одан ақыл сұрамаса да оңды-солды ақыл айте береді. Бұған мазасыз, ақыл айтқыш тонды, ойды жеткізудегі бірсарындылықты қосыңыз. Жанындағы адам көзімен оны тыңдағысы келмейтінін білдіреді.

Бірақ қыңыр адамнан оңай құтылу мүмкін емес. Ол тіптен жақын отырып алып, сіздің болашақ жоспарыңызды құрып береді. Оны тыңдап, орындап, алғыс айтуыңыз керек болады, өйткені сізге мұндайды одан басқа ешкім айтпайды.

Ақыл айтып отырған ер адам
Ақыл айтып отырған ер адам. Көрнекі фото: pixabay.com

Қарым-қатынасты осылайша құру арқылы ерте ме, кеш пе, қыңыр адамнан таныстары да, достары да безіне бастайды. Сондықтан ол айналасындағылар неліктен одан қашқақтайтынын түсінуі керек. Содан кейін диалог жүргізуді үйрену керек.

Өзін жоғары санап, өзгелерді тыңдамайды

Қыңыр адамға өзгенің пікірі қызық емес, сондықтан ол адамға ойлары мен сезімдері туралы айтуға мүмкіндік бермейді. Ол бар назарын өзіне аударады, өзін басқалардан жоғары бағалайды.

Таныс кейіпкер ме? Иә, олар ұлы мәртебелі нәркестер. Толық сондай болмауы мүмкін, бірақ соған бейім келеді. Бірақ бұл өзін-өзі шамадан тыс жақсы көруден емес, бұл өзін түсінбеуден және сезінбеуден, деп түсіндіреді психотерапевт Юлия Пирумова "Нәзік адамдар. Нәркестер әлеміне апаратын құпия есік" атты еңбегінде.

Өзін жақсы көрмейтін адам басқаларды түсініп, сүйе алмайды. Мұндайда өзіңізді және эмоцияларыңызды зерттеуді бастау маңызды. Өзіңізге мынандай сұрақтар қойыңыз: "Неге мен өзімді осылай ұстаймын?", "Бұл маған не береді?", "Мен қандай эмоцияларды бастан кешіріп жатырмын?". Өзіңізді түсінгеннен кейін сіз бірте-бірте басқаларды көруді және түсінуді үйрене бастайсыз.

Әзілдесуді білмейді

Қыңыр адам алаңсыз көңіл көтеріп, қуануды білмейді. Басқаларға күлкілі нәрсе оған ақымақтау әрі бұрыс болып көрінеді. Ол әзіл-қалжыңның табиғатын, образдардың оғаштығын, жағдайдың мағынасыздығын түсінбестен, бәрін қисын мен нақты оқиғалар тұрғысынан түсіндіруге тырысады. Мысықтардың күлкілі суреті – күлкілі ме? Бұл фотошоп!

Егер кеңседегі кеште бәрі демалып, көңіл көтергісі келсе, ол мұндай қылықты сынға алады және өзінікі орынсыз екенін сезінбестен қандай да бір маңызды жаһандық тақырыпты талқылай бастауы мүмкін.

Әзілдесу – әлеуметтік өзара әрекеттесудің тамаша тәсілі, деп жазады "Практикалық психология" интернет-платформасы. Оны дамытуға болады. Ол үшін комедияларды көбірек көріңіз, әзілкештерді тыңдаңыз, сонда әзілдің бәрі өмірден алынғанын түсінесіз. Бірнеше күлкілі әзілдерді үйреніп алып, көңілді кештердің бірінде соны айтып беріңіз.

Барлығын бақылауда ұстауға тырысады

Қыңыр адам өзіне ғана емес, айналасындағыларға да талапшыл келеді, өзгенің ісіне жиі араласады. Ол бәрін және барлығын басқаруға тырысады:

  • "Онда неге бардың? Ол жақта саған не керек?";
  • "Ыдыс-аяқты дұрыс жұуып жатқан жоқсың!;
  • "Тәрелкелерді неге бұлай реттейсің?"
Таңырқап тұрған әйел
Таңырқап тұрған әйел. Көрнекі фото: pixabay.com

Бұл мінез-құлықтың себебі ата-ананың баладан бір стандартқа бағынуды талап ететін шамадан тыс перфекционизмі болуы мүмкін. Мысалы, олар оны еден кір болсын да, кір болмасын, үш күнде бір рет жууға мәжбүрлеген. Енді ол жеке жұмыс кестесі болатынын, ал жақындарының тазалыққа деген көзқарасы мүлде басқаша екенін түсінбестен мұны бірге тұратын адамдардан және үй дәліздерін тазалайтын тазалықшыдан талап етеді.

Сынайды, түзетеді

Қыңыр адам іскерлік әңгіме немесе хат алмасу бөлек, ал бейресми достық көңілдегі әңгіме-дүкен немесе әлеуметтік желідегі сөйлесу мұлде бөлек нәрсе екенін түсінбейді. Ол барлық жерден қате тауып, түзеп жүреді. Ол бұлай жазуға, бұлай істеуге болмайды деп есептейді.

Егер сіз қандай да бір анықтамада немесе терминде қате жіберсеңіз, қыңыр адам сізді түзетіп қана қоймай, сол тақырыпта ұзын-сонар дәріс оқи жөнеледі. Оқу семинарында болсаңыз жақсы, бірақ ол жерде де тым ұзақ және бір нәрсеге бағытталған түсініктемелерді тыңдау шаршатады. Бірақ бұл жағдай көңілді кеште орын алса, қыңыр адамның "құрбанына" айналған адамға жаның ашиды-ақ. Бірақ оны тезарада тоқтату үшін бір амалын ойлап табу керек болады.

Қыңыр адам одан өзгелер ақыматығы үшін емес, басқаларға немқұрайлылығы мен жалықтырып жіберетіні үшін қашып жүргенін түсінетін уақыт келді. Ол демалуды үйреніп, бұл әлемнің мінсіз емес екенін түсінуге тырысуы керек.

Агрессивті болуы және жеке шекараларды құрметтемеуі мүмкін

Қыңыр адам бәрі ойындағыдай болмаса, ашуланып, агрессивті болуы мүмкін. Егер ол бастық болса, қарамағындағыларға онымен жұмыс істеу оңайға соқпайды: қыңыр адам қандай да бір шешім қабылдау үшін мәселені ұзақ әрі жіті зерттейді әрі жаңашылдыққа мүлде жоқ деуге болады. Егер оған біреу қарсы келсе, ол оған айғайлап, тіпті оны жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін.

Телефонмен сөйлесіп тұрған ер адам
Біреуге телефон арқылы ұрсып тұрған ер адам. Көрнекі фото: pixabay.com

Ол жеке шекара деген дүниені ұғыңқырамайды. Ол әріптестеріне соның жеке өміріне қатысты кеңес беруі мүмкін, басқа біреудің телефонындағы SMS-ті жасырын оқып, онша танымайтын адамның өзіне әдепсіздік танытуы мүмкін.

Басқа адамдар қыңыр адамнан бойын аулақ салуға тырысады. Қыңыр адамның белгілерін тану қиын емес. Егер сіз сол белгілерді өз бойыңыздан көрген болсаңыз, онда соған қарап мінез-құлқыңызды түзете аласыз әрі өзіңізге де, өзгелерге де ыңғайсыздық тудырмай, үйлесімді қарым-қатынас орнатуды үйренуге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2085677-qynyr-kisi-bir-zaq-qyryq-kisi-bir-zaq-qynyr-adam-degen-kim-zane-ondai-adamdy-bir-korgende-qalai-anyqtaimyz/

pixel