Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қыз балаға қоюға болатын 10 есім: тағдыр мен есімнің қандай байланысы бар

Опубликовано:

Кішкентай шұлық
Қыз балаға арнап тоқылған шұлық. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қыз баланың дүниеге келуі отбасына бақыт пен қуаныш сыйлайды. Әрбір адам қылығы тәтті, жүрегі жұмсақ қыз баласы үшін ерекше әрі әдемі есім қоюға тырысады. Бұл жазбамызда қыздарға қойылатын мағыналы есімдер топтамасын ұсынамыз.

Қымбат

Қазақ халқында Қымбат есімі жиі кездеседі. Бұл атау түркі тілінен шыққан, ол "бағалы", "құнды", "қадірлі" дегенді білдіреді. Осы есімді қызына қойған ата-ана оның ең қымбат жан екенін білдіреді әрі өмірі бақ-береке, келісім мен құрметке толы болсын деп тілейді.

Мәриям

Ислам дінінде Мәриям — хазіреті Исаны муғжиза ретінде дүниеге әкелген анасы. "Мәриям" сүресінің 28-аятында "Харунның қарындасы" деп те келеді. Бұны Мәриямның Хазіреті Харунның тегінен келгендігіне ишарат. Яғни, тура мағынадағы қарындасы емес, соның тегінен дегенді білдіреді. Себебі араб тілінде қарындас, бауыр сөзі тайпа мүшесіне де қолданылған.

"Мәриям" есімімен аталатын Құран сүресі бар. Бұл сүреде Мәриямның оқиғасы баяндалады. Бұдан басқа бірнеше аятта да Мәриям жайлы айтылады.

"Әли Имран" сүресі, 42-аят:

"Бірде періштелер: "Уа, Мәриям! Шүбәсіз, Аллаһ сені арнайы таңдады һәм сені (күнәдан, кемшілік атаулыдан) пәк қылды. Сондай-ақ мерейіңді күллі әлемдегі әйел атаулыдан үстем етті".

"Әли Имран" сүресі, 43-аят:

"Уа, Мәриям! Ендеше, Раббыңның алдында барынша кішірейіп құлдық ұр, сәждеге бас қой һәм алдында бас иіп рүкуғ жасаушылармен бірге сен де рүкуғ жаса", - деп айтты".

Мария есімі әлемнің көптеген тілінде бірдей естіледі. Христиандарда Мария "ханым" дегенді білдіреді. Әдетте бұл есімді қыз балаға өмірде сәттілік әкеледі, армандары орындалады деген сеніммен қояды.

Мария жүрегіне өкпе-реніш жинамайды, өткенге өкінбейді, жеңіл қозғалады және өзіне сенеді. Өмірге деген сүйіспеншілігімен және жақсы қарым-қатынас орната алу қабілетімен ерекшеленеді. Ол жігерлі, алдына қойған мақсаттары мен міндеттеріне жетеді.

Хадиша

"Хадиша" есімі араб тілінде "алғашқы", "ерте туған" деген мағынаны білдіреді. Қазақ тілінде "Қадиша" деп те жазылады.

Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) құрметі мен махаббатына бөленген, жұмақпен сүйіншіленген Хадишаның өнегесін кез келген мұсылман әйел үлгі етуге тырысады.

Фатима

Фатима араб тілінен аударғанда "омырау сүтінен айырған қыз, өсіп қалған қыз" деген мағынаны білдіреді. Қазақша өзгерген түрі — Батима. Фатима есімін қойған қыздар өте сезімтал, мейірімді болады.

Мұхаммед Пайғамбар мен жұбайы Хадишаның көзінің нұры, жүрегінің бөлшегі саналған төртінші қызының есімі Фатима болған.

Құран кітабы
Құран кітабындағы аяттар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Айша

Айша — мұсылман елдерінде танымал есімдердің бірі, өйткені бұл Мұхаммед пайғамбардың әйелінің есімі. Күллі мұсылман қауымы хазіреті Айшаны жақсы көреді. Айша есімі кей елдерде Аиша деп те жазылады. Мысалы Америка Құрама Штаттарында Аиша деген есім жиі қойылады.

Бұл атау араб тілінен шыққан. Айша есімі "өмір", "тірі", "жігерлі" дегенді білдіреді. Айша есімінің айтылуының бірнеше нұсқасы бар. Мысалы қазақ халқында Айша болса, өзбек, тәжік халықтары "Ойша", әзербайжандар "Айшан" деп атайды.

Әдетте есімі Айша деп қойылған қыз балалар өте ұстамды әрі ұқыпты болып келеді. Ішкі дүниесі көздеген мақсатына жетелейді. Олар түйсік пен шығармашылық қабілетінің арқасында жұмысын тиянақты, шебер ұйымдастырады және ешқашан артқа қарамайды.

Әсия

Әсия есімінің мағынасы парсы тілінде "диірмен тасы" дегенді білдірсе, араб тілінде "тіреу", "сүйеніш" (емші әйел) деген мағыналарға саяды. Бұл есімді грек тілінен шыққан дейтіндер де бар.

Өзін Құдай санаған Перғауынның әйелінің есімі де Әсия болған. Ол туралы таңғажайып оқиғалар мен деректер де бар.

Асыл

Қазақ халқында ең жақсы көретін жанды асылға бағалайды. Асыл есімінің негізі араб тілінен алынған "әсил" сөзімен байланысты болса керек. Бұл сөз негіз, түбір, түпнұсқа, шынайы, нағыз, қымбатты, ардақты деген мағынада айтылады.

Бүгінгі күні кішкентай қыз балалар арасында Асылым деген есім көп кездеседі.

Әйгерім

Әйгерім — "Әй" жане "Керім" сөздерінің бірігуінен шыққан есім. Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясында осы есімнің қойылу тарихы баяндалады. Абай алғаш Шүкіман деген сұлу қызды көргенде оның нұрлы һәм сұлу көркіне тамсанады. Қыздың асқан көркі мен сұлулығына, әдепті жүріс-тұрысына қызығып, "Әй, керім, әй, керім" деп танданған соң Әйгерім аталып кеткен.

Қыз бала
Гүлдер арасында тұрған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Әлия

Әлия — араб тілінен алынған есім. Мағынасы құнды, бағасы артық, биік, жоғары, қымбатты, сүйікті, мәртебелі, көрікті қыз дегенді білдіреді. Қазақ тілінде Ғалия, Қалия деп те атайды.

Ел ішінде бұл есімді қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ерлігін үлгі етіп қоятын жандар бар.

Айнұр

"Айнұр" — "ай" және және "нұр" (нұр, сәуле) сөздерінің бірігуінен шыққан есім. Сөзбе-сөз аударғанда "Айдың нұры", ал поэтикалық мағынада "Ай жүзді" дегенді білдіреді.

Бұл есімді "әдемі", "нәзік" деген сөздермен де байланыстырады, өйткені түркі халықтарында ай ежелден әйел сұлулығының және әйелдік қасиеттердің көрінісі болып саналған. Әдетте есімі Айнұр деп қойылған қыздар табиғатынан мейірімді болып келеді, әділдікті жаны сүйеді. Бұл есім қазақ, қырғыз, түрік, татар елдерінің қыздарына қойылады.

Қазақ халқында қыз балаға қойылатын әдемі есім көп. Ең бастысы есімнің мағыналы әрі ұлттық болмысты айқындап тұрғаны маңызды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2086358-qyz-balaga-qoyuga-bolatyn-10-esim-tagdyr-men-esimnin-qandai-bailanysy-bar/

pixel