Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Токсик ата-ана қандай болады және олар баласының болашағына қалай әсер етеді

Опубликовано:

Ата-анасынан қорқып тұрған қыз
Ата-анасынан қорқып тұрған қыз. Көрнекі фото: pixabay.com

Соңғы кезде балалар психологиясында "токсик ата-ана" деген термин кеңінен қолданыла бастады. Сонымен токсик ата-ана қандай болады? Ондай ата-аналар бала психологиясына қалай әсер етеді? Осы жайлы психолог Дарья Донинаның айтқан пікірлері мен салалық басылымдарда жарық көрген тұжырымдарды талдап көрейік.

Токсик ата-ананың белгілері

Токсик дегеніміз – психологияда бір адамның мінез-құлқы немесе сөзі екінші бір адамға зиян келтіруі. "Бұл бақылау, басқалардың қажеттіліктерін елемеу, айла-шарғы жасау болуы мүмкін" деп түсіндіреді психолог Дарья Донина NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзивті сұқбатында. Тіпті ересекердің өзі токсик ортаға көндіге алмайды, ал токсик ата-аналардың балалары өмір бойы осыдан зардап шегумен болады.

Токсик ата-ананы қандай белгілерге қарап анықтауға болады? Дарья Донина токсик ата-анаға тән мынандай белгілерді бөліп қарастырады:

Мұндай ата-аналар – баланы сөзімен, іс-әрекетімен ренжітетін, сонымен қатар оның сезімін, мұң-мұқтажын елемей, тұлға ретінде қадірін кетіретін ата-аналар.

Манипуляция мен елемеуді көрсететін токсик сөздер мынадай болуы мүмкін:

  • "Шешеңнің ауырып тұрғанын көріп тұрып, неге бұлай істейсің?";
  • "Айтқанымды істеуің керек!";
  • "Рақметің жоқ екен! Қаншама түн көз ілген жоқпын, сонда да үйленгелі жатырсың ба?".
Кейіп тұрған әйел
Кейіп тұрған әйел. Көрнекі фото: pixabay.com

Токсик қатынас мынандай жағдайлардан көрінеді:

  • Токсик адамдар бақыланбайтын эмоцияларын (ашу, агрессия, түңілу) балаларға бағыттайды, оларға айғайлайды, қорлайды. Мысалы, жұмыста бастығымен жанжалдасып қалса, оған айғайлай алмайды. Мұндайда токсик ата-ана үйіне келіп, ашуын еш кінәсі жоқ баласына шығарады, деп жазады психотерапевт Сюзан Форвард "Токсик ата-аналар" кітабында.
  • Балалардан эмоциялық немесе физикалық қажеттіліктеріне қамқорлық жасауды талап етеді. Мысалы, анасы қонақтарға ұлының пионинаны қалай тартатынын көрсеткісі келеді. Мұндайда бала ұялуы, ренжуі, ол үшін бұл нағыз азап болуы мүмкін. Алайда анасы оның жағдайына қарамастан, қонақтарды және өзін қуантуды талап етеді.
  • Баланың шекарасын ескермейді: бөлмеге рұқсатсыз кіреді, заттарын ақтарады, жеке хат-хабарларын, күнделіктерін оқиды, тіпті онысын баласынан жасырмайды.
  • Баланы шартсыз жақсы көру дегенді білмейді, оны қандай да бір қылығы, істеген ісіне бола жақсы көреді, оны сезіммен бопсалайды: "Сабағыңды жаман оқысаң, мен сені жақсы көрмей қоям", "Неге олай істейсің? Маған ондай баланың керегі жоқ".
  • Балаға өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік бермейді: кіммен дос болатынын, не киетінін, қандай үйірмелерге жазылатынын, қайда оқуға түсетінін өзі шешіп береді.
  • Үнемі сынап отырады, жеткен жетістіктерін мақтамайды. Бұл бір қарағанда қамқорлық болып көрінуі мүмкін бүркемелі сын болуы мүмкін, ол баланың жанын жаралайды. Бұған Сюзан Форвард "Уайымдама, сен әрдайым менің кішкентай дарынсыз балам болып қаласың" деген мысалды келтіреді.
  • Баланы өзіне үйір болуға рұқсат бермей жазалайды: "Кетші әрі, сен жаман баласың".
  • Баланы эмоциялық, физикалық, жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыратады.
Қоршауға асылып тұрған бала
Қоршауға асылып тұрған бала. Көрнекі фото: pixabay.com

Әдетте токсик ата-аналар өзінің токсик екенін түсінбейді. Түсінген күннің өзінде, өз бетінше күресу қиынға соғады. Мысалы, есерсоқ ата-аналар болады, ондай ата-ананы баланың сезімі, қалауы мен қажеттіліктері алаңдатпайды, деп түсіндіреді қарым-қатынас маманы Дарья Донина:

Менің тәжірибемде "Балам мен қалағандай бала емес. Оны жөнге салып беріңізші!!" деп келетін ана-аналар кездеседі. Мұндай жағдайда негізінде баласы екеуінің қарым-қатынасына анасы теріс әсер етіп жүр.

Бала ата-анасы токсик екенін түсіне алмайды. Ол ересек адамға қарсы тұра алмайды, әрдайым ата-анасының көңілінен шығуға, шатасып кеткен әлемінде өзін қауіпсіз сезінуі үшін ата-анасы қалағандай бала болуға тырысады, деп түсіндіреді психотерапевт Андреа Мэтьюс.

Токсик ата-ананың жанында бала өзін қалай сезінеді

Токсик ата-ананың жанында өмір сүру үшін бала өзділік сезімін жоғалтады, сондықтан ол үнемі алаңдап, торығып жүреді. Оның бақытты балалық шағы болмайды, өзін-өзі бағалауы төмен, сенімсіз, пессимист болады, әлеуметтік бейімделуі нашар болады. Бұл проблемалар ол есейгенде де алдынан шығады.

Токсик ата-аналардың ересек балаларының көбі өмірлік мәселелері ата-анасымен байланысты екенін мойындай бермейді. Бұл эмоциялық жағынан "соқыр нүкте", деп түсіндіреді Сьюзан Форвард. Көп адамға ата-анасымен қарым-қатынас өміріне қатты әсер ететінін мойындау қиынға соғып жатады. Керісінше, олар ата-анасы керемет екенін жиі айтады немесе мәселенің неден туғанын түсінген болса да, үндемей, тістеніп жүреді.

Осы мәселені бала есейгенде түсінсе не істеуі керек? Балалық шақта токсик ата-анадан безіп кету мүмкін емес, дегенмен психологтардың мына бір кеңестерін іске асырып көруге болады:

  • Ондайда адам жүрекке қаяу салған сәттерді ұмытуға тырысып, мәселені жоққа шағармауы, мәселеге ішкі бала көзімен қарап көруі керек.
  • Ата-ананың мұндай қылығына баласы кінәлі емес екенін түсінуі керек. Жағдайға бөгде бақылаушы ретінде қарап көріңіз, деп кеңес береді Дарья Донина. Соныі өзінде адам өз бетінше абстракттана алмаса, психологқа жүгінуі керек.
  • Ата-анасының әрекеттерін ақтап алуға тырысудың қажеті жоқ. "Маған әкем анам ренжіткені үшін, анамнан сөз естігені үшін айғайлады" немесе "Анам бақытсыз болғандықтан, маған көңіл бөлген жоқ". Бұлайша қабылдауға болмайтын нәрсені қабылдарлық ете алмайды. Адам балалық шағындағы сезімдері мен эмоциясына сүйенуі керек.
  • Адам жеке шекарасын белгілеп, соны қорғай білуі керек, ата-анасына өміріне шамадан тыс араласуына және манипуляциялауға тыйым салуы керек.
  • Ата-анасының көңілінен шығуға тырыса бермеуі керек, өйткені ол мүмкін емес. Әр адамның өз өмірі бар, сондықтан ол көңіліне жағатын дүниемен айналысуына құқылы, деп түсіндіреді психотерапевт Шэрон Мартин.
  • Егер ата-анасымен сөйлесу көңілін жаралап, түңілте берсе, оны барынша азайтуы керек. Ата-анасы айтқан сөздің бәріне эмоциямен жауап қатуға тырыспауы керек. Кемсіткен сайын жағдайды өз қолына алып,эмоцияға емес, дәйекке сүйенуі керек.

Балалар, жасөспірімдер мен ересек балалар көбінде ата-анасы өзгереді және өзара қарым-қатынас жақсарады деп үміттенеді. Психолог Дарья Донина мұндай ойдан арылуға кеңес береді:

Ата-ананы өзгертемін деп үміттенудің қажеті жоқ. Егер адамның өзі өзгеруге дайын болмаса, сіз оны өзгерте алмайсыз. Сіздің міндетіңіз – өткен шақтағы психологиялық жарақаттарды үзіп, қазіргі бақытты сәтпен өмір сүру.
ойыншық ұстаған қыз бала
Қыз бала. Көрнекі фото: fizkes/Getty Images

Токсик ата-ана сөзімен, ісімен баласының жанына жара салып жүргенін ұғына білуі керек. Қоғамға жаны жаралы, бақытсыз адамдар емес, жан жарасынан арылған бақытты адамдар керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2087711-toksik-ata-ana-qandai-bolady-zane-olar-balasynyn-bolasagyna-qalai-aser-etedi/

pixel