Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұл баланы 40 күнге жеткізбей, қыз баланы 40 күннен асырып қырқынан шығарады: мәні неде

Опубликовано:

Нәресте
Нәресте. Көрнекі фото: pixabay.com

Баланы қырқынан шығару – өзіндік жөн-жоралғысы, философиялық астары бар дәстүр. Жаңа босанған ана мен жаңа туған сәби үшін қырық күн қауіпті кезең саналады. Дана қазақ осы уақыт аралығында анаға да, балаға да ерекше күтім керек екенін жақсы білген. Ал қырық күн толғанда түрлі ырымын жасап, баланы қырық суынан шығарған. Бір қызығы, ұл баланы қырқынан қырық күнге толтырмай, ал қыз баланы қырық күннен асырып шығарады. Мұның мәні неде? Қырық бір күнде қырқынан шыққан қыздың қалың малы көп болады деген рас па?

Баланы қырқынан шығару дәстүрінің мәні неде?

"Баланы қырқынан шығару – қазақ халқының бала тәрбиесіндегі әрі адамның өмір сүру, тіршілік циклындағы ең  маңызды дәстүрлердің бірі. Себебі сәбидің дүниеге келгенінен бастап қырық күнге дейінгі кезеңді баланы "ит жанды" ретінде көрсетіп, қалай болғанда да "өтпелі кезеңді" бастан өткерді деп түсініп, соның негізінде оны 40 күнде қырқынан шығарып отырған. Бұл кезеңде баланы "ит жанды" кезеңінен өтті, бауырын көтеріп, мойнын тіктеді деп қырқынан шығару рәсімін жасаған", - дейді тарих ғылымдарының докторы Зылиха Ибадуллаева қырқынан шығару дәстүрінің мәні мен маңызы туралы.

Жазушы Зейнеп Ахметованың айтуынша, қырқынан шықпаған бала жердің баласы емес деп есептелген.

"Анықтап қарасаңыз, қырқынан шықпаған баланың көзі біртүрлі тұманданып әрі қайда қарап тұрғаны белгісіз секілді, көзін аударып-төңкеріп тұрады. Ал қырқынан шығарған соң оның көзі жылтырап, кәдімгідей жан-жағына көз тоқтатып қарайды, көзінде от пайда болады. Қазақ қырқынан шықпаған баланы ешқайда шығармаған. Адам дүниеден өткенде де қырқын береді. "Ғайып ерен, қырық шілтен", "қырық жетіні" қырқа матап бердім" деген сөздер де тілімізде кездеседі, яғни қырық санының біздің өмірімізде алар орны ерекше болғандығын осындай мысалдардан білеміз", - деп жазады Зейнеп Ахметова.

Нәресте
Нәресте. Көрнекі фото: pixabay.com

Ал этнограф Болат Бопайұлы қырқынан шығару дәстүрі өте ерте заманнан бастау алатынын айтады.

"Жалпы алғанда, баланы қырқынан шығарудың керемет ғылыми және философиялық танымы бар. Жаңа туған баланың мойны 40 күнде бекиді, еңбегі 40 күнде қатаяды. 40 күнде бала толық қара құлақтанады. Бала туған үйге түнде таң атқанша 40 күн шырақ жағып қояды. Ол бір жағы қауіп-қатерден сақтаса, енді бір жағы өмір бойы жарығы сөнбесін деген ырым. "Оттай маздап өссін" деген жақсы ырымы. Босанған ананың да белі 40 күнде қалпына келеді, 40 күнде толық қол-аяғын бауырына алады. Қалжа жеп қалжырағаны басылады. Қазақ осындай ерекшеліктерді ескере отырып баланы қырқынан шығару деген өте тамаша, керемет маңызы бар дәстүр-салтты жасаған", - дейді ол.

Айта кетерлігі, аналарымыз күні бүгінге дейін жас босанған ананы ерекше күтімге алады. Ауыр көтертпейді, қолын суық суға салғызбайды, үп еткен желден қорғап, суық тиіп қалудан сақтайды, сорпалайды, терлетеді, шашы түсіп қалмасын деп тастай етіп өріп қояды, тілден, көзден сақтау үшін баланы да, анады да көпшілікке көрсете бермейді.

Қазақ дәстүрі
Көрнекі сурет: baribar.kz

Ал баланы бірінші күні шілде суына, сонан соң күн сайын тұзды суға, сабынды суға алма-кезек шомылдырып, денесін уқалап, қырық күн бойы күтімілдейді.

"Бала өміріндегі кез келген қуаныштың өз орны бар. Қарап отырсақ, бала мазасызданып жыласа, дұрыс ұйықтамаса үлкендер жағы "бала қырқын күтіп жүр" деп жатады. Шынында да, Құдайдың құдіретіне шек жоқ, жаңағыдай мазасыз жылаңқы баланы барлық жөн-жоралғысымен қырқынан шығарса, жылауы тоқтап, тынышталады", - деп жазады Ақмарал Қадырханқызы.

Неге ұл баланы қырық күнге жеткізбей, қыз баланы қырық күннен асырып қырқынан шығарады?

Қазақта ұл баланы қырық күнге жеткізбей, 37, 39 күнде, ал қыз баланы қырық күннен асырып, 41 күнде қырқынан шығаратын дәстүр қалыптасқан. Бұл дәстүрдің мәні "Ақмешіт апталығы" басылымында жарық көрген мақалада былай түсіндіріледі:

"Негізі ұл баланы қырық күнге жеткізбей, ал қыз баланы міндетті түрде қырық күн толтырып барып, қырқынан шығарады. "Қыздың қырық шырағы бар" деген сөз осыдан қалса керек. Жалпы ұл мен қыздың дене бітімі екі түрлі. Ер мен әйел адамның күш-қуатында, жаратылысында, дене құрылысында өздері­не тән ерекшеліктері бар. Қыз баланың болмы­сы нәзік, ал ұлдар төзімді, қайсар келеді. Сондықтан ұл баланы қырық күнге жеткізбей шығара береді".

Ал "Қазақ ырымдары" жинағында бұл ырым қалың малмен байланыстырылады.

"Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, 37-39 күнде, ал қыз баланы қырық күннен асырып, 42-44 күнде қырқынан шығарады. Бұл – ұл баланың қалыңдығына төлейтін қалың малы аз болсын, қыздың қалың малы көп болсын деген ырым", - деп түсіндіреді жинақ авторы.

Баланы қырқынан шығаратын күні қандай ырымдар жасалады?

Сәбиді қырқынан жасы үлкен, құрметті әрі сыйлы үш әйел адам шығарады. Болат Бопайұлыны айтуынша, жаңа туған сәбиді 40 күн толғанда ауыл аналары жиналып, бір ақсарбас еркек тоқтыны тойға арнап шалып, мол дастархан жаяды.

"Алдымен күміс тегене немесе ағаш, болмаса сырлы тегенеге күміс жүзік, білезік, сырға, алқа сынды зергерлік бұйымдар салып, оның үстіне 40 әйел 40 қасық су құяды. Әр әйел суды ыдысқа құяр бұрын дауыстап үш жақсы тілек айтады. Мысалы, "Өмірлі бол", "Өнерлі бол", "Өркенді бол" деген тәрізді. 40 ананың балаға арнап айтқан тілегін аяқтап, баланы жуындыратындай болғанда, баланың кіндік анасы баланы сол сумен толық шомылдырады. Су баланың барлық денесіне жұғуы керек. Толық жуылмаса, кейін балаға шілде қотыр шыққыш болып қалады деп сенген", - дейді Болат Бопайұлы.

Баланы қырқынан шығару сәті
Баланы қырқынан шығару сәті. Фото: zhalagash-zharshysy.kz

Баланың қырқынан шығару ырымын жасағанда, үбірлі-шүбірілі қарт әже қырық қасық суды баланың үстіне құйып тұрып: "Отыз омыртқаң жылдам бекісін, қырық қабырғаң жылдам қатсын!" деп тілек айтады.

Баланы қырқынан шығарар алдында оның 40 күн киген "ит жейдесін" шешу рәсімін де өткізеді. Ол жейдеге тәттілер, құрт, ірімшік түйіп, бір жуас иттің мойнына байлап қоя береді.

"Ол итті балалар қуып жүріп ұстап алып, әлгі иттен жейдені шешіп алып, ішіндегі дәндерді бөлісіп жейді. Сосын итжейдені үлкендерге әкеліп береді. Ол жейдені сол ауылда бала көтере алмай жүрген жас келін болса, соған береді. Ол жейдені 40 күн басына жастап жатса, бала көтереді деп ырым етеді. Ал ондай жағдай жоқ болса, итжейдені баланың әкесі таза сандыққа салып сақтайды, алыс сапар алғанда, жорыққа шыққанда, аң аулағанда, дауға, жауға барғанда тұмар етіп, оң жақ қолтығына тығып алып жүреді, "сол кезде жолым болады" деп сенген. 40 күн періште күзеткен жейде киелі деп ырымдайды", - дейді этнограф.

Баланың ит жейдесін далаға тастамайды, біреуге бермейді. Себебі, нәрестенің бақыты сол жейдені киген күннен басталады, сол жейде сол бақытты сақтайды деп жориды.

Этнограф Зылиха Ибадуллаева қырқынан шығарарда қырық қасық су құйылған ыдысқа неге күміс сақина жүзіктер салынатынын былай түсіндіреді: "Күміс адалдықтың, тазалықтың символы саналған. Сондықтан күмістей жарық болсын әрі таза, адал болсын деген ниетпен күміс сақина, жүзіктер салынатын болған".

Күміс тиындар
Күміс тиындар. Фото: megapolisnews.kz

Баланың қарын шашын адам аяғы баспайтын жерге көміп тастайды. Өйтпесе, бала бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім болған.

"Баланың қарын шашын алған соң, тастай салмай, сақтап қояды. Бала қырқынан шыққанша, жеті ай толғанша әлсіз болады. Сондықтан бір тал шашын тастамай, сақтау керек деп біледі" делінген "Қазақ ырымдары" жинағында.

Сондай-ақ қырқынан шығаруға жиналған әйелдердің біріне баланың сүт тырнағын алу міндеті жүктеледі. Осы ырымдар жасалып болған соң нәрестені бесігіне бөлеп, ұйықтады. Ал ырымын жасаған қарт аналар мен келіншектерге сәбидің әжесі сый-сияпатын үлестіреді, арты кішігірім тойға ұласады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2088668-ul-balany-40-kunge-zhetkizbei-qyz-balany-40-kunnen-asyryp-qyrqynan-shygarady-mani-nede/

pixel