Қамыр ішінде піскен картоп пен ет: Анаргүл Құдайбергеновадан ерекше кешкі ас рецебі
Жарияланған күні:
Қамыр ішінде піскен картоп пен ет - жақындарыңыздың ең сүйікті тағамдарының біріне айналуы мүмкін. Үй жағдайында оңай даярланатын бас тағам рецебімен бүгінгі материалда таныс бола аласыздар.
Жақындарыңызды ерекше кешкі аспен таң қалдырғыңыз келе ме? Ендеше қамыр ішінде пісірілетін ет пен картоп рецебіне назар аударыңыздар. Анаргүл Құдайбергенова ұсынған ерекше рецептте аталған тағамды қалай оңай әрі тез жасауға болатыны айтылады.
Сипаттамасы
Асхана: Славян елдері
Санаты: басты тағам
Дайындалу уақыты: 30 минут
Дайын болу уақыты: 35-40 минут
Құрамы
Ұн - 500 гр
Су - 220 мл
Тұз - 1 шай қасық
Сары май - 60 гр
Қопсытқыш - 0,5 шай қасық
Салмасы:
Ет - 300 гр
Картоп - 2 дана
Пияз - 2 дана
Қызанақ - 1 дана
Сұйық май - 80 гр
Тұз, қара бұрыш - дәміне қарай
Дайындалуы
1. Қамыр илейміз
Бөлме температурасындағы суға ерітілген сары май, бір шай қасық тұзды салып, араластырамыз. Сосын жарты шай қасық қопсытқышты ұнға салып, араластырып, ұнның ортасын ашамыз. Оған сары май қосылған суды қосып, қаттылығы орташа қамыр илейміз.
2. Қамырды тындырамыз
Қамырды 20 минутқа тындырамыз. Сосын төрт бөлікке бөліп, тағы да иін қандырып илеп, 5-6 минутқа тындыруға қоямыз.
3. Cалмасын дайындаймыз
Етті орташа көлемде, төртбұрыш етіп турап аламыз. Оған ұсақтап туралған пияз, картоп, қызанақты салып, үстінен сұйық май қосамыз. Үйіңізде құйрық май болса, өсімдік майының орнына құйрық майды қоссаңыз болады. Сосын дәміне қарай тұз, қара бұрыш және кориандр қосамыз. Барлығын жақсылап араластырамыз.
4. Қамырды жаямыз
Тынып тұрған қамырды алып, екі тең бөлікке бөлеміз. Әр бөлікті тағы да теңдей етіп бөлеміз. Әр бөлікті дөңгелетіп жаямыз. Қамырға пішін беру үшін, әр дөңгелекті пиалаға саламыз. Ортасына салмасын саламыз. Сосын қамырдың бетін, әдемілеп түйеміз. Сосын пиаланы төңкеріп, қамырды безендіруге кірісеміз.
5. Қамырды безендіріп, пісіреміз
Қамырдың артылған бөлігімен бетін қақпақ тәрізді етіп безендіреміз. Дайын болған соң протвеньге пергамент қағазын төсеп, тағамды орналастырамыз. Сосын 180 градуста бір сағат бойы пісіреміз. Дайын тағамды дастарханға ұсынамыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2091911-qamyr-ishinde-pisken-kartop-pen-et-anargul-qudaibergenovadan-erekshe-keshki-as-retsebi/