Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бөгелек шақса не істеу керек және ол неге қауіпті

Опубликовано:

Бөгелек
Бөгелек. Көрнекі фото: pixabay.com

Бөгелек шаққан жер ісіп, қышиды, ашиды. Кей адамдар бұл жәндіктің уынан ажал құшуы мүмкін. Бүгін WebMD және Healthline медициналық басылымдарында жарық көрген бөгелек туралы кеңестерді ұсынуды жөн көрдік.

Жазда адамдарды түрлі жәндік шағуы мүмкін. Бөгелек сондай жәндік түріне жатады. Оның шағуы адамға көптеген қолайсыздық тудырып, тіпті соңы өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.

Бөгелектің уы несімен қауіпті?

Бөгелек – бұл кәдімгі сонаға ұқсайтын, бірақ одан 2-3 есе үлкен жәндік. Көбінде түскен жапырақтар, шірік жемістер мен жидектер жиналатын жерлерде кездеседі. Бұл жарғаққанаттылар ұясын жерге, қуыстарға, ағаш діңдеріне, шатырларға және шатырдың астына салады.

Әдетте бөгелектер өздігінен шақпайды, бірақ ұясын қорғайтын болса немесе адам жақындап келе жатқан жәндіктен қашқан кезде шабуылдайды. Бөгелектің шаққаны неге ұқсайды? Зақымдалған аймақ сопақ немесе дөңгелек ісікке ұқсайды, айналасы қызарады. Шағу белгілері сона немесе ара шаққандай әсер етеді: ашиды, ауырады және қышиді, кейде аздап қанайды.

Healthline медициналық басылымының мәліметі бойынша, бөгелек шаққан адамдардың 10 пайызында уға аллергиялық реакция береді. Оларда мынандай белгілер сезіледі:

  • температураның көтерілуі;
  • дененің қызаруы;
  • аяқ-қолдың ұюы;
  • қатты ауырсыну;
  • жөтел;
  • жүрек айнуы;
  • көп терлеу;
  • ауыз қуысының және көмейдің шырышты қабатының қатты ісінуі.
Ұшып бара жатқан бөгелектер
Бөгелек. Көрнекі фото: pixabay.com

Ауыр жағдайларда бөгелек шаққан адам есін есінен тануы, тыныс алмауы, тіпті жүрегі тоқтап қалуы мүмкін. Доктор Бернард Пржибилла бастаған неміс ғалымдарының зерттеуі 1,2-3,5 пайыз жағдайда бөгелектің шабуылы анафилактикалық шок тудыратынын көрсеткен, дер кезінде қажетті көмек көрсетілмесе, соңы өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.

PubMed медициналық басылымы бөгелек шаққаннан кейін жәбірленушінің денесінің оң жағы ісінген, аяқ-қолы көпіршіктер пайда болған және рабдомиолиз дамыған (жасушалық деңгейде бұлшықет тінінің бұзылуы) жағдай туралы хабарлайды. Салдарынан ол адам жеті күн ауруханада жатып шыққан.

Бөгелек шаққаны несімен қауіпті? Бөгелектің қаупі мынада – олар бір сәтте жәбірленушінің денесіне 2 мг-ға дейін у енгізе алады, бұл күйік тудырады. Бұл ара мен сонаның шағуынан шамамен 10 есе көп. Бұл жәндіктер соналар сияқты шабуылдан кейін бізгегін қалдырмайды және қатарынан бірнеше рет шағуы мүмкін. Адам олардың ұясына байқаусызда зақым келтірсе, бөгелек үйір болып шабуылдауы мүмкін.

Бөгелек шаққан адамға қалай көмек көрсету керек?

Бөгелек шағып алса не істеу керек? Зардап шеккен адамға көмектесу үшін WebMD медициналық басылымы мына ережелерді сақтауды ұсынады:

  • Зардап шеккен аймақты дезинфекциялаңыз. Тері аймағын спиртпен, сабынды сумен немесе хлоргексидинмен сүртіңіз.
  • Теріні салқындатыңыз. Ашығаны басылғанша бөгелек шаққан аймаққа суық компресс немесе мұз басыңыз.
  • Қолды не аяқты шаққан болса, ісіктің тезірек кетуіне көмектесу үшін аяқ-қолды жоғары көтеріңіз.
  • Антигистаминді және ауырсынуды басатын дәрілер қабылдаңыз, шаққан жерге антиаллергиялық немесе кортикостероидты жақпа май немесе крем жағыңыз.
  • Тыныштық сақтап, көбірек сұйықтық ішіңіз.

Бөгелектер басқа жәндіктермен қоректенеді және адамдарға қауіпті бактериялар мен вирустарды тасымалдауы мүмкін, сондықтан соңғы вакцинациядан кейін 10 жылдан астам уақыт өтсе, жәндіктердің шағуынан кейін мүмкіндігінше тезірек сіреспеге қарсы вакцинация жасаңыз.

вакцина
Екпе салдырып отырған адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Зақымдалған аймақтағы теріні қасуға болмайды, өйткені бұл уды жылдам таратады және жараға инфекция кіргізуі мүмкін. Есіңізде болсын, алкоголь мен тыныштандыратын дәрілер удың әсерін күшейтеді.

Шағудың салдары 24 сағат ішінде сезілуі мүмкін, бірақ бөгелек шаққаннан кейін бір сағат ішінде жәбірленушінің жағдайын мұқият бақылаңыз: кей адамдарда бөгелек шаққаннан кейін анафилактикалық шок болады. Бұл жағдайда сіз дереу медициналық көмекке жүгінуіңіз керек, ал дәрігерлер келгенге дейін зардап шегушінің маңдайына суық басып, мұрынға тамыр тарылтқыш дәрілер тамызыңыз. Егер адам есінен танып қалса, оны бүйіріне жатқызып, сол қалпында жатуын қадағалаңыз. Егер жәбірленушінің тамыры соқпай тұрса немесе тыныс алмай жатқан болса, жүрек-өкпе реанимациясын жасау керек.

Егер бөгелек ауызды, мұрынды не мойынды шаққан болса және тыныс алуы қиындаса, басы айналса, тамағы ісіп кетсе немесе басқа да аллергиялық реакция белгілері болса, дәрігерлердің көмегіне жүгініңіз.

Бөгелектер әсіресе жылы мезгілде белсенді бола түседі. Олар өзіне қауіп төніп тұрғанын сезінсе, адамға шабуыл жасауы мүмкін. Әдетте, бөгелек шаққан адамға өздігінен көмектесуге болады, бірақ егер ауыр аллергиялық реакция байқалса, дәрігерден көмек сұрау керек.

Бөгелек
Бөгелек. Көрнекі фото: pixabay.com

Назар аударыңыз! Материал тек ақпараттандыру мақсатында жазылған. Дәрігерлермен кеңесіп алмастан, мұнда сипатталған емдеу әдістеріне жүгінуге кеңес бермейміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2097197-bogelek-shaqsa-ne-isteu-kerek-zhane-ol-nege-qauipti/