Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бөлмені кондиционерсіз қалай салқындатуға болады: нәтиже беретін 8 әдіс

Опубликовано:

Бөлме іші
Бөлме іші. Көрнекі фото: pixabay.com

Бөлмедегі қапырық жағымсыз әсер беріп, мазаны қашыратыны жасырын емес.Осы орайда үй шаруашылығы сарапшылары Нафиса Аллен, Роксанна Калдерон және Ли Валлендер үйдегі температураны кондиционерсіз-ақ реттеуге болатынын айтады. Сонымен үйді кондиционерсіз қалай салқындатуға болады?

Сарапшылар терезелерді күннен қорғап, жылы жамылғылар мен көрпелерді жинап тастауды, тұрмыстық техниканы пайдалануды шектеуді, LED шамдар орнатуды, суық су, мұз, желдеткіш пайдалануды, бөлмелерді желдетуді ұсынады.

Терезені қараңғылаңыз

Жаздың аптап ыстығында әсіресе, күн түсетін жақта тұратындар көбірек мазасызданады. Сәулелер әйнек арқылы еніп, терезелер мен үйдің ішін ысытады. Күн сәулелеріне тосқауыл жасау үшін:

  • терезелерге жарық өткізбейтін мата іліңіз; бұған блэкаут-перделер немесе қалың материал қолайлы.
  • Терезелерге қалың жалюзи орнатыңыз;
  • Әйнекке инфрақызыл сәулелерді шағылыстыратын және күн жылуы ағынын азайтатын арнайы қорғаныс пленкасын жабыстырыңыз.

Фольгадан жасалған уақытша жалюзиді пайдалануға да болады. Бірақ бұл бөлмедегі жарыққа кері әсер ететінін есте сақтаңыз.

Қалың маталардан тігілген жамылғылар мен көрпелерді жинап тастаңыз

Жылы жамылғылар жылуды сақтауға арналған, сондықтан жазда олардан аулақ болған дұрыс. Бөлмеңізді тексеріп, жылы көрпелерді жинап қойыңыз. Дивандағы үлпілдек жапқыштарды жеңіл флис жапқыштарға ауыстырыңыз. Мақта немесе зығырдан тігілген жаймалар да жазда салқынды ұстап тұрады. Мақта терморегуляциялық қасиеттерге ие, ылғалды тез сіңіреді және ұйықтауға ыңғайлы жағдай жасайды.

Едендегі төсегіштерге назар аударыңыз. Жазда кілемдер кір мен шаңды көбірек жинайды. Оларды мұқият тазалап, кептіріп, күн салқындағанша жинап қою керек. Жаздың аптап ыстығында салқын, төсеніші жоқ еденмен жалаң аяқ жүрген де ыстықтан қорғайды.

Терезедегі ауыр перделерді жеңіл перделерге ауыстырыңыз. Олар балконнан немесе ашық терезеден таза ауаның кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді.

Ауаны мұзбен салқындатыңыз

Жеке үйлерде күн тек қабырғаларды ғана емес, сонымен қатар шатырды да жылытады, ал бөлмелер адам төзгісіз қапырық болады. Мұндай жағдайда тоңазытқыш пен мұздатқыштың мүмкіндіктерін пайдаланған жөн.

Бөтелкелерге, қалташаларға және арнайы ыдыстарға суы құйып, мұздатқышқа қатырып қойыңыз. Ол қатты ыстық және қапырық болған кезде, қатқан мұзды стақан, ваза, табақ сияқты ыдыстарға салып, үйдің әр жеріне қойып тастаңыз. Мұз еріген сайын ауа температурасын төмендетіп, қапырықты басуға көмектеседі.

Мұз
Мұз. Көрнекі фото: pixabay.com

Үй шаруашылығы бойынша сарапшы Ли Валлендер мұз кесектерін немесе мұз қатырылған бөтелкелерді желдеткіштің алдына қоюды ұсынады. Ауа бірден тазарады. Суық тиіп қалмас желдеткішті басқа жаққа бағыттап қойыңыз.

Тұрмыстық техниканы сирек пайдалануға тырысыңыз

Үй гаджеттері қосылып тұрған кезде қызып, көп жылу шығарады. Бөлме тым ысып кеткен кезде, теледидарды, үтікті немесе компьютерді пайдалану уақытын азайтыңыз. Егер олар жатын бөлмеде болса, оларды ұйықтар алдында кем дегенде екі сағат бұрын өшіріңіз. Жуынатын бөлмедегі орамал кептіргішті өшіріп, ыстық су шұрасын бекітіңіз.

Үй шаруашылығы бойынша сарапшы Роксанна Кальдерон ас үй құрылғыларын пайдалану уақытын шектеуге кеңес береді. Духовка мен плитада тамақ пісірмеуге тырысыңыз. Тамақ жылыту үшін даладағы грильді пайдаланыңыз немесе салқын тағамдарға арналған рецепттерді таңдаңыз. Плитада тамақ пісірген кезінде сорғышты қосыңыз.

LED шамдар орнатыңыз

Қыздыру шамдары жарық шығаруға энергиясының тек 10 пайызын, ал жылу шығару үшін 90 пайызын жұмсайды. Қыздыру шамы токтың жылу әсерін пайдаланады және оны шағын қыздыру құрылғысына айналдырады. Егер үйіңізде осындай шамдар болса, оларды ыстық күндері қолданбағаныңыз жөн.

Ыстық күні бөлмені қалай салқындату керек? Ескі шамдарды мүмкіндігінше тезірек жарық диодты шамдарға (LED) ауыстыруға тырысыңыз. Қыздыру шамдары 180-220 °C-қа дейін қызады, ал жарықдиодты шамдар 50 °C-қа дейін қызады. Шамдарды ауыстыру үйіңізді салқындатып қана қоймайды, бұған қоса энергия шығындарын айтарлықтай азайтады. Бөлмеден шыққан кезде жарықты сөндіруді ұмытпаңыз.

Желдеткішті пайдаланыңыз

Желдеткіштің қалақшалары бөлме ішінде ауа ағындарын жасай алады. Ауа тым ыстық болса, желдеткіштің қалқаншаларын ашық тұрған терезеге немесе балконға қаратып қойыңыз. Құрылғы қызған ауаны сорып, салқын ауа шығарады.

Жатын бөлме
Жатын бөлме. Көрнекі фото: pixabay.com

Желдеткішті бөлменің көлеміне қарай таңдаңыз. Үлкен бөлмелерде ауа салқындатқышты төбеге орнатыңыз. Үй шаруашылығы бойынша сарапшы Нафиса Аллен ыстық ауаны жоғары қарай тартуы үшін төбеге арналған желдеткішті сағат тіліне қарсы айналатындай етіп орнатуды ұсынады. Үстелде жұмыс істеу үшін желдеткіштің үстел үстінде тұратын үлгісін пайдаланыңыз.

Бөлмедегі ылғалды арттырыңыз

Ыстық кезде ауа тек ыстық емес, сонымен қатар құрғақ болады. Көшеден келетін ыстық ауа ағынын тоқтату үшін терезедегі масадан қорғайтын торға немесе пердеге сағат сайын су бүріккішпен су шашып тұрыңыз. Ашық тұрған терезеге суға матырылған жеңіл мата еліп қоюға болады. Сырттан соққан жел соның әсерінен сәл салқындайды.

Бөлмедегі температураны қалай төмендетуге болады? Жуынатын бөлмедегі ваннаға суық су толтырып, есікті ашық қалдырыңыз. Сонда пәтердегі ауа температурасы 2-6 °C төмендейді. Үй қатты ысып кеткен кезде еденге су шашып, жылы душ қабылдауға болады.

Таңертең және кешке бөлмелерді желдетіңіз

Күн қатты ысып кеткен кезде терезені ашып, үйді салқындата алмайсыз. Үйге ыстық ауа кіріп, температураны көтереді. Сондықтан таңертең ертемен бөлмені желдетіңіз немесе терезелерді түнде ашып қойыңыз.

Пәтерде балконға немесе лоджияға шығатын есіктерді ашып қойыңыз. Егер балкон жабық болса, онда терезелерді ашыңыз. Жәндіктердің кіруіне жол бермеу үшін барлық терезелерге тор құрып қойыңыз. Желдеткеннен кейін күндізгі күннен қорғану үшін терезені мықтап жауып, пердені жауып қойыңыз.

Терезе
Терезе. Көрнекі фото: pixabay.com

Жаздың қапырығында бағасы қалтаға салмақ салатын кондиционерсіз-ақ бөлмені салқындатып алуға болады. Ол үшін сарапшылар ұсынған осы әдістердің бірін пайдаланып көріңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2098556-bolmeni-konditsionersiz-qalai-salqyndatuga-bolady-natizhe-beretin-8-adis/