Баклажаннан рулет: Диана Есенбековадан дәмді тіскебасардың рецебі
Жарияланған күні:
Жаз мезгілі жақындаған сайын көкөністер мен жемістердің де дүкен сөрелерінен көптеп табылып, пісетін кезеңі жақындай түседі. Әсіресе, көктемнің соңғы айларында базардан баклажанды жиі кездестіресіз. Үй жағдайында аталған көкөністен қандай тіскебасар дайындауға болады? Диана Есенбекова жасалу жолы оңай әрі тойымды рулеттің рецебін ұсынады.
Баклажаннан рулет жасап, жақындарыңызды қуантыңыз. Аталған рулеттің дәмді әрі тез жасалатын рецебін фудблогер Диана Есенбекова ұсынады. Блогердің YouTube парақшасынан осы сынды көптеген тағамның рецебімен таныс бола аласыздар.
Сипаттамасы
Асхана: Азия
Санаты: тіскебасар
Дайындалу уақыты: 20 минут
Дайын болу уақыты: 10 минут
Құрамы
Баклажан - 2 дана
Майонез - мөлшеріне қарай
Тұз, қара бұрыш - дәміне қарай
Сарымсақ - 1 дана
Аскөк - қалауыңызша
Жұмыртқа - 3 дана
Сухарь ұнтағы - қалауыңызша
Салат жапырағы - қалауыңызша
Қызанақ - 2 дана
Ірімшікті сыр - қалауыңызша
Бальзамикалық соус - көлеміне қарай
Дайындалуы
1. Баклажанды турап, тұздаймыз
Екі баклажанды жақсылап жуамыз. Кейін орташа қалыңдықта, видеодағыдай етіп тураймыз. Сосын бөлек ыдысқа су құйып, тұз саламыз. Осы суға баклажандарды салып, тұзы сіңгенше қоя тұрамыз.
2. Соус дайындаймыз
Рулеттің мөлшеріне қарай майонезді алып, оған үккіштен өткен сарымсақты қосамыз. Дәміне қарай тұз бен бұрыш қосамыз. Қалауыңызша аскөк қоссаңыз да болады.
3. Баклажанды жұмыртқа мен кепкен сухарь ұнтағында аунатып аламыз
Үш жұмыртқаны ыдысқа жарып, жақсылап араластырамыз. Баклажандарды жұмыртқада, сосын кепкен сухарь ұнтағында аунатып аламыз.
4. Баклажанды табада қуырамыз
Қызып тұрған табаға баклажанды салып, екі жағынан, қызарғанша қуырып аламыз.
5. Баклажанға салмасын саламыз
Баклажанды тақтайшаға жайып, ортасына алдымен соусты саламыз. Cосын шетіне салат жапырағын қоямыз. Сондай-ақ туралған қызанақты саламыз. Үстінен сұйық ірімшікті саламыз. Осылайша, рулет етіп орып шығамыз.
6. Рулетті бальзамикалық соуспен әсемдейміз
Рулетті бальзамикалық соуспен әсемдейміз. Осылайша, баклажаннан даярланатын рулеттер дайын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2104575-baklazhannan-rulet-diana-esenbekovadan-damdi-tiskebasardyng-retsebi/