Хит рецепт: Ақнұр Тілекқызынан картоп қосылған чебуректер рецебі
Жарияланған күні:
Чебуректерді әдетте ет қосып даярлайтыны баршаға аян. Алайда оның картоп қосылған нұсқасы да бар екен. Дәмі тіл үйіретін мұндай чебуректердің рецебімен бүгінгі материалда таныс бола аласыздар.
Чебурек - қырым татарларының ұлттық тағамдарының бірі. Әдетте етпен әзірленетін ұлттық тағамды, картоп және жасыл пияз қосып та дайындауға болады екен. Фудблогер Ақнұр Тілекқызы бүгін сіздерге осы рецептпен таныстыратын болады.
Сипаттамасы
Асхана: Қырым татарлары
Санаты: басты тағам
Дайындалу уақыты: 40 минут
Дайын болу уақыты: 5 минут
Құрамы
Ұн - 500 г
Cүт - 50 г
Өсімдік майы - 460 мл
Жасыл пияз - дәміне қарай
Картоп - 500 г
Тұз - дәміне қарай
Қара бұрыш - дәміне қарай
Су - 250 мл
82,5% сары май
Дайындалуы
1. Қамыр илейміз
Қайнаған суға үш ас қасық өсімдік майы, бір шай қасық тұзды саламыз. Ұнды бөлек ыдысқа електен өткізіп, дайындап аламыз. Ортасын ашып, суды құйып, қамыр илей бастаймыз. Дайын болған қамырды 15-20 минутқа тындырып қоямыз.
2. Салмасын дайындаймыз
Картоптың қабығын аршып, суға салып, қайнатамыз. Тұз қосамыз. Картоп піскен соң, суын төгіп, сүт, сары майды қосып, пюре жасаймыз. Жасыл пиязды ұсақтап турап, картопқа қосамыз. Салмасына дәміне қарай тұз бен қара бұрыш қосамыз. Барлығын жақсылап араластырамыз.
3. Чебуректерді түйеміз
Тындырылған қамырды алдымен бірнеше бөліктерге бөлеміз. Сосын әр бөлікті орташа қалыңдықта жаямыз. Ортасына салмасын салып, екі жақ шетін түйеміз.
4. Чебуректерді пісіреміз
Қазанға өсімдік майын құйып, қыздырамыз. Чебуректерді майға салып, екі жақ беті қызарғанша жақсылап қуырып аламыз. Осылайша картоп қосылған дәмді чебуректер дайын болып шығады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2107632-hit-retsept-aqnur-tilekqyzynan-kartop-qosylgan-cheburekter-retsebi/