Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дегеншар, таға, көкей: қазақ халқының ұмыт қалған туыстық атаулары

Опубликовано:

Ер адамдар амандасқалы тұр
Ұлттық киім киген ер адамдар. Көрнекі фото: egemen.kz

Ұлттық болмыстың айнымас көріністерінің бірі – әр халықтың өзіне тән туыстық атаулары. Халықтың басын біріктіріп, ұйыстыратын да туыстық байланыс ұғымы. Туыстық атаудың тағы бір мәні – алыс-жақынды ажыратып, әр адамды жасына, туыстық дәрежесіне қарай құрметтеп, қарым-қатынас орнатуда жатса керек.

Қазақта туыстық атаулар өзара сабақтас үш жұрт бойынша жіктеледі:

  • Біріншісі – әке жағынан туысатын өз жұрты. Әйелдер өз жұртын "төркін" деп атайды.
  • Екіншісі – шешесі жағынан туысатын нағашы жұрты.
  • Үшіншісі – әйелі не күйеуі жағынан туысатын қайын жұрты.

Осы орайда этнограф-жазушы Төрехан Майбас "Қазақ халқына тән туыстық атаулар" мақаласында жеті ата баба не баладан емес, атадан өрбитінін жазады:

  • Ата – баланың әкесінің әкесі.
  • Әже – әкенің қосағы, әкенің шешесі.
  • Баба – атаның әкесі.
  • Мама – бабаның қосағы.
  • Әке – атаның баласы.
  • Өгей әке – шешенің екінші рет тұрмысқа шыққандағы күйеуі.
  • Өкіл әке – жас келіннің түскен жеріндегі әке орнындағы қамқоршы ер адам.
  • Шеше – әкенің қосағы. Көбіне әке-шеше деп қосарланып айтылады.
Анасы баласының маңдайынан иіскеп тұр
Ана мен бала. Көрнекі фото: aikyn.kz
  • Өгей шеше – әкенің екінші рет үйленгеніндегі әйелі.
  • Өкіл шеше – жас келіннің түскен жеріндегі шеше орнындағы қамқоршы әйел адам.
  • Бала – әке-шешенің ұрпағы.
  • Аға – отбасындағы жасы үлкен ер бала.
  • Жеңге – ағаның әйелі.
  • Іні – отбасындағы жасы кіші ер бала.
  • Келін – інінің, баланың әйелі.
  • Апа – отбасындағы жасы үлкен қыз бала.
  • Әпке – келін әкелуші, бас құдағи орнындағы әйел адам.
  • Апатай – әкенің кенже қарындасы.
  • Қарындас – ер баламен бірге туған жасы кіші қыз бала.
  • Сіңілі – қыз баламен бірге туған жасы кіші қыз бала.
  • Еже – әкенің апасы.
  • Абысын – ағайынды ер адамдардың әйелдері.
  • Ажын – ағайынды ер адамдардың немере келіндері.
  • Ағайындылар – отбасындағы балалардың жалпы атауы.
  • Ағайын – бір атаның адамдары, сегізінші атаға дейінгі ағайындылар.
  • Жамағайын – жеті атадан асқаннан кейінгі ағайын, он бірінші атаға дейінгі ағайындылар.
  • Ағайынмен қыз алыспайтын қазақ жамағайынмен алысады.
  • Телі – әйелдің бірнеше еркектен көрген балалары.
  • Белі – еркектің бірнеше әйелден көрген балалары.
  • Бөле – апалы – сіңілілердің балалары.
  • Қарынбөле – ағайыннан тарайтын қыздардың балалары.
  • Төле – бөлелердің балалары.
  • Бөлен – ағалы-інілі адамдардың апалы-сіңілілерге үйленгендегі балалары.
  • Бажа – апалы-сіңілі қыздардың күйеулері.
  • Шама – бажалардың балалары.
  • Қайыната – ерлі-зайыптылардың әкелері.
  • Қайынене – ерлі-зайыптылардың шешелері.
Ене мен келін
Ене мен келін. Көрнекі фото: ernur.kz
  • Қайын ата мен қайын енені қысқартып ата-ене деп айтады.
  • Қайынаға – ерлі-зайыптылардың жасы үлкен ағалары.
  • Қайыніні – күйеуінің жасы кіші інілері.
  • Қайынапа – күйеуінің апалары.
  • Қайынсіңілі – күйеуінің қарындастары.
  • Қайынбике – әйелінің жасы үлкен апалары.
  • Балдыз – әйелінің жасы кіші бауырлары.
  • Жезде – апаның күйеуі.
  • Күйеу – бір атадан /ағайыннан / қыз алған адам.
  • Күйеубала – қарындас пен сіңілінің / қыздың / күйеуі.
  • Қайын жұрт – күйеудің қыз алған жұрты.
  • Құда – қыз алып, қыз беріскен отбасының отағасылары.
  • Құдағи – құдалардың әйелдері.
  • Құдабала – ерлі-зайыптылардың інілері.
  • Құдаша – ерлі-зайыптылардың қарындастары мен сіңілілері.
  • Тапа – құданың құдасы.
  • Бапа – құдағидың құдағиы.
  • Немере – ұлдың баласы.
  • Көке – немеренің әйелі, немере келін.
  • Шөбере – немеренің баласы.
  • Көкей – шөберенің әйелі, шөбере келін.
  • Шөпшек – шөберенің баласы.
  • Шөкей – шөпшектің әйелі, шөпшек келін.
  • Немене – шөпшектің баласы.
  • Жүрежат – немененің баласы.
  • Көрежат – жүрежаттың баласы.
  • Бұл ұрпақ жат болғанда көріп тұрып жат болады.
  • Туажат – көрежаттың баласы.
  • Нағашы – шешенің төркін жұрты.
  • Нағашы аға – шешенің ағасы.
  • Нағашы жеңге – нағашы аға мен нағашы інінің әйелдері.
  • Нағашы іні – шешенің інісі.
  • Нағашы апа – шешенің апасы.
  • Нағашы қарындас – нағашы ағаның қарындасы.
  • Нағашы жезде – нағашы апаның күйеуі.
  • Таға – нағашының баласы.
  • Тағай – тағаның баласы.
  • Таңай – тағайдың баласы.
  • Жанай – таңайдың баласы.
  • Қанай – жанайдың баласы.
  • Маңай – қанайдың баласы.
  • Жиен – қыздан туған балалар.
  • Жиеншар – жиеннің баласы.
  • Дегеншар – жиеншардың баласы.
  • Көгеншар – дегеншардың баласы.
  • Көбеңшар – көгеншардың баласы.
  • Тебеншар – көбеңшардың баласы.
  • Өлеңшар – тебеншардың баласы.

Этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы "Туыстық атаулар сыры" еңбегінде тек тану дәстүрін зерттеп, қазақ халқына ғана тән туыстық байланыстың, қарым-қатынас пен салт-дәстүрдің жөн-жосығы, оның әр адам өміріндегі орны мен қызметін баяндаған. Осы еңбектен қазіргі кезде ұмыт болып бара жатқан кейбір атаулардың анықтамасын ұсынғанды жөн көрдік:

  • Ағаеке (аға-əке), (ер) – келін өзін əкелуге (көбінесе бас құда) кұда болып барған адамды "ағаекем" деп қабылдайды жəне солай таниды. Оны басқа қайынағаларынан гөрі жақын тартып, өкпе-назы, өтініші, шаруасы болса соған айтады. Ағаекесі оны жерге қалдырмай тыңдап, қажетті жерінде қолдап, көмектесіп, сөзін сөйлеуге тиіс.
  • Өкіл әке (ер), өкіл шеше (әйел) – жас келін басқа жерге түскеннен кейін өз әке-шешесін сағынады, мұңаяды. Жанында бұрынғыдай жақын-жуық, достары да жоқ. Сондықтан барған (түскен) жерінде жас келінге өз әке-шешесі орнына жүретін өкіл әке, өкіл шеше белгіленеді. Оған сый-сияпат ұсынылады. Ол жас келінге өз қызындай қарап, қамқоршы болып, ақыл береді. Бұл дәстүр Қазақстанның оңтүстігінде кездеседі
  • Қолбала (әйел) – бұрынғы кездерде біреулер туыстық жақындығы жоқ жетім қыздарды асырап, тәрбиелеп өсірген, әртүрлі үй жұмысына пайдаланған. Оны қолбала деп атаған. Ол өсіп, бой жетіп, кәмілетке толған соң асыраушы адам өзінің інісіне, баласына әйелдікке әперген.
  • Қолқанат (бала) – алып кел, барып келге жараған 4-5 жасар сәбиді қолқанат дейді. Оның сол жұмысқа жарағанына үлкендер риза болып оларды қолқанатым деп сүйініп, қуанып отырады.
  • Тамыр (ер) – екі ұлттың өкілі немесе ер адамдар бір-бірімен дос, сыйлас болып, алыс-беріс жасаса, құрмет тұтса, мұны «тамыр» деп атайды. Олардың бір-біріне сенімі мен достығы өте берік болады.
  • Ілік, жекжат (ер, әйел) – туыстығы жоқ, бірақ кұданың құдасы, нағашысының бөлесі, жиеннің балдызы тағы сол сияқты басқа жанама туыстық қатысы бар адамдар арқылы жақындасатын адамдарды "ілік" деп атайды. Олар нағашы, жиен сияқты туыстық, жақындық құқықтарды талап ете алмайды.
Батагөй қария
Бата беріп отырған қария. Көрнекі сурет: time.kz

"Туыстық атауларда "туған" деген сөз жиі кездеседі. Бұл сөз тек туған, бірге туған туыстыққа ғана қолданылады. Мысалы, туған шеше, туған аға, туған нағашы, туған жиен тағы сол сияқты.

Бұдан кейінгі жақын туыстар немере аға, немере қарындас, немере іні, шөбере туыстар тағы сол сияқты. Егер немере туыс болса екінші атадан, шөбере туыс болса үшінші атадан қосылғаны. Бұлар жақын туыс, яғни халық тілімен айтқанда "ет жақын" деп аталады.

Құда, құданың жиені, нағашының құдалары тағы басқаша жақындығы бар іліктік жекжаттарға туған сөзі қолданылмайды. Мысалы, біреулер туған құда деп айтып жатады, бұл дұрыс емес, ең жақын құдалар жоғарыда айтылғандай "бауыздау" құдалар деп аталады", - деп жазады этнограф.

Қазақта ер адамдардың жасына сай да әртүрлі атаулар қалыптасқан. Мәселен, қазақ баланы жасына қарай нәресте, сәби, бөпе, балдырған, бүлдіршін деп атайды. Бірақ бұл атаулар қай кезде қолданылатынын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Осы орайда Massaget.kz сайтында ер балалардың жас шамасына қарай мынандай мәлімет келтіріліпті:

  • 1 жасқа дейін – шақалақ, нәресте;
  • 1 жастан 2 жасқа дейін қыз бала – бөпе, ұл бала – бөбек;
  • 2 жастан 3 жасқа дейін – бүлдіршін;
  • 3 жастан 5 жасқа дейін – балдырған;
  • 6 жастан 7 жасқа дейін – сәби;
  • 8 жастан 12 жасқа дейін – ойын баласы;
  • 13 жастан 15 жасқа дейін – ересек бала;
  • 16 жастан 19 жасқа дейін – бозбала;
  • 20 мен 30 жас аралығы – жас жігіт;
  • 30 бен 40 жас аралығы – дүр жігіт;
  • 40 пен 50 жас аралығы – ер түлегі;
  • 50 мен 60 жас аралығы – жігіт ағасы;
  • 70 пен 80 жас аралығы – ақсақал;
  • 80 жастан жоғары – шал, қарт, қария.

Халқымызда "қырық рулы ел", "қарға тамырлы қазақ" деген ұғымдар қалыптасқан. Осыдан-ақ қазақ жақынын жаттай сыйлап, әрқайсына өзіне тән сый-құрмет көрсете білгенін аңғаруға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2111649-degenshar-taga-kokei-qazaq-halqynyng-umyt-qalgan-tuystyq-ataulary/