Кеседе пісетін кешкі ас: Ариана Дәуренқызы ерекше тағамның рецебін ұсынды
Жарияланған күні:
Кешкі асқа отбасыңызға қандай тағам әзірлеу қажеттігін білмесеңіз, тартылған еттен жасалатын ерекше тағамды даярлап берсеңіз болады. Оңай әрі тез дайындалатын тағамның рецебімен бүгінгі материалда таныс бола аласыздар.
Кесеге салынып жасалатын ерекше тағамның рецебімен фудблогер Ариана Дәуренқызы таныстырады. Блогердің YouTube арнасына тіркеліп, жазылуды ұмытпаңыздар.
Сипаттамасы
Асхана: Славян елдері
Санаты: басты тағам
Дайындалу уақыты: 20 минут
Дайын болу уақыты: 35 минут
Құрамы
Нан тілімі - 2-3 дана
Сүт - 300 мл
Тартылған ет - 400 г
Пияз - 1 дана
Қара бұрыш - 0.5 шай қасық
Тұз - 1-2 шай қасық
Өсімдік майы - 30 мл
Ірімшік - 100 г
Қызанақ - 1-2 дана
Жұмыртқа - 4 дана
Жасыл пияз - дәміне қарай
Тұз, қара бұрыш - 0.5 шай қасық
Дайындалуы
1. Нан тілімдерін сүтке маламыз
Екі үш нан тілімін шұңғыл ыдысқа салып, үстінен жылы сүт құямыз. Нан тілімдеріне сүт әбден сіңгенше батырып қоямыз.
2. Тартылған етке пияз бен дәмдеуіштерді қосамыз
Тартылған етке пиязды аршып, блендерден өткізіп, қосамыз. Дәміне қарай тұз, бұрыш пен дәмдеуіштерді қосамыз. Сүтке малынған нан тілімдерін де қосамыз. Барлығын жақсылап араластырамыз.
3. Пиалаларды дайындаймыз
Пештің противеніне күнделікті пайдаланатын кеселерді қоямыз. Әр кесеге аздаған сары май салып, ішін майлап аламыз. Сосын әр пиалаға тартылған етті жұқа етіп, жайып шығамыз.
4. Салмасын дайындаймыз
Жұмыртқаны шұңғыл ыдысқа жарып, үстінен көк пиязды ұсақтап турап, қосамыз. Сосын аздаған сүт қосамыз. Дәміне қарай тұз, бұрыш қосып, жақсылап араластырамыз.
5. Пиалаға ірімшік пен салмасын құямыз
Тартылған ет салынған пиалаға алдымен ірімшікті үккіштен өткізіп, салып аламыз. Сосын үстінен әр кесеге салмасын құямыз.
6. Кеседегі салманың үстінен қызанақ қоямыз
Қызанақты жуып, ортасынан екіге бөлеміз. Әр бөлікті жіңішке етіп турап аламыз. Әр кеседегі салманың үстінен қызанақты қойып шығамыз. Сосын алдын ала қызып тұрған пешке, 180 градусқа, 30-35 минутқа қойып, пісіреміз. Осылайша, ерекше кешкі ас дайын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2115705-kesede-pisetin-keshki-as-ariana-daurenqyzynan-erekshe-tagamnyng-retsebin-usyndy/