Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жалған достықтың 8 белгісі: психолог өтірік достарды қалай тануға болатынын айтты

Опубликовано:

Бір қыз екінші қызды суретке түсіріп тұр
Құрбылар. Көрнекі фото: pixabay.com

Нағыз дос дұшпан болмас. Алайда өмірде дұшпандық жасайтын өтірік достар да кездеседі. Бұл мақалада психолог Сәния Бектұрғаннан және салалық басылымдардан өтірік достар мен жалған достықты қалай ажыратуға болатынын анықтап көрдік.

Қасыңдағы адамдар өтірік дос болып жүргенін қалай анықтауға болады? Олар сізді сыртыңыздан сөз етеді, жағымсыз нәрселер айтады әрі қажет кезде әрдайым қасыңыздан табыла бермейді. Олар алуды біледі, беруді білмейді. Өтірік достар сіздің жетістігіңізге қуана алмайды, қолдамайды, бәсекелеседі. Олар сіздің мәселеңізді тыңдағысы келмейді және уәдесінде тұрмайды.

Сыртыңыздан сөз қылады

Жалған достық деген не? NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында практик психолог Сәния Бектұрған жалған достықтың басты белгісін айтты:

"Ондай адам сыртыңыздан сөз қылады және оған енді сырыңызды айта алмайсыз. Дос – ең алдымен, сенімге байланысты ұғым. Адам сен туралы біле тұра өтініп сұрасаң да, саған жағымсыз дүниелер айтса, мұны шынайы емес достықтың белгісі деп есептеймін. Қазақта "Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады" деген мақал бар. Бұл мақалдың мәні тереңде жатыр. Адамға деген сенімнен оған бар сырыңды айтып, бірге жылап та аласың, ал дұшпаныңмен бірге отырып күле алғаныңмен, оған сенім жоқ. Көбі бұл мақалды өз қылығын ақтап алу үшін өз пайдасына қарай түсіндіреді".

Егер досыңыз әрекеттеріңізді, көзқарастарыңызды, қылықтарыңызды сыртыңыздан сөз қылып, сырларыңызды жайып салатын болса, оған сенім артуды қойған жөн. Мұндай адамды шын дос деп атауға болмайды.

Екі әйел әңгіме-дүкен құрып отыр
Әңгіме-дүкен құрып отырған әйелдер. Көрнекі фото: pixabay.com

Жағымсыз нәрселер айтады

Достар әрқашан бір-біріне деген қызығушылық пен қамқорлықты басшылыққа алуы керек. Егер досыңыз сізге ыңғайсыздық тудыратын, эмоционалды жағынан ауыр немесе тепе-теңдікті бұзатын нәрсе туралы сөйлеспеу туралы өтінішіңізді елемейтін болса, онда ол шын досқа жатпайды.

Бәріміз де әртүрліміз, соғай орай достар да әртүрлі болатыны анық. Сәния Бектұрған достық қалыпқа сыймайтынын айтады:

Бірақ шынайы достық әрқашан адамның сеніміне, қамқорлығына және қабылдауына негізделген. Негізгі постулаттар осы.

Шынайы достық жағымды эмоциялар сыйлайды. Досыңыз сіздің эмоционалды жағдайыңызға мән беріп, достық қарым-қатынастың екеуіңізге де жағымды болуын ойлайды. Дос деген түсінетін және жанашыр жан, деп жазады қарым-қатынас туралы Huck Spirit ақпараттық сайтының авторы Елена Диндич.

Қажет кезде қасыңнан табылмайды

Өмірдің қиын кезеңінен өткеріп жатқанда, достардан қолдау күтеміз. Егер досыңыз қоңырау шалған сайын бос емес екенін айтса, қоңырауға жауап бермесе немесе қайта қоңырау шалмаса, бұл достықты шынайы достық деп айтуға келмейді..

Бірақ мұндай жағдайда бірден оған досы маңызды емес деп бірден кесімді шешім қабылдауға болмайды. Барлығы жағдайға байланысты, деп түсіндіреді психолог Сәния Бектұрған NUR.KZ оқырмандарына:

Әрбір ересек адамның достықтан басқа жеке өмірі, жұмысы, отбасы бар. Алайда досыңыз сол сәтте көмектесе алса және көмектескісі келсе, сөзсіз көмек қолын созады.

Егер сіз үнемі көмек қолын созатын болсаңыз, ал досыңыз енжар болып, қызығушылық танытпайтын болса, бұл оның достықты бағаламайтынының белгісі болуы мүмкін, дейді психология ғылымдарының докторы Авигейл Лев.

Алуды біледі, беруді білмейді

Достық – уақыт, күш, білім, жақсы көңіл-күй – достық қарым-қатынаста рахат әкелетін барлық нәрсемен алмасу. Егер дос өзіне бірдеңе қажет болғанда ғана хабарласып, өзі ештеңесін бөлісе алмаса, бұл күмәндандырмай қоймайды.

Психолог Эйми Дарамустың пайымдауынша, өтірік достардың берерінен алары көп болады. Олар өздерін нағыз доспын деп, сізге сондай жанашыр екенін айтып, шын мәнінде сізді тек пайдаланып жүрген болуы мүмкін.

Нағыз достар үшін досының өмірінде болып жатқан барлық нәрсе өте маңызды. Алайда сіз өміріңіздің олар үшін маңызды екенін байқай алмайтын болсаңыз, арадағы достық сіз ойлағандай берік әрі сенімді емес.

Сіздің жетістіктеріңізге қуана алмайды

Нағыз дос сіздің жетістіктеріңізге өзінің жетістігіндей шын жүректен қуана біледі. Достар – біртұтас команда. Ал өтірік достар сіздің жетістіктеріңізді көре алмай, қызғанышпен қарайды. Бұл жағымсыз сезімдер оған досымен бірге қуануға, бақытты сәтінде досына қолдау көрсетуге мүмкіндік бермейді.

Қолдағаны былай тұрсын, сіздің жетістіктеріңізді құнсыздандыруы немесе сізден қалып қойғанын ашық айтуы мүмкін. Жақын адамның мұндай мінез-құлқы өзін-өзі бағалау мен сенімділікті төмендетіп, кінәлі сезім тудыруы мүмкін. Ал нағыз дос – қандай жетістікке болсын шынайы қуана білетін адам.

Ер мен әйел қуаныштан секіріп тұр
Қуанып тұрған ер мен әйел. Көрнекі фото: pixabay.com

Қолдамайды, бәсекелеседі

Досыңыз сізге дос емес, бәсекелес ретінде қараса, бұл достық емес. Бұл жерде нақты жағдайды қарастыру керек, дейді психолог Сәния Бектұрған:

Досыңыздың сізбен бәсекелесуі жақсы ма, жаман ба, оған нақты жауап жоқ. Біреу үшін жақсы нәрсе екінші біреу үшін соншалықты жақсы болмауы мүмкін. Бәсекелестік – бір жағынан өсу, екінші жағынан – жеңіліс.

Бәсекелестік рух жеңілгендерді қорламай, әдемі және әділ жеңе алсаңыз, жақсы нәрсе болуы мүмкін, деп жазады Medium авторы Гаррет Элсон.

Сіздің мәселеңіз жайында тыңдағысы келмейді

Мұндай дос әдетте өз басындағы бар қиындықты, мәселелерді сізге жайып салып, мұңын шағады да, сіздің мәселеңіз, сізді алаңдатып жүрген жайттар туралы сөз болғанда, тақырып ауанын ауыстыруға тырысады.

Мұндай біржақты қарым-қатынасты қайта қарау керек. Бұл достық кездесуден гөрі психологпен кездесу сияқты болып қалады. Досты тыңдай білу – достықтың ең маңызды көрсеткіштерінің бірі. Бірақ мұндай жағдайда дос тек өзінің ғана мәселесімен әлек болып, тіпті осының өзі сізге жеткілікті деп есептеуі мүмкін.

Онда сіз осы жайтқа мойынсынып, оның өмірінде болып жатқан барлық нәрсені үнсіз тыңдауға мәжбүр боласыз. Егер сіз достықты диалог деп түсінсеңіз, өзінің ғана мәселесін айтып, сіздікін тыңдаудан қашқақтайтын адамды дос деп санауды доғарғаныңыз жөн.

Уәдесінде тұрмайды

Достықта сенім қымбат, ондайда достың сөзіне сеніп, кез келген жағдайда оған сенім артып, оның сені ұятқа қалдырмайтынына сенімді боласың. Достың ісінен уәдесі көп болса, оны сенімді және шын дос деуге келмейді.

Әрине, ол барлық уәдесін әдейі орындамай қоймауы мүмкін. Бірақ мұндай жағдай үнемі қайталанып отырсы, бұл досқа, оның уақытына және жалпы достыққа деген құрметсіздікті көрсетеді. Кейбір адамдар нағыз дос шыдап, бәрін кешіреді деп қате ойлайды. Сондықтан кездесуге кешігіп келеді, өтінішіңізді орындамайды, тіпті оның аллергияңыз бар екенін ұмытып, шоколад сыйлайды. Сізді сыйламайтын дос сізге қаншалықты керек?

Қолдарын түйістіріп тұрған ер адамдар
Қолдар. Көрнекі фото: pixabay.com

Шынайы достықты жалған достықтан ажырата білу керек. Бұл 8 белгі сізге кімнің шын дос екенін, ал кімнің өтірік дос екенін түсінуге көмектеседі. Сол арқылы өтірік достарға уақыт пен ақыл-ой қуатын сарп етпеуге мүмкіндік береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2117169-zhalgan-dostyqtyng-8-belgisi-psiholog-otirik-dostardy-qalai-tanuga-bolatynyn-aitty/