Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өзгеріс әкелген әйел: Катар әміршісінің әлемге әйгілі болған жұбайы Шейха Моза туралы не білесіз

Опубликовано:

Шейха Моза
Катар ханымы - Шейха Моза. Көрнекі сурет: bangkokbook.ru

Араб әлемі үшін оның жүріс-тұрысының өзі батылдық. Себебі Шейха Моза дегенде әлем өте сәнді киінетін әрі қоғамда өз орны бар белсенді әйел образы. Катар ханымы сән әлемінде ғана емес, білім жолында да жетістікке жеткен әйел. Ол ерлермен қатар мұсылман әйелдердің де білім алуына ықпал ете білген адам. Бұл мақаламызда Катар әміршісінің күллі елге әйгілі болған жұбайы Шейха Моза жайлы деректер ұсынамыз.

Шейха Моза деген кім?

Моза бинт Насер Әл-Миснед 1959 жылы 8 тамызда Катардың әл-Хор қаласында дүниеге келген. Мозаның әкесі заманында көрнекті кәсіпкер әрі саясаткер болған, бірақ ел байлығын әділетсіз бөлген билеушінің ​​әміріне қарсы сөйлегені үшін түрмеге тоғытылған. Содан бастап бұл отбасының тағдыры өзгереді. 1964 жылы әкесі абақтыдан босатылғаннан кейін олар Катардан кетіп, Кувейт пен Мысырға қашып өмір сүрді.

Моза 18 жасында еліне оралып, Катар университетіне оқуға түседі. Сол кезде әмірдің ұлы шейх Хамад бен Халифа Әл-Тани оған үйленуге шешім қабылдайды.

Моза патша отбасына келін болмай тұрып дәрігер болғысы келген еді. Ол Катар университетіндегі оқуын аяқтап, гуманитарлық ғылым бакалавры дәрежесін алады. Содан кейін Хамад Бин Халифа университетінде исламдағы мемлекеттік саясат магистрі атанады. Моза әкесінің түрмеде отырып-ақ өзін-өзі тәрбиелегенін және мұның оған оқуын жалғастыруға шабыт бергенін айтып жүреді. Катардағы оқуынан кейін Моза Американың беделді университеттерінен тағылымдамадан өтеді.

Моза шейхтің екінші әйелі және әкесін түрмеге тоғытқан адамның келіні болады. 1995 жылы Мозаның күйеуі әкесі тақтан кеткен соң әмір болып тағайындалды.

Шейха Моза бинт Нассер әл-Миснед – Катардың үшінші әмірі шейх Хамад бен Халифа әл-Танидің екінші әйелі (шейхтің үш әйелі бар), жеті баланың анасы, әлемдегі ең сәнді киінетін ханымдардың бірі әрі саяси және қоғам белсендісі. Ол патша отбасының қаржылық шешімдеріне белсене араласады және өзінің мінсіз келбетімен сән әлемін жаулап алды.

Ол отбасылық өмірінің алғашқы жылдарын балаларына арнады. Ал Катар ол кезде араб әлемінде қазіргідей ықпалды мемлекет емес еді. Жағдай 1995 жылы өзгерді. Содан кейін Мозаның күйеуі қансыз төңкеріс жасап, елдегі билікке келіп, әкесінің орнын басты. Англо-саксон әлемі бұл өзгерісті қолдады, Катардың мұнай-газ кешеніне байланысты аты айтыла бастады, ал жаңа әмірші сұлу да білімді екінші әйелі Мозаны әлемге таныстырды.

Катар ханымы
Шейха Моза қатысқан жиын. Көрнекі сурет: dohanews.co

Шейха Моза гуманитарлық және қайырымдылық бағдарламаларды қадағалап, әлемнің жетекші сән үйлерінің таңғажайып киімдерімен көпшілік алдында жиі көріне бастады.

Шейха өзінің дене пішініне сай шалбар да, көйлек те киеді. Ол араб елдеріндегі әйелдер секілді оранып жүрмейді, басына сәнді етіп орамал байлайды. Сондай-ақ Ульяна Сергеенко шығаратын киімдерді ұнатады.

Шейха Моза бірқатар мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі құрметті лауазымға ие. Ол Катар білім, ғылым және әлеуметтік даму қорының жетекшісі, Жоғарғы кеңестің президенті. отбасы мәселелері бойынша Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, ЮНЕСКО-ның арнайы өкілі.

Моза Араб демократиясы қорын құрды, оған күйеуі бірінші боп 10 миллион доллар аударды. Қордың негізгі мақсаты азаматтық қоғамның дамуына ықпал ету болса керек.

Шейха Моза 2008 жылы ашылған Катар ғылыми-технологиялық паркін құру бойынша бастама көтерді. Оған 225 миллион инвестиция тартылған, соның ішінде Microsoft, Shell және General Electric сияқты жетекші әлемдік компаниялар да бар.

Financial Times мәліметіне сүйенсек, Моза Катар астанасы Дохадағы америкалық университеттердің жетекші профессорлары студенттерге дәріс оқитын университеттік "Білім қаласы" кампусын салғызды.

Білімнің маңыздылығы мен ашатын есіктерін түсіне отырып, ол басқалардың да осындай мүмкіндіктерге ие болуына мүмкіндік жасауға тырысады.

"Әйелдердің оқығанын қаласаңыз, ер адамды да оқыту керек. Ер адамдар білімді болса, әйелдеріне білім алуға мүмкіндік береді", - дейді Шейха Моза.
Катарлық Шейха Моза
Катар әміршісінің жұбайы - Шейха Моза. Көрнекі сурет: thelist.com

Шейха Мозаның өзі Вирджиния Достастық университетінің, Техастағы A&M университетінің, Карнеги-Мелон университетінің, Лондон Империялық колледжінің және Джорджтаун университетінің құрметті докторы атағын алды. 2010 жылы "Британ империясы" орденін иеленді.

Моза бірінші ханымның қатысуын талап ететін барлық ресми сапарда шейхінің жанында бірге жүреді. Мозаның бес ұлының бірі Тамим Шейх Хамадтың мұрагері атанды. Хамадтың Мозадан басқа тағы екі әйелі бар, яғни оның мұрагерлерінің жалпы саны жиырма жеті адам. Бірақ ұлы Тамим әкесінің орнына Катардың төртінші билеушісі болып тағайындалды. Дәлірек айтқанда, әкесінің өзі дау-дамайсыз ел басқару тізгінін Мозадан туған ұлының қолына берді.

Моза Катарда ғана танымал емес, ол Forbes журналының нұсқасы бойынша әлемдегі ең күшті 100 әйелдің тізіміне енді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2119599-ozgeris-akelgen-aiel-katar-amirshisining-alemge-aigili-bolgan-zhubaiy-sheiha-moza-turaly-ne-bilesiz/