Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дәрігерлер кеңесі: аптапта күн сәулесінен қалай қорғанған дұрыс

Опубликовано:

Қолшатыр
Қолшатыр. Көрнекі фото: pixabay.com

Күннің адам ағзасына пайдасы көп болғанымен, тигізетін зияны да аз емес. Аптап ыстықта күн өтуден бөлек, күннің астында көп жүрген адам терінің қатерлі ісігіне шалдығуы мүмкін. Күн сәулесін қабылдаудың да ережесі бар. Бұл материалымызда күннің пайдасымен қоса қауіпті тұстарын сөз ете отырып, күннен қорғанудың бірнеше тәсілін ұсынып отырмыз.

Күн сәулесінің пайдасы

Интегративті медицина дәрігері Инесса Царкованың айтуынша, күн сәулесі триптофан амин қышқылын серотонин гормонына айналдыруға көмектеседі. Бұл бізге қуаныш пен өзімізге деген сенімділік сезімін сыйлап, көңіл-күйімізді көтереді. Серотонин мидың, бұлшықеттердің және ішкі ағзалардың жұмысын жақсартатын күшті антидепрессант. Түнде бұл гормон антиоксидант және иммуномодулятор мелатонинге айналады.

Маман күн сәулесін әртүрлі ауруларды, соның ішінде иммундық жүйе бұзылысын, ұйқысыздықты, гормоналды бұзылуларды және маусымдық аффективті бұзылыстарды емдеу үшін пайдалануға болатанын айтады.

"Күннің ультракүлгін сәулелері тері жасушаларында D витаминін өндіруге белсенді қатысады. D дәрумені – организмдегі кальцийді сіңіру үшін қажетті элемент. Ол остеопороздың дамуына жол бермейді, сүйек тінін қалпына келтіруге көмектеседі және балалардағы сүйек деформациясы мен өсуіне байланысты проблемаларды болдырмайды.

Күн сәулесі депрессиядан сақтайды, одан өндірілетін D дәрумені тыныс алу және гормоналды аурулардың алдын алады және қартайған кезде деменция мен атеросклероздың дамуынан сақтайды", - дейді интегративті дәрігер.

Бұған қоса күн сәулесі бактерияларды жояды. Тері күнге неғұрлым күйген сайын, бактерияларды жоятын қуат соғұрлым көбейе түседі екен.

Күн сәулесінің зияны

Шегінен асқанның бәрі зиян болатыны сияқты күннің астында көп жүру, күнге тым қатты күю де адам денсаулығына зиянын тигізбей қоймайды. Ең қауіптісі адам терінің қатерлі ісігіне шалдығуы мүмкін. Күннің бұдан басқа қандай зияны бар?

Дәрігер Хикметолла Кәрімов аптап ыстықтың адам ағзасына зияны көп екенін айтады.

"Ыстықта адамнан көп тер шығады. Ал тер көбірек бөлінсе, ағза кальций, магний, натрий, калий секілді минералды заттардан айырылады. Мұның салдарынан жүрек бұлшықеті әлсірейді. Жүректің қағысы жиілейді. Сөйтіп, адам тез шаршайды. Бұл түрлі аурулардың пайда болу қаупін туғызады", - дейді ол.

Оның сөзінше, сстықта гипертония және жүрегінің ишемиясы бар адамдарда жүрек ұстап қалу қаупі бар. Қан қысымы төмен адамдарда әлсіздік пайда болады.

Аптап ыстықтың салдарынан кейбір адамдардың іші өтіп, басы айналады. Тіпті, ыстық күнде де тұмау тиеді.

Негізінен күнге қыздырынуға ең қолайлы уақыт – таңертеңгілік сағат 9 бен 12-нің арасы және кешкі 17-ден кейінгі уақыт. Бұл ереже сақталмаса, күннің зиянды әсері дерматит, есекжем, терінің қатерлі ісігі ауруларына соқ­тыруы мүмкін. Денеге сіңген ультракүлгін сәуле артқан сайын зияны да соншалықты көбейе түседі.

Күннің ультракүлгін сәулесі наурыздан бастап көбейе береді де, маусым, шілде айларында көбею шегіне жетеді.

Күннен қалай қорғану керек?

Денсаулық сақтау саласының мамандары күннен қорғануға көмектесетін бірнеше атрибутты атап көрсетеді. Олардың ең негізгісі – бас киім.

Аптап ыстықта далаға бас киімсіз шықпаған жөн. Күн өтуден қорғану үшін ашық түсті жиекті қалпақ киген дұрыс. Қалпақтар күн сәулесінен басты ғана емес, бетті, мойынды жақсы қорғайды. Ашық түс тез кірлеп кететіні болмаса, күн сәулесін жақсы шағылыстырады.

Аптап ыстықта мүмкіндігінше ауаны жақсы өткізетін табиғи маталардан тігілген ашық түсті, оның ішінде ақ түсті киімдер киген жөн. Мамандар жеңіл әрі кең киім киген дұрыс дейді. Синтетика материалынан мүлдем бас тартқан дұрыс.

Қолшатыр бас киімге жақсы балама бола алады. Сарапшылар ультракүлгін сәулесінен қорғануға жаңбырға арналған кез келген қолшатыр жарай беретінін айтады. Дегенмен күн сәулесінен UV сүзгісі бар қолшатырларды қолданған жөн.

Жазда ультракүлгін сәуледен көз торы күйіп қалуы мүмкін. Одан көздің көрмей қалуы да кәдік. Ал күннен қорғайтын көзілдірік сәнді киім үлгісінің бір бөлігі ғана емес, бұған қоса көзді және көз айналасындағы теріні күннің зиянды әсерінен қорғайтын пайдалы әшекей болып саналады. Көзілдірік таңдауда линзаның сапасына да назар аудару керек.

Мамандардың кеңесіне құлақ түрер болсақ, күніне 1 келіге 30 мл су ішу қажет, яғни 1,5 литрден бастап, 2-3 литрге дейін су ішкен пайдалы. Ол жасушаға қорек болып қана қоймай, организмдегі артық заттарды шығарады, ағзаны сусынданудан сақтайды.

Ыстық күнде дұрыс тамақтанудың да маңызы зор. Әсіресе, көкөністер мен сүт тағамдарын көбірек тұтынған жөн. Ыстық күндері таңертең әдетте асқа тәбет болмайды. Сол себепті ағзаны қинап ішудің қажеті жоқ. Бірақ міндетті түрде бір стақан су ішкен дұрыс.

"Күн ыстықта дененің су-тұз теңгерімін бақылауда ұстау қажет. Ыстық ауа райында қантты және газдалған сусындардан бас тартқан абзал. Кофе мөлшерін де тым асырмаған жөн. Сонымен қатар алкогольді ішімдіктерден де бас тарту қажет, өйткені алкоголь терморегуляцияны бұзады және жүрек-қантамыр жүйесіне шамадан тыс күш түсіреді. Сондай-ақ майлы ет тағамдардан гөрі, күн ыстықта жеңіл сорпа, салаттар мен сүт өнімдерін пайдалануға кеңес беремін", - дейді Марина Наженова.

Аптап ыстықта міндетті түрде күннен қорғайтын крем жағып жүру қажет. Мұндай кремдер ультракүлгін сәулелерден және шамадан тыс күюден қорғануға көмектеседі. Күннің астында ұзақ уақыт жүретін болсаңыз, жоғары SPF факторы бар кремдерді таңдау керек.

Күн өту профилактикасы бойынша жадынама
Инфографика: gov.kz

Күн өтудің белгілері қандай?

"Күн өтіп кетсе, жүрек айну, бас айналу және жүрек соғуының жиілеуі мүмкін. Терінің түсі бозарса – жылу соққысының, ал қызарса – күн өтіп кеткеннің белгісі. Егер мұндай белгілер пайда болса, көлеңке жерге немесе ғимарат ішіне кіріп демалып, мүмкіндігінше көп су ішу керек", - дейді дәрігер Наргиз Әбдірайымова.

Дәрігер Марина Наженова күн өтудің үш деңгейі бар екенін айтады:

  • жеңіл күн өткен адамның бойын әлсіздік басып, басы ауырады, жүрегі айниды, жүрегі қатты соғып, көз қарашығы ұлғаюы мүмкін;
  • орта адамның аяқ астынан дене қызуы көтеріледі, басы ауырып, жүрегі айниды, басы айналып, құлағы шыңылдайды. Сонымен қатар жүріс-тұрысы бұзылып, көзі қарауытады, есінен танып, мұрнынан қан кетуі де мүмкін;
  • ауыр – аяқ астынан асқынады. Күн өткен адамның беті ысып, қызарады да, артынша сұрланады. Бет терісі мен шырышты қабықтары сұрғылт-көк түске немесе қою көкке боялады. Бұл қан айналымының бұзылғанын білдіреді. Дене температурасы 41-42 градусқа дейін көтеріледі. Осы күйде ол галлюцинацияға ұшырап, сандырақтауы мүмкін. Есінен танып, тіпті комаға да түсуі мүмкін.
Қызуы көтеріліп тұрған бала
Басынан күн өткен бала. Көрнекі фото: pixabay.com

Дәрігер кеңесіне сүйенсек, жеңіл және орта белгілері бар адамды горизонтальді бағытта жатқызып, аяғын көтеріп, денесін және басын суық суға малынған орамалмен орау қажет. Салқын су ішкізіп, бөлмені желдету қажет. Күн өтудің ауыр белгілері байқалған жағдайда, дереу дәрігер көмегіне жүгіну керек.

Шіліңгір шілденің аптап ыстығында басынан күн өтіп, қан қысымы көтеріліп ауруханаға түсетіндер саны күрт артып кетеді. Жазғы демалысыңызды аурумен әлек болып өткізбеу үшін алдын ала қамдануға кеңес берер едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2119791-darigerler-kengesi-aptapta-kun-saulesinen-qalai-qorgangan-durys/