Дастарханның сәні - бао тоқаштары: Нұрзина ұсынған кешкі ас тағамы
Жарияланған күні:
Жақындарыңызға кешкі асқа қандай ерекше тағам әзірлеп беруге болады? Бао тоқаштары отбасы мүшелерінің көңілінен шығатыны анық. Ендеше еректе тағам рецебімен бүгінгі материалда таныс бола аласыздар.
Отбасыңызға ерекше кешкі ас әзірлегіңіз келсе, бао тоқаштарын жасап көріңіз. Үй жағдайында оңай әрі тез жасалатын тағамның рецебімен белгілі фудблогер Нұрзина Серікбаева таныстырады.
Сипаттамасы
Асхана: Қытай
Санаты: басты тағам
Дайындалу уақыты: 15 минут
Дайын болу уақыты: 30 минут
Құрамы
Жылы су- 320 г
Сүт - 70 г
Құрғақ ашытқы - 1 шай қасық
Қант - 1 шай қасық
Сұйық май - 3 ас қасық
Тұз - 1 ас қасық
Ұн - 700-750 г
Cары май - 30 г
Сиырдың жұмсақ еті - 350 г
Пияз - 1 дана
Сәбіз - 1 дана
Сарымсақ - 2 тісше
Светофор бұрышы - 2 дана
Тұз, бұрыш, паприка - дәміне қарай
Cоя соус - 2 ас қасық
Дайындалуы
1. Қамырдың сұйық құрамын дайындаймыз
Шұңғыл ыдысқа жылы су мен сүт құйып, ашытқыны саламыз. Бір ас қасық қант салып, барлығын жақсылап араластырамыз. Сосын үш ас қасық сұйық май құямыз. Оны да араластырамыз.
2. Қамыр илейміз
Жоғары сұрыпты ұнды електен өткізіп, оған тұз қосамыз. Ұнды сұйық массаға қосып, жұмсақ қамыр илейміз. Қамыр илеп болған соң, жұмсақ сары майды қосып, қамырды тағы да илейміз. Қамыр көтерілу үшін, 1,5-2 сағатқа бетін жауып қойып қоямыз.
3. Етті тураймыз
Бао тоқаштарына кез келген етті пайдалануға болады. Видеода сиыр еті пайдаланылады. Оны тез пісу үшін, жұқа тілімше түрінде тураймыз.
4. Көкөністерді тураймыз
Көкөністерді де жұқа тілімше етіп тураймыз. Сәбізді ірі үккіштен өткізіп, дайындап аламыз.
5. Етті қуырып, дәмдеуіштерді қосамыз
Алдымен қазанға сұйық майды құйып, қыздырып аламыз. Оған етті салып, жақсылап араластырып, өзінің сөлі тартылғанша қуырып аламыз. Сосын дәмдеуіштерді қосамыз. 100 г су құйып, қазанның қақпағын жауып, 20 минут бұқтырамыз.
6. Етпен бірге көкөністерді қуырамыз
Еттің суы тартылып қуырылып болған соң, оған пиязды қосамыз, екеуін жақсылап қуырып аламыз. Осы уақытта сарымсақтың 2-3 тісшесін үккіштен өткізіп, етке қосып жіберсеңіз болады. Сосын сәбіз бен бұрышты салып, барлығын жақсылап араластырамыз. Кейін соя соусын құйып, тағы да қуырамыз. Аздап су құямыз. Қақпағын жауып, 10-15 минут бұқтырамыз.
7. Қамырды жаямыз
Көтерілген қамырды алып, орташа қалыңдықта жаямыз. Жайылған қамырды домалақ пішінмен кесіп, тоқаштың негізгі бөлігін жасап аламыз.
8. Қамырды түйіп, пісіреміз
Әр бөліктің бетіне сұйық май жағып шығамыз. Сосын әр бөлікті бір-біріне беттестіріп, жабыстырып шығамыз. Манты пісіретін табақтың бетіне май жағып, тоқаштың қамырын бір-біріне жабыстырмай, орналастырып шығамыз. Сосын бетін жауып, қамыр көтерілуі үшін, тағы 5-10 минутқа қойып қоямыз. Соңында отқа қойып, 20-25 минутта пісіріп аламыз.
9. Тоқашқа салмасын саламыз
Піскен тоқаштардың ортасын ашып, дайын тұрған салмасын саламыз. Азия халықтарының бао тоқаштары осылай дайын болып шығады. Дайын болған тоқаштарды тәрелкеге салып, дастарханға ұсынсаңыз болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2120535-dastarhannyng-sani-bao-toqashtary-nurzina-usyngan-keshki-as-tagamy/