Дәмді әрі тойымды бәліш: Диана Есенбекова ұсынған рецепт
Жарияланған күні:
Етті бәліш көпшілігіміздің бала күнімізден сүйіп жейтін, ең дәмді әрі тойымды тағамдардың бірі. Оны үйде өзіңіз-ақ пісірсеңіз болады.
Етті бәлішті әзірлеудің түрлі тәсілі бар. Назарларыңызға танымал фудблогер Диана Есенбекова ұсынатын ең оңай әрі дәмді нұсқасының рецебін ұсынамыз.
Сипаттамасы
Асхана: славян елдері
Санаты: басты тағам
Дайындалу уақыты: 20 минут
Дайын болу уақыты: 40 минут
Құрамы
Ұн - 500 г
Сары май - 180 г
Айран - 200 г
Тұз - 1 ас қасық
Сода - жарты шай қасық
Картоп - 3-4 дана
Пияз - 1 дана
Консервідегі тунец балығы - 1 дана
Жұмыртқа - 1 дана
Қара бұрыш, күнжіт - қалауыңызша
Дайындалуы
1. Жұмсақ қамыр илейміз
Алдымен електен өткізілген ұнға сары майды салып, ұнмен араластырып, әбден ұсақтап аламыз. Айранға тұз бен соданы қосып, жақсылап араластырамыз. Кейін барлық құрамды біріктіріп, жұмсақ қамыр илейміз. Тындырып қоямыз.
2. Салмасын дайындаймыз
Картопты аршып, жуып, шаршы етіп турап аламыз. Пиязды да қабығынан аршып, ұсақтап тураймыз. Сосын консервідегі тунец балығын қосамыз. Тұз бен бұрышты қосып, барлығын жақсылап араластырамыз. Осымен бәліштің салмасы дайын болады.
3. Қамырды жаямыз
Тындырылған қамырды екіге бөлеміз. Әр бөлігін орташа қалыңдықта жаямыз. Сосын бәліш пісетін пішіннің ішін майлап аламыз. Қамырды ішіне салып, артық бөлігін алып тастаймыз. Кейін қамырды шанышқымен тесіп шығамыз.
4. Бәлішті пісіреміз
Пішіндегі қамырға салмасын саламыз. Бәліштің бетін қамырдың қалған бөлігімен жабамыз. Бетін әсемдеп шығамыз. Сондай-ақ бетіне жұмыртқа жағамыз. Бәліш тез пісуі үшін, оның бетін шанышқымен тесіп шығамыз. Бетіне күнжіт себеміз. Осылайша, дәмі тіл үйіретін етті бәліш дайын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2125200-damdi-ari-toiymdy-balish-diana-esenbekova-usyngan-retsept/