Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Маржан – қарғыстан сақтаған, қызғылт ақық – қуаныш сыйлаған": қазақтың зергерлік өнері туралы не білесіз

Опубликовано:

Есік қорғанынан табылған зергерлік бұйымдар
Есік қорғанынан табылған зергерлік бұйымдар. Фото: old.archaeology.kz

Қазақ зергерлік өнерінің тарихы мыңдаған жылдар бұрын бастау алған. Оған археологиялық қазбалар кезінде көне қалалар орнынан табылған сан түрлі әшекей-бұйым, ат әбзелдері мен қару-жарақтар куә. Ежелгі зергерлер қолөнер туындысын шегендеген кезде қандай тәсілдерді қолданғанын материалымыздан оқи аласыздар.

"Зергер" сөзі не мағынаны білдіреді?

Халқымыз зергерлік өнердің күрделі техникалық тәсілдерін жете меңгерген шеберлерді "ұста" деп әспеттеген. Түркі тектес халықтар ұсталық кәсіпті, зергерлік өнерді киелі өнер санап, жоғары бағалаған.

"Ал алтын-күміспен жұмыс істейтін шеберлерді парсы тіліндегі "алтын" – "зер" сөзімен сипаттап, "зергер" деп атаған", - деп жазады Құралай Мұратқызы мақаласында.

Қазіргі Қазақстан аумағында техникалық және көркемдік тұрғыдан жетілген зергерлік өнер алғашқы темір дәуірінде пайда болған:

  • Жетісудан жануарлар – таутеке, ілбісін, қабан бейнесі бедерленген мыс қазандар мен ғибадат бұйымдары (б.з.б. 5 - 4 ғ.);
  • сақ ханзадасының алтынмен апталған сауыт-саймандары (Есік қорғаны, б.з.б. 4 ғ.);
  • әйелдің алтын бас киімі (Қарғалы қазынасы, б.з.б. 2 - б.з.2 ғ.);
  • жарқырауық тас орнатылған сырғалар (Ақтас-1 қорымы, б.з. 2 - 5 ғ.) табылған.
Есікте табылған "Алтын адам"
Есікте табылған "Алтын адам". Фото: wikipedia.org

Бұл кезеңде бір-бірін толықтыратын бейнелеп құю, бедерлеу, қалыпқа салып қысу, бір затқа бір затты оюластыру, кіріктіру, күмістеу, термелеу, өру, бұрау, тоқымалау, әбзелдеу, сіркелеу, қақтау, әшекейлеу сияқты техникалық тәсілдер қолданылған.

Ежелгі зергерлік бұйымдар несімен ерекшеленген?

Неолит дәуірінің өзінде сүйектен, тістерден, жануарлардың қылтасынан және түрлі қабыршақтардан жасалған әшекейлер болған және олар өз иесіне күш пен аңның ептілігін беріп, иесін кездейсоқ шабуылдардан және келеңсіздіктерден сақтаған.

"Қазақтың зергерлік өнері" еңбегінде қола дәуірінде, б.з.б. II мыңжылдықта алтыннан, күмістен құю, керту (күптеу), соғу, шеку, оймалау, зерлеу, қарайту, қақтау, қаптау, аптау, шиыршық темірден торлау технологиясы пайда болғаны, сондай-ақ зергерлік бұйымдар жиынтығы қалыптасқаны аталып өтеді.

Кейінгі қола дәуірінде зергерлер сақиналар, қайыс белдік қапсырмаларын, дөңгелек сырғалар, үзбе алқалар, иірілген алтын жіпті алқалар, білезіктер жасаған.

Жоғарыда аталған еңбекте ежелгі темір дәуірі аң-құс тектес өрнектер салу стилінің дамуы, зергерлердің асыл тастарды, көбінесе алтынды кеңінен пайдалану, шекімелеу, оймыштау, бедер суреттер түсіру, зерлеу, асыл тастар қондыру, алтын жалату, сондай-ақ әшекейлердің ортасына, жиектеріне түрлі түсті тастарды қондыру секілді өнердің күрделі техникалық тәсілдерін меңгеруімен ерекшеленетіні сөз болған.

Еңбекте Есік қорғанынан табылған зергерлік бұйымдар мысалында ерлер сырға, жүзік, білезік, шашқа тағатын бұйымдар, түрлі белдіктер таққаны айтылады, олардың киім-кешектері мен аяқкиімдері металл әшекейлермен сәнделген. Қола дәуірінде алтыннан жасалған заттар сирек, қола бұйымдар басым болса, б. з. б. VII–V ғасырларда алтын бұйымдар көп болған.

Ерте темір және қола дәуірлерінің зергерлері алтыннан жасалған бұйымдарының қасиетін арттыру үшін түрлі қорытпаларды қолдана білген.

"Қазақстан" ұлттық энциклопедиясында келтірілген деректерге сүйенсек, ежелгі зергерлердің қолынан шыққан мүсіндер – арқардың (не қошқардың) басы, мүйізі. Ол жүзіктерде, білезіктерде, алқаларда, шолпыларда көбірек кездеседі.

Сондай-ақ ежелгі зергерлік өнерде кездесетін көркем мүсіннің бір түрі – таутеке бейнесі. Мысалы, таутекенің қияда тұрған сәті (қаптырмада), басы, мүйізі (жүзікте), бөкеннің, еліктің көзі (ілгекте, қаптырмада, жүзікте) әдемі шекілген. Сол кездегі зергерлер, әсіресе, арыстанды бейнелеуге көп көңіл бөлген. Аңдық стильде жасалған бұл бұйымдар біздің дәуірімізге дейінгі VІІ-І ғасырлар аралығын қамтиды. 1969-70 жылдары Есік қорғанынан табылған сақ ханзадасының қабіріндегі төрт мыңнан астам алтын тоғалар мен жапсырмалардың көбі аңдық стильде жасалған.

Сақтардың алтын бұйымы
Сақтардың алтын бұйымы. Фото: "Қазақтың зергерлік өнері" еңбегінен

"Аң стилінің басты ерекшелігі – жан-жануарды әрекет үстінде, кейде апатия жағдайында, енді бірде мифтік тұрғыда бейнелелеп, бедерлеуінде. Аң стилі дегеніміз көрінген жануарды бейнелей беру емес. Мұнда заңдылық бар, тәртіп бар. Ежелгі сақтар өздерінің ою-өрнегіне тек 14 хайуанның бейнесін бедерлепті. Олар: барыс, бұғы, аю, қасқыр, бүркіт, таутеке және т.б.", - деп жазады Нұрбек Бекбау қолөнердегі аңдық стильге арналған мақаласында.

Осы мақалада археолог Әбдеш Төлеубаевтың сақ зергерлерінің шеберлігі туралы мынанда пікірі беріліпті:

"Тарыдай ғана бұйымға түймелік жасау үшін, асыләйнек керек. Әйтпесе жай көзбен мұндай нәзік, ұсақ дүниені дәнекерлей алмайсың. Мысалға, мен Шіліктіден табылған Алтын адамның бұйымдарын арнайы зерттеу үшін Эрмитаждан Рафаэл Сергеевич Миносян деген скиф алтындарының маманын шақырдым. Сол кісі таңғалып: "Әбдеш, мынау ұсақ заттардың микропайкасының сырына, құпиясына жете алмадым. Өйткені алтынды еріту үшін 1000 градустық температура керек, тарыдай ғана бұйымға өрнек түсіру, желімдеу үшін иненің ұшындай ғана паяльник керек. Ал иненің ұшындай паяльникте 1050 градусты жасау, білмеймін қазіргі технология да бар ма, жоқ па?!" деп басын шайқады Рафаэел Миносян. Расымен қызық нәрсе ғой! Қазіргі микро-нано технологиялармен ғана жасай алар өнер туындыларын, сақтар ол көне заманда, қалай-қайтіп жасады екен?!".

Сақ, ғұн, үйсін дәуіріндегі шеберлер зергерлік ісін өте биік сатыға көтерген. Металл қақтау, оны құю, жұмырлау өнерін толық меңгеріп, неше алуан ғажайып мүсіндер жасай білген. Алтыннан, күмістен, қоладан пішін жасаумен бірге, оның бетіне асыл тас орнату әдісін де меңгерген.

Зергерлік бұйымдар үшін пайдаланылған қорытпалардың құрамындағы алтын жоғары сапалы болғаны анықталған. Алтынның серіктері, яғни қатар қолданатын элементтер күміс пен мыс болған.

Ғұндардың әшекей-бұйымдары
Ғұндардың әшекей-бұйымдары: okg.kz

Алтын кенінің құрамындағы кең таралған қоспа элементтердің бірі — қорғасын, ол алтынның қасиетін төмендетеді. Құрамында қорғасыны мол алтын морт сынғыш келеді. Ежелгі шеберлер бұйымдарға қорғасынның шамалы ғана мөлшерін қосып жасаған.

Зергерлер бағалы тастарды таңдағанда неге мән берген?

Қазақтың ежелгі зергерлері әшекейге келетін тастарды шебер таңдай білген әрі оған терең мән берген.

"Еуропа елдерінде тас байлықтың, дәулеттің белгісі, жай ғана әшекей саналады. Ал зергерлер үшін тас иесін тіл-көзден, жамандықтан және тағы басқа бәле-жаладан қорғайтын күш көзі. Қазақ халқы, расында, көп жағдайда ырымшыл келеді, сондықтан ежелден тұмардың күшіне сенген", - деп жазады "Ежелгі қолөнер шеберлері салтын сақтай отыра: қазақ халқының зергерлік өнері туралы" мақаласының авторы.

Сырға
Сырға. Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Бұл ойды Құралай Мұратқызы да толықтыра түсіп, зергерлер өз жұмысында қолданып отырған әр материалдың түр-түсіне ғана емес, мән-мағынасына, түрлі қасиеттеріне зор көңіл бөлгенін айтады:

"Ежелден ел арасында інжу – ноғала, сүйелді, шәйіртас (янтарь) – алқым ісігін жазады, ал маржан – қарғыстан, тіл-көзден сақтайды, құлпырма маржан – өсек-аяңнан қорғап, дәулет, бақыт әкеледі деген сенім бар. Әсіресе қызғылт ақыққа жұрт көп әуес болған. Оны қуаныш пен игілік сыйлайтын асыл тас деп есептеген. Таяу шығыста бұл тасқа иесінің аты немесе құран аяттарынан үзінді жазылатын болған. Тастардың осындай ерекшеліктеріне мән бере отырып жасалған әшекей бұйымдардың да өзіндік түр-сипатымен бірге айтар ойы, берер мағынасы болған".

Қазақтың ежелгі дәуірлерден келе жатқан зергерлік бұйымдары күні бүгінге дейін талайды таңғылдырып келеді. Көненің көзіндей боп жеткен көптеген бұйым қазақ даласында зергерлік іс ежелден-ақ жоғары деңгейде дамығанын аңғартады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2127144-marzhan-qargystan-saqtagan-qyzgylt-aqyq-quanysh-syilagan-qazaqtyng-zergerlik-oneri-turaly-ne-bilesiz/