Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көз тию бар ма: шариғат бойынша тілден, көзден қалай сақтануға болады

Опубликовано:

Сынып қалған бойтұмар
Бойтұмар. Көрнекі фото: pixabay.com

Көз тиюді ғылым да, дін де жоққа шығармайды. Бұл мақалада мамандардың тұжырымына сүйене отырып, "көз тию" деген ұғымға анықтама беріп, оның белгілерін және сақтану жолдарына қатысты кеңестер ұсындық.

Көз тию деген не?

Қазақ энциклопедиясында келтірілген анықтамаға сүйенсек, көз тию – дәстүрлі қазақ қоғамындағы наным-сенім түрі.

Қазақ халқы ұғымында жақсы адамға, жас нәрестеге, жүйрік жылқыға, сұлу қызға, т.б. тіл-көз тиеді деп есептелген. Бәйгеде озған жүйрік атқа көз тиеді деп сақтанып, елге көрсетпеуге тырысқан. Жас балаға тіл-көз тимесін деп молдаға дұға жаздырып, оны былғары бойтұмардың ішіне салып, мойнына тағып қойған немесе үстіндегі киімнің омырауының астыңғы жағына қадап қояды. Бала кенет науқастанып қалса, көз тиді, біреудің сұғы өтті деп жорып, оған ащылау әдісімен ем жасайды.

Ащылау – тұзды уыстап, баланың жалаңаш денесіне басып, Көз тиюді қайыру әдісі. Жетісу өңірінде жеті ұсақ тасты тұмарша етіп шүберекке тігіп шолақ жең қамзолдың жағасының астыңғы жағына көзге түспейтіндей етіп тігіп қою салты бар. Жас баланы көз тиюден емдеуді кейде үшкіру, түкіру деп те атаған.

Қазақ дәстүрі
Көрнекі сурет: baribar.kz

Мамандардың пайымдауынша, "көз тию" деген сөздің астарында бір адамның екінші біреуге көз энергетикасы арқылы әсер етуі деген ұғым жатыр. Қос жанарының қуаты мығым жандарды қазақта "көзінің сұғы бар" деп, ал тілінің уыты барларды "тілінің бізі бар" деуі де осыдан шыққан.

"Көз тию" құбылысына себеп болатын – адамның бас құрылысында орналасқан үлкен ми сыңарларының ортасындағы гипофиз. Анатомия ғылымының тілімен айтсақ, гипофиз –салмағы небәрі 4 мг болатын без және оның негізгі қызметі – мелотонин гармонын бөлу. Ол адам ағзасындағы салмағы сондай аз болғанымен, салдары аса қиын органның бірі болып саналады. Кейбір адамдарда осы гипофиз бастапқы қалпын жоғалтпайтын болса, ол өте мөлдір қалпында сақталады, яғни оның екінші бір адамға әсер ететін энергетикалық қуаты да аса күшті болады. Бұл – бір жағынан, жан иесінің бойында тоғысқан экстроординалық қабілет. Таңғаларлығы сонда – кейбір жандар өздерінің табиғатында тоғысқан мұндай қабілетінің бар екенін өзі де біле бермеуі мүмкін. Алайда ондайлардың адамға, жан-жануарға тесіле қарап, тамсанып-жұтынуының бір ұшы осы "көз тиюге" әкеліп соғады", - дейді психология ғылымының докторы, профессор Мұқан Перленбетов.

Адам миы
Көрнекі фото: pixabay.com

Көз тиюден қалай сақтанған жөн?

Дін мамандары тіл-көз тию шариғатта бар екенін растап, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) "Көз тию хақ" деген хадисін келтіреді.

"Көз тию – ақиқат. Ол түйені қазанға, адамды қабірге түсіреді", - делінген хадистердің бірінде.

Дінтанушы Алау Әділбаев көз тиюден сақтану үшін мынадай кеңес береді:

  • "Қалам" сүресінің 51-52 аяттарын, "Фатиха", "Аятул-курси", "Фалақ" және "Нас" сүрелерін, сонымен қатар Алланың есімдері мен сипаттарын, Алланың аты аталған аяттарды оқу қажет;
  • елдің назарын өзіне аудартатын, олардың қызығушылығы мен қызғанышын тудыратын киім-кешектер киюден, түрлі әрекеттерден сақтану;
  • Пайғамбарымыз (с.а.с.): "Кімде-кім өзіне қатты ұнаған бір нәрсе көрсе, "Машалла, баракалла" десе, оның қараған нәрсесіне көз тимейді", - деген;
  • көзі тигіш кісілер мен орталардан мүмкіндігінше алшақ жүру. Ерекше қажеттілік туындамаған жағдайда ол жерлерге бармау, бара қалған жағдайда Аллаға сыйынып, жәрдем сұрап дұға жасау қажет.
Құран кітабы
Құран кітабы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Балаға көз тигенін қалай анықтауға болады?

"Көз тиген баланы қалай емдейді?" деген мақалада көз тиюдің мынандай белгілері келтірілген:

  • көздің сұғы өткір тиген баланың арқасында немесе бетіне қара дақтар пайда болады;
  • ембей қояды;
  • омыраудан шыққан бала болса, аузына тамақ апарсаң, басын алып қашады.
  • егер көз жеңіл тисе бала мазасызданып, тамаққа бұрынғыдай тәбеті тартпай, тек сүтті ғана қорек етеді;
  • көңілі жабырқау тартып, айналасында болып жатқан нәрселерге елең етпейді;
  • еш нәрсеге зауқы соқпай, мелшиіп отыра береді.

Шариғатта көз тиген баланы емдеудің үш жолы айтылады:

  1. Балаңызға көзі тиген адамды шамалап білсеңіз, оған жағдайды түсіндіріп айтып, жеңіл дәрет алғызып, дәрет суының қалғанымен баланы шомылдыру керек.
  2. Кімнің көзі тигені белгісіз болса, "Фатиха", "Ықылас", "Фәлаһ", "Нас", "Аятул күрсі" сүрелерінің біреуін оқып, денесін толықтай сипап шығу керек.
  3. "Фатиха", "Ықылас", "Фәлаһ", "Нас", "Аятул күрсі" сүрелердің біреуін таза суға оқып, балаға ішкізу керек.

Бұған қоса дін мамандары балаға көз тиген деп ойласаңыз, мешітке апарып, имамға дем салдыруға, сондай-ақ өзіңіз сүйкімді балақайға сүйсініп қарап қалсаңыз, "Алланың құдіреті", "Алланың жаратқаны", "тіл-көзім тасқа" деп айтуға кеңес береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2130135-koz-tiiu-bar-ma-sharigat-boiynsha-tilden-kozden-qalai-saqtanuga-bolady/