Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әлия Юсупова және Олимпиада: қазақ гимнастының жүріп өткен жолы

Жарияланған күні:

Әлия Юсупова
Гимнастшы - Әлия Юсупова. Көрнекі сурет: vesti.kz

Әлия Юсупова2006 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы. Әлем кубогы және Гран-при ойындарының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақстандық гимнастшының спорт әлемінде өзіндік сара жолы бар. Ол Мәскеуде тоғыз жыл қатарынан жаттықты. Спортшының Ресейде қалып жұмыс істеу мүмкіндігі болды, бірақ ол жинақтаған тәжірибесін өз еліндегі гимнастиканың дамуына арнап келеді. Бұл мақаламызда қазақ гимнасты Әлия Юсупова жайлы ақпараттар ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Әлия Юсупова - 2006 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы және халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Олимпиада ойындарына қатысқан тұңғыш қазақстандық гимнастшы.
  • Ол Мәскеуде тоғыз жыл жаттықты, бірнеше халықаралық жарыстарда жүлделі орындар алып, екі рет Олимпиада ойындарына қатысты.
  • Қазіргі уақытта Әлия Юсупова Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы және Қазақстан гимнастика федерациясының президенті болып, жас гимнастшыларды дайындауда.

Әлия Юсупованың өмірі, спорттағы жолы

Әлия Махсұтқызы Юсупова 1984 жылы 15 мамырда Шымкент қаласында дүниеге келген. Әлия спорт залына алғаш рет 6 жасында барған. Оның гимнастикамен шұғылдануына әкесі Мақсұттың спортқа деген қызығушылығы септігін тигізген көрінеді. Себебі Әлия Юсупованың әкесі де спорт шебері.

"Әкем спорттың екі-ақ түрін мойындайды, - дейді Әлия Махсұтқызы. Еркектер үшін – бокс, қыздар үшін – көркем гимнастика".

Әлия Юсупова әлем чемпионатындағы алғашқы медалін 2001 жылдың қыркүйегінде Берлинде жеңіп алды. 17 жасар Әлия шеңбермен жаттығуда екінші болды. Бір айдан кейін ол қазақстандық көркем гимнастика үшін бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Ол көпсайыста ондыққа енді.

Спорттағы мансап жолында ол Ирина Александровна Винердің шақыруымен Ресейде жаттықты. Ол әлемде көпсайыс бойынша үздік ондыққа енген жалғыз қазақстандық спортшы, Қазақстанның бес дүркін чемпионы, гимнастикадан әлем чемпионаттарына екі рет қатысқан. Бірде-бір азиялық гимнаст әлі құрлықтың алты дүркін чемпионы атана алмады.

Мен 15-16 жасымда спортты таңдамай, Мәскеуге барудан бас тартсам, бұл кезде мүлдем басқа өмірді сүрер едім. Мен өз жолымды таңдадым, мені ешкім мәжбүрлеген жоқ.
  • Ол – 2002 жылғы Пусандағы Азия ойындарының вице-чемпионы. Осы Азия ойындарында Әлия көркем гимнастика бойынша Қазақстанның ең бірінші марапаты ретінде күміс медаль жеңіп алды.
  • 2003 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында үш түрлі бағдарлама бойынша финалға шықты. Шеңбермен жасалатын жаттығу бойынша ең үздік нәтиже көрсетіп, төртінші орынға ие болды.
  • 2004 жылы Мәскеуде өткен әлем чемпионатының финалында ол бірден екі бағдарлама түрі бойынша доппен және лентамен жаттығулар жасап, күміс жүлдегер атанды. Қыркүйек айында Юсупова әлем чемпионатында алғашқы алтын медалін жеңіп алды. Ташкентте ол шеңбермен жасаған жаттығулары арқылы үздік атанды.
  • Гимнастшы 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарының жеңімпазы атанды.
  • 2000-2009 жылдары Қазақстанның абсолютті чемпионы атанған.

Әлия Махсұтқызы екі Жазғы Олимпиада ойындарына қатысты:

  1. 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада;
  2. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада.

Афины Олимпиадасында төрттікке табан тіресе, Бейжің Олимпиадасында бесінші орынға ие болды.

Көркем гимнастика мектебі

Әлия Юсупова спорттық мансабын аяқтаған соң көркем гимнастика мектебін ашып, онда болашақ жеңімпаздарды дайындауды қолға алды. Ол бүгінде көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы және Қазақстан гимнастика федерациясының президенті.

Әлия Юсупова ұлттық құрамаға бапкер боп келген кездегі жағдайы туралы informburo.kz сайтына берген сұхбатында былай деген:

Мен 2011 жылдың қарашасында ұлттық құраманы басқардым, бірақ ол жерде гимнасттар болған жоқ. Себебі үлкендер мансап жолын аяқтап жатты, сондықтан біз өте қиын жағдайға тап болдық. 1997-1998 жылы туған балаларды күтуге тура келді, олар әлі де қатаюы керек. Олар –Сабина Әшірбаева, Әлия Асымова, Виктория Горбунова және Екатерина Скорикова. Бірақ біз қыздарды қабылдап, 2014 жылы Азия ойындарына алып бардық. Нәтижесінде біздің жас құрама Инчхонда қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл үлкен жетістік болды. Қыздар баға жетпес тәжірибе жинады.

2013 жылы Әлия Юсупова көркем гимнастшысы Сабина Әшірбаеваны жаттықтыра бастады. Оның басқа да танымал шәкірттері арасында Алина Әділханова мен Елжана Тәниева бар.

Әлия Юсупова 2018 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алды. Сондай-ақ 2018 жылғы "Жазғы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы" номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт сыйлығының лауреаты атанды.

2024 жылдың 30-31 мамыр күндері Шанхайда (Қытай) өткен Халықаралық гимнастика федерациясы Атқарушы комитетінің отырысында қазақстандық гимнастика федерациясының президенті және көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әлия Юсуповаға FIG Құрметті бапкері атағын беру туралы шешім қабылданды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2147553-aliia-iusupova-zhane-olimpiada-qazaq-gimnastynyng-zhurip-otken-zholy/