Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үйді қалай тез жинауға болады: лайфхактар

Жарияланған күні:

Үй жинаған қыз
Үй тазалайтын құралдар ұстап тұрған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Тазалық қай кезде де әдемі көрінеді. Оның үстіне бөлме кең болып тұратын болса, жанға жайлы болары сөзсіз. Ұсақ-түйек заттардың өзін орнымен орналастыра білу керек. Ол үшін үй жинауға арналған тиімді әдістерді қолдану жеткілікті. Homes and Gardens және Good Housekeeping журналдарын негізге ала отырып, үйді қалай тез жинауға болатыны туралы лайфхактарды ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Үйді жылдам тазалау үшін әр бөлмеде белгілі бір әрекеттер жасау керек: дәліздегі қажетсіз заттарды алып тастау, қонақ бөлмеде жайлылық жасау, балалар бөлмесін балалармен бірге жинау, жатын бөлмені демалысқа ыңғайлы етіп ұйымдастыру, жұмыс бөлмесінде тәртіп орнату.
  • Асүйде күнделікті тазалық жасап, айына бір рет толық тазалау жүргізу керек. Жуынатын бөлме мен дәретханада санитарлық нормаларды қатаң сақтау маңызды.
  • Homes and Gardens журналының сарапшылары үйді жоғарыдан төменге қарай тазалауға кеңес береді. Good Housekeeping журналы балалардың қалауын ескеріп, олармен бірге тазалық жасауды ұсынады.

Үйді қалай тез тазалауға болады? Үй жинау үшін кіреберістегі қажетсіз заттардан құтылу керек, қонақ бөлмеде жайлылық жасап, балаңызбен бірге балалар бөлмесін тазалау, жатын бөлмеде жайлы демалатын жағдай жасау, жұмыс бөлмесіндегі заттардың бәрін өз орнына қою, тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету, ас үйде, жуынатын бөлме мен дәретханада санитарлық нормаларды сақтау маңызды.

Дәліздегі қажет емес заттардан құтылыңыз

Үйді тазалауды неден бастау керек? Тазалықты дәлізден бастаңыз. Дәліздегі заттарды былай орналастырыңыз:

  • Ретсіз тұрған, шаң жинайтын және тазалық жаауды қиындататын заттарды алып тастаңыз.
  • Басқа заттарды қораптарға, кішкентай шкафқа немесе шкафқа салыңыз.
  • Заттарыңыз бен аяқ киімдеріңізді сұрыптаңыз.
  • Маусымдық заттарды сақтаңыз және қажет емес заттарды алып тастаңыз.
  • Кілттер мен басқа кішкентай керек-жарақтарды кілт ұстағышқа іліп қойыңыз немесе сөреге қойыңыз.

Homes and Gardens журналының сарапшылары үйді жоғарыдан төменге қарай тазалауға кеңес береді. Сондықтан алдымен үстіңгі бұрыштардағы шаң-тозаңды, содан соң жиһаздар мен шамдарды сүртіңіз. Артынша сөрелердің шаңын, айнаны сүртіп, еденді жуып, босағаға таза кілемше төсеңіз.

Қонақ бөлме жайлы болсын

Барлық отбасы мүшесі үлкен бөлмеде жиналады. Мұнда қонақтарды қарсы алып, бос уақытты өткізеді. Қонақ бөлмеңізді қарап шығыңыз және жоспар бойынша реттеп шығыңыз:

  • Жиһаздарды орнына қойыңыз.
  • Кітаптар мен журналдарды ұқыпты етіп жинаңыз.
  • Бөлме өсімдіктерінің жапырақтарына су сеуіп, жуыңыз, құрғаған жапырақтарын алып тастаңыз.
  • Төбе мен шамдағы шаң мен өрмек торын алыңыз. Шамдар күңгірт болса, оларды алып, дымқыл шүберекпен сүртіңіз.
  • Терезеге ілінген ауыр перделердің, жұмсақ жиһаздардың және еденге төселген кілемнің шаңын шаңсорғышпен тазалап алыңыз.
  • Барлық айна және жылтырайтын жерлерді, терезе алдын арнайы қоспа себілген шүберекпен сүртіңіз.

Ең соңынан еденді таза сумен жуыңыз. Қонақ бөлмедегі еденге кілем төселген болса, шаңсорғыш жұмысыңызды жеңілдетеді.

Қонақ бөлме
Әдемі, жарық қонақ бөлме. Көрнекі сурет: pixabay.com

Балалар бөлмесін балаңызбен бірге тазалаңыз

Егер сіз үйді тазалау керегін балаларыңызға үйретпесеңіз, олардың алдағы уақытта да бөлмесін тазалауы өте қиын болады. Good Housekeeping журналы тазалық жасау кезінде балалардың қалауын ескеруге кеңес береді. Тіпті ескі жемпір де сүйікті болуы мүмкін және баланың келісімі болмаса, оны тастауға болмайды.

Бөлмені балаңызбен бірге тазалаңыз:

  • Балаңызды заттарын қоятын үй табуға шақырыңыз, ол оларды қуана-қуана қояды. Заттарды шкафқа іліп қоюға рұқсат етіңіз, оларды комод жәшіктеріне салғызыңыз.
  • Ұйқыдан оянғаннан кейін төсек-орынды қалай дұрыс жинау керегін көрсетіңіз.
  • Ойыншықтарды орын емес, санат бойынша сұрыптау арқылы арнайы жәшіктерге жіберіңіз. Керек емес ойыншықтарды басқа балаларға беріңіз, ал сынғандарын тастаңыз.
  • Үстел үстіндегі кішкене заттарды тартпаға салыңыз.
  • Кітаптарды сөреге қойыңыз.
  • Компьютерлік жабдықты арнайы өнімдермен және микроталшықты шүберекпен сүртіңіз. Балаларыңызға өз заттарын күтіп ұстауды үйретіңіз.

Жатын бөлме жайлы демалыс үшін қажет

Жатын бөлменің шашылып жатуы ұйқысыздық тудыруы мүмкін. Демалатын орныңыздағы қуат балансын осылай қалпына келтіріңіз:

  • Жастықтарды жаңалап ауыстырыңыз.
  • Оқыған кітаптарыңызды сөрелерге жинап қойыңыз.
  • Төсек жабдықты жуыңыз.
  • Кір киімдерді жууға жинап, тазаларын шкафқа іліп қойыңыз.
  • Шкафыңызды тексеріп, ұзақ уақыт бойы кимеген киімдеріңізді алып тастаңыз.
  • Косметиканың жарамдылық мерзімін қарап шығыңыз. Мерзімі өткен заттарды тастаңыз.

Бөлмеңізді ұқыпты ұстау үшін төсегіңізді күнде әдемілеп жинап жүріңіз. Қонақтар жатын бөлмеге кірмейді, дегенмен өзіңіз демалатын бөлменің жинақы тұрғаны жақсы.

Жатын бөлме
Жатын бөлмедегі керует. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жұмыс бөлмесін тазалаңыз

Үйдегі жұмыс бөлмесі бірте-бірте ретсіз болып шыға келеді. Мұнда кофе шыныаяғы, мыжылған қағаз, шашылған дәптер жатуы ғажап емес. Жұмыс бөлмесін тазалау үшін мына ережелерді сақтаңыз:

  • Жұмыс үстеліңізден қоқысты алып тастаңыз.
  • Құжаттарды, блокноттарды және дәптерлерді қарап шығыңыз.
  • Барлық қажет емес затты үстелге немесе сөреге қойыңыз.
  • Кеңсе заттарын арнайы орынға салыңыз.
  • Күн сайын көп шаң жинайтын гаджеттердің экрандарын арнайы майлықтармен сүртіңіз.

Аяқ астындағы кілемді ғана емес, жұмсақ жиһазды, сондай-ақ кондиционердегі желдеткіш тесіктерді де шаңсорғышпен тазалаңыз. Жұмыс үстелін күнделікті дымқыл матамен сүртіп отырыңыз.

Асүйдегі тазалық маңызды

Асүй – тамақ пісіретін және бүкіл отбасы дастарқан басына жиналатын үйдегі ерекше орын. Бұл бөлмеге күн сайын тазалық жұмыстарын жасау міндетті. Асүйді мына принцип бойынша тазалаңыз:

  • Қандай тағам пісірілсе де, артынша асүйді тазалаңыз.
  • Пешті, үстел бетін және асхана үстелін дымқыл матамен сүртіңіз.
  • Күнделікті қоқысты шығарып, қоқыс жәшігін жақсылап жуыңыз.

Еденді жылы сабынды сумен жуыңыз. Айына бір рет асүйге толық тазалау жұмысын жасауды жоспарлаңыз. Қажетсіз қоқыстар мен мерзімі өткен өнімдерді қарап шығыңыз және тастаңыз. Дастарханның немесе үстелдің беті бүлінбеу үшін арнайы майлықтарды (тейблмат) пайдаланыңыз. Оларды мезгіл-мезгіл сабынды жылы сумен жуыңыз.

Жуынатын бөлме мен дәретхананың санитарлық талаптарын сақтаңыз

Life Storage журналы жуынатын бөлме мен дәретхананы күнделікті таза ұстауға кеңес береді. Барлық отбасы мүшесіне жеке гигиеналық заттарды өз орындарына (шкафтарға немесе жәшіктерге) қоюды үйрету керек, сонда тазалық жасауға қосымша уақыт жұмсаудың қажеті жоқ.

Жуынатын бөлменің тазалығын жоғарғы жағынан бастаңыз және қабырғалардың кірін тазартып, төмен қарай жүріңіз. Заттарды былай ретке келтіріңіз:

  • Үстелдің үстіңгі тақтайындағы барлық затты алып тастаңыз және шаңын шүберекпен сүртіңіз.
  • Жуатын қоспаны шұңғылшаның (раковина), душтың немесе ваннаның бетіне жағып, бірнеше минутқа қалдырыңыз, содан кейін ысқышпен (губка) сүртіңіз және таза сумен шайыңыз. Крандарды, түтіктерді және душ саптамасын сүртіңіз.
  • Айналарды арнайы тазартқышпен сүртіңіз.
  • Дәретхана щеткасын алып, бүкіл ыдысты тазалағышпен сүртіңіз. Дәретхананы жуыңыз, сонда унитаз таза болады.
  • Еденді ыстық сабынды сумен жуып, ылғалды болса, құрғақ шүберекпен сүртіңіз.

Жуынатын бөлмеде және дәретханада барлық ұсақ зат үшін арнайы орындар дайындаңыз. Сүлгілерді ілгіштерге іліңіз, шүберектерді ұқыпты етіп бүктеңіз. Душ кабинасының, ваннаның және дәретхананың жанына жұмсақ кілемшелер төсеңіз.

Үй тазалайтын уақытты барынша азайту үшін отбасының барлық мүшесіне күнделікті заттарды қалай жинау керегін үйретіңіз. Үйдің іші мұнтаздай тап-таза әрі жинақы болу үшін бөлмелерді демалыс күндеріне қалдырмай аптаның ортасынан бастап ретке келтіріңіз. Сонда бәріне уақыт пен күш жетеді, ал үйіңіз жарқырайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2147926-uidi-qalai-tez-zhinauga-bolady-laifhaktar/