Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сәлем, саған мектебім!": алғашқы қоңырауға арналған тақпақтар топтамасы

Жарияланған күні:

Қоңырау
Мектеп қоңырауы. Көрнекі сурет: abai.kz

Алғашқы қоңырау мектеп табалдырығын жаңа аттағалы отырған балақайлар үшін өмірдегі ең толқынысты әрі ең ерекше сәттердің бірі ретінде есте қалатыны сөзсіз. Осы айтулы мереке қарсаңында мектеп, бірінші сынып, ұстаз туралы өлең, тақпақтар топтамасын ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Бұл мақала алғашқы қоңырау мерекесіне арналған, мектеп, бірінші сынып және ұстаз туралы өлеңдер мен тақпақтар топтамасын ұсынады.
  • Мақалада түрлі ақындардың, соның ішінде Әдібай Табылды, Нұрғали Ибрайым және Ғабиден Қожахметтің шығармалары берілген.
  • Өлеңдер мен тақпақтарда оқушылардың білім алуға деген құштарлығы, мектепке алғаш барудың қуанышы және ұстаздарға деген құрмет сезімдері жырланады.

Алғашқы қоңырау

Құс шарлап аспанды,

Күз айы басталды.

Бірінші қоңырау

Оқуды бастады.

Алақай, келіңдер:

Класқа еніңдер.

Балалық өмірдің

Бақытын көріңдер!

Әдібай Табылды

Алғашқы қоңырау

Қуаныш тербеп көңілді,

Жүздерден алау төгілді.

Тыңдашы сыры мол үнді,

Алғашқы қоңырау соғылды.

Құшаққа гүлдер көмілді,

Шуаққа мектеп шомылды.

Құттықтап ұстап қолыңды,

Алғашқы қоңырау соғылды.

Жайлы бір дауыс қонымды,

Ұялап алды көгімді.

Көрсетер оң мен солыңды,

Алғашқы қоңырау соғылды.

Нұрлы таң қайта жалғасты,

Арманға арман арна ашты.

Сыңғырлай берші бір тынбай,

Қоңырауым менің алғашқы!

Нұрғали Ибрайым

Мұғалім мен партада отырған оқушылар
Мұғалім мен оқушылар. Көрнекі фото: aqmeshit-zhastary.kz

Сәлем, саған мектебім!

Сәлем, саған мектебім!

Алғыстарым көп менің.

Оқу, білім, тәрбие

Ой санама еккенің.

***

Бірінші қыркүйек күні мен

Аңқыған жұпар гүліммен

Келіп ем, қарсы алар мектебім

Сүйкімді қоңырау үнімен.

***

Биыл мен де мектепке

Біріншіге барамын.

Мақтанбаймын мен текке,

Дайын дәптер, қаламым.

***

Мектепке енді барамыз,

Біз оқушы боламыз.

Жақсы оқып сабақты,

Кілең бестік аламыз.

***

Гүл толы қала, дала да,

Гүл толы бүгін омырау.

Шақырып мектеп – анаға,

Соғылмақ тұңғыш қоңырау.

***

Биыл ғана мектептің Табалдырығын аттадым. Әліппені қолға алып, Әріптерді жаттадым.

Партаға алғаш отырдым, Бұдан асқан бақыт жоқ. Оқушы болдым, мінекей, Ойнауға енді уақыт жоқ.

Алғашқы қоңырау

Киімі де, сөмкесі де көркем-ді,

Білім жолда арманы асқақ желкен-ді.

Мектебіне бара жатыр ұлтыңның

Әлиханы, Ахметі ертеңгі.

Бір-бір үйдің қызы – айы, ұлы – күн,

Бола берсін, еркелеу ме бірі тым.

Мектебіне барады олар ұлтының

Арқалап ап үкілеген үмітін.

Өткен дәуір көрсең де өмір бұрқағын,

Талай мәрте жеңіс жырын шырқадың.

Білім жолға бет түзеді, міне, енді

Санасы да, ойы да азат ұрпағың.

"Ұл-қызым" деп ана ұйқысы сан қашты,

Бесік тербеп, күн мен түні алмасты.

Солар үшін алдағы үлкен өмірдің

Соғылады қоңырауы алғашқы.

Бөбегінің оятса ана талғамын,

Тілейді енді жақсы шәкірт болғанын.

Сол бөбектер алып бара жатқандай

Өз ұлтының жалау етіп арманын.

Бесігінен асыққандай бүгінге,

Ұстазына ол ұмытпайды гүлін де.

Ұға жүріп заманының үнін де,

Сөйлейді олар бабасының тілінде.

Басталғанда білім жолдың асқары,

Қадамдарын үлкендер де қостады.

Олар үшін соғылса алғаш қоңырау,

Сол қоңырау – келешектің бастауы.

Маңызын да, мәнін де ұғып бұл күннің,

Міне, тағы биіктерге ұмтылдың.

Бара жатыр көшелермен мектепке

Бала шағы, болашағы ұлтыңның.

Ғабиден Қожахмет

алғашқы қоңырау
Алғашқы қоңырау. Көрнекі фото: Pixabay.com

Рақмет, алғашқы ұстаз!

Білім жол бәріне аңсарлы,

Ой зерек болса оған ұнадың.

Сендерді күлімдеп қарсы алды

Мектепте мейірімді мұғалім.

Қарсы алды сыныбың, партаң да,

Тәртіппен сен оған ұнадың.

Жүреді күлімдеп ортаңда

Тағы сол мейірімді мұғалім.

Ұстазың, мейірбан үні тым,

Қақпайды тым қатты бетіңді.

Қоғамның кішкентай үмітін

Баптайды жас шыбық секілді.

Ұстаздың сан қырлы әлемі,

Санасы, жүрегі – асқақ ар.

Қоғамға құрмет әуелі

Ұстазды сыйлаудан басталар.

Шәкірттер осында келеді,

Өзіне жаңаша дос табар.

Еліңе құрмет әуелі

Мектепті сүюден басталар.

Кешегі ұлылар ізісің,

Өткізбес босқа әр кез уақытты.

Отанның ұлысың, қызысың,

Отаны бар адам бақытты.

Әрқашан қамын жер баланың

Анаңды шаттықты күйге енгіз.

Құт болсын білімде қадамың,

Бірінші сыныптық ұл мен қыз.

Бәріне тым ыстық көрінген

Естисің қоңырау үнін кеп.

"Жақсы оқы" дегендей сеніммен

Сендерге елің тұр күлімдеп.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2148747-salem-sagan-mektebim-algashqy-qongyrauga-arnalgan-taqpaqtar-toptamasy/