Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тершеңдіктен қалай құтылуға болады: мамандар кеңесі

Жарияланған күні:

Читать на русском
Терін сүртіп тұрған әйел
Әйел. Көрнекі фото: freepik.com

Ыстық күндерде адамдар көп терлейді. Тердің иісі жағымсыз әсер қалдырады. Ыстық күндерде қалай әдеттегіден аз терлеуге болатыны туралы ұсыныстарды мамандар мен арнайы басылымдардағы кеңестер негізінде ұсынып отырмыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Тершеңдіктен құтылу үшін мамандар антиперспирантты түнде қолдануды, ащы тағамдар мен кофеинді сусындардан бас тартуды ұсынады.
  • Ашық түсті, жеңіл, ауа өткізетін маталардан тігілген киімдер киіп, шаш үлгісін қысқартып, бөлмені салқындату керек.
  • Қатты тершеңдік гипергидроз белгісі болуы мүмкін, оны емдеу үшін дәрігермен кеңесіп, арнайы процедуралар жасау қажет.

Антиперспирант қолданыңыз

Қолтықтың терлеуін тоқтату үшін не істеу керек? Қолтықтағы терді тоқтатудың ең оңай жолы – антиперспирант қолдану. Олар ролик, спрей немесе крем түрінде болуы мүмкін. Олардың құрамында алюминий тұздары бар, олар теріге тиген кезде тері тесіктерін бітеп, терлеуді тоқтатады.

Кейбір антиперспиранттар тердің иісін жасырады. Бірақ жаңа қырылған теріге антиперспирант қолданбаңыз, себебі ол теріні тітіркендіруі немесе күйдіруі мүмкін.

Health Strive компаниясының денсаулық сақтау маманы, медицина ғылымдарының докторы Николь Левин NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзив пікірінде антиперспиранттарды таңертең ғана емес, түнде де қолдануға кеңес береді:

Антиперспирантты жатар алдында жағуа кеңес беремін, сол кезде тері бездерінің белсенділігі төмен болады да, түні бойы әсер етеді. Осылайша белсенді ингредиенттер тері бездеріне толықтай сіңіп, оянар кезде толықтай бітеп үлгереді.
Антиперспирант сеуіп тұрған әйел
Әйел. Көрнекі фото: freepik.com

Антиперспиранттарды таза, құрғақ теріге жағу керек. Ол үшін оны қолданар алдында жуынып, қолтық астындағы суды жақсылап сүртіңіз.

Ащы тағамдардан, алкогольден және кофеиннен бас тартыңыз

Кейбір өнімдер жылу бергіштікті арттырып, оларды қабылдағаннан кейін 30-40 минуттан кейін терлете бастайды. Терлеуді азайту үшін медицина сарапшысы Николь Левин NUR.KZ тілшісіне берген кеңесінде дұрыс тамақтануды ұсынды:

Ащы тағамдарды және құрамында кофеин бар сусындарды рационнан алып тастау тершеңдікті басуға көмектеседі, себебі бұл заттар тердің көбірек бөлінуіне әсер етіп, тер бездерінің жұмысын күшейтуі мүмкін. Ащы тағамдар дене температурасын жоғарылатады және тер бездерінің жұмысын белсендіреді, ал кофеин тер шығаруды ынталандыруы мүмкін.

Сіз алкогольді, кофеинді сусындарды немесе ащы тағамдарды ішкеннен кейін әдеттегіден көбірек терлейсіз. Атап айтқанда, қыша, ақжелкек, бұрыш, карри, пияз, сарымсақ, кориандр және зімбір сияқты дәмдеуіштерді тұтынудан аулақ болыңыз. Мұзды сусындар мен ыстық тағамдардан бас тартыңыз: біріншісі тері бездерін белсендіреді, ал екіншісі дене температурасын көтереді, содан адам әдеттегіден көбірек терлейді.

Ашық түсті жеңіл, ауа өткізетін маталардан тігілген киімдер киіңіз

Өн бойыңызды қатты тер басса, не істеуге болады? Тер шығудың қарқындылығы киімге де байланысты. Азырақ терлеу үшін WebMD медициналық басылымы зығыр, мақта, шифон немесе жібек сияқты табиғи, жақсы желдетілетін маталардан тігілген киімдерді таңдауды ұсынады.

Мұны NUR.KZ-ке YR Fitness және Oxygenark компанияларының негізін қалаушы, сертификатталған диетолог-нутрициолог Джордж Янг те айтты:

Мақта сияқты жеңіл, ауа өткізетін маталардан тігілген киімдер киіңіз. Олар терінің тыныс алуына көмектеседі, соның нәтижесінде тер тезірек буға айналып, денені салқындатады. Жылу мен ылғалды ұстап тұратын, сол арқылы терлететін синтетикалық материалдардан аулақ болыңыз.

Денеге жабысып тұратын киім ауа айналымына кедергі келтіреді, сондықтан кең пішілген киімдерді таңдаңыз. Түс де маңызды рөл атқарады: қара түсті киімдер тез қызады, сондықтан жұмсақ түсті киім киіңіз.

Әйел
Әйел. Көрнекі фото: freepik.com

Ыстық күнде сандалдар, шәркейлер, босоножкалар және үстіңгі жағы торлы аяқ киім киіңіз. Мұндай аяқ киімдер аяғыңызды жақсы желдетеді.

Шаш үлгісін өзгертіңіз

Ұзын шаш тек бас терісін ғана емес, сонымен қатар бетті, мойын мен иықты қыздырады, сондықтан күн ыстықта қысқа шаш үлгісін таңдаған жөн. Әсіресе шашы қалың адамдар күн ысығанда шашын қысқартқаны жөн.

Тершеңдікке бола ер адамдар жазда шашын жиі қысқартады немесе мүлде алып тастайды. Әйелдер қолаң шашын кесуге қимайды, сондықтан оны төбеге жинап қоюға немесе өріп қоюға болады.

Егер стиліңізді түбегейлі өзгертуге бел бусаңыз, шашыңызды қысқа немесе орташа етіп қидыруға болады, ол сіздің образыңызды ерекше көрсетеді, мысалы, каре, шегги, пикси немесе боб сияқты шаш үлгілерін таңдауға болады. Ұзындығы иыққа жететін немесе сәл төменірек шашпен сіз өзіңізді сергек сезінесіз. Бұған қоса, қысқалау шаш тезірек кебеді және таза болады.

Бөлмені салқындатыңыз

Терлеу – дене өзін-өзі салқындататын табиғи механизм. Дене температурасы немесе ауа температурасы жоғары болмаса, тер аз бөлінеді.

Ол үшін суға түсіп, салқындатыңыз, салқын сусындар ішіңіз және желдеткіштер мен кондиционерді қолданыңыз, деп кеңес береді диетолог-нутрициолог Джордж Янг:

Салқын бөлме азырақ терлетеді. Бөлмедегі температураны төмендету үшін желдеткіш немесе кондиционер пайдаланыңыз және салқын суға жуыну арқылы денеңізді салқындатыңыз. Далада мүмкіндігінше көлеңкедк жүруге тырысыңыз. Теріңізді тікелей күн сәулесінен қорғаңыз. Шляпа мен күннен қорғайтын көзілдірік кию тікелей күн сәулесінен қорғайды және салқындауға көмектеседі.
Ер адам кондиционер қосып жатыр
Ер адам. Көрнекі фото: pixabay.com

Healthline медициналық басылымы көшпелі желдеткіштерді пайдалануды ұсынады, бірақ желдеткіштің астында дымқыл шашпен немесе арқаны беріп тұрмаңыз. Әйтпесе, арқа мен мойын бұлшықеттері қабынуы мүмкін.

Гипергидрозды емдеңіз

Егер сіз өзіңізді қатты тершеңмін деп ойласаңыз, гипергидрозыңыз бар-жоғын білу үшін дәрігеріңізбен кеңесіңіз.

Medical News Today медициналық басылымы гипергидрозды емдеудің бірнеше әдісін ұсынады:

  • рецепт бойынша антиперспирант қолдану;
  • ауыз арқылы қолданатын препараттарды қабылдау;
  • антидепрессанттар;
  • ботулинотерапия (ботокс инъекциялары);
  • ионтофорез;

Гипергидроз генетикалық жолмен берілуі мүмкін немесе қан айналымының бұзылуына, вегетативті дисфункцияға, эндокриндік, неврологиялық және басқа ауруларға байланысты болуы мүмкін. Бұл жағдайда бастапқы себептерді жою немесе созылмалы аурулардың тұрақты ремиссиясына қол жеткізу қажет.

Дәрігерге қаралып жатқан әйел
Дәрігер мен науқас. Көрнекі фото: freepik.com

Терлеу – қалыпты жағдай, әсіресе жазда, бірақ психологиялық қысым тудыруы мүмкін. Тершеңдіктен құтылғыңыз келсе, антиперспирантты дұрыс қолданыңыз, жеңіл, ауа өткізетін киім мен аяқ киім киіңіз, ащы тағамдардан, кофеинді сусындар мен алкогольді сусындардан бас тартыңыз. Салқын бөлменің өзінде қатты терлей беретін болсаңыз, дәрігермен кеңесіңіз.

Назар аударыңыз! Материал тек ақпарат беру мақсатында жазылған. Мұнда сипатталған емдеу әдістеріне дәрігермен кеңесіп алып жүгінген жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2148888-tershengdikten-qalai-qutyluga-bolady-mamandar-kengesi/