Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үйлену тойына қандай гүл сыйлауға болмайды: қалыңдықтарға құнды кеңестер

Жарияланған күні:

Қалыңдық гүлі
Қалыңдық қолындағы гүл. Көрнекі сурет: pixabay.com

Әдетте гүл үйлену тойына арналған сыйлықпен бірге беріледі, бірақ гүл шоғы қашанда ерекше сый екенін ескеру керек. KAZ.NUR.KZ-ке үйлену тойына арналған гүлдерді қалай дұрыс таңдау керегін флорист Христина Гофман айтып берді.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Флорист Христина Гофман үйлену тойына гүл таңдау кеңестерін берді, қалыңдықтың гүл шоғы тойдың басты гүлі болып табылады.
  • Тойға гүл таңдауда жыл мезгілі, шақыру қағазының дизайны және жас жұбайлардың талғамы ескерілуі керек.
  • Қонақтар үйлену тойына гүл таңдағанда, хош иісі қатты лалагүлдерді алмаған жөн және "гүл жазылымы" қызметін пайдалану ұсынылады.

Үйлену тойы – ғашықтардың өміріндегі ерекше күн. Дәстүр бойынша бұл мерекеде айнала гүлге толады, үстелдердің үсті гүлмен көмкеріліп, төбеге гүлден жасалған гирляндалар ілінеді. Қонақтар да тойға арнап құшақ-құшақ гүл шоғын әкеледі.

Үйлену тойының негізгі гүлі – қалыңдықтың гүл шоғы, ал тойды гүлмен әсемдеу жас жұбайлардың жеке талғамына қарай таңдалады. Көп жағдайда күйеу жігіт бұл таңдауды қалыңдыққа қалдырады. Ал қыздар нәзік, ақ, қызғылт, крем түсті гүлдерді жиі таңдайды.

Гүлдің символикасы қазір сирек ескеріледі, өйткені гүлдер – табиғаттың әсем туындылары, олар әрқашан қуаныш сыйлайды. "Гүлдер тілімен" сөйлесек, үйлесімді композиция жасау үшін гүлдің пішіні мен басқа да ерекшеліктеріне назар аудару маңызды.

Үйлену тойына арналған гүл шоғын жыл мезгіліне байланысты қалай таңдау керек?

Үйлену тойындағы гүлдер негізгі (раушан, гортензия, қалампыр, лизиантус) және маусымдық болып бөлінеді. Бұл гүлдерді қалыңдықтың гүл шоғы үшін де, қонақтарға арналған сыйлық ретінде де беруге болады. Көктемде үйлену тойын қызғалдақтармен, фрезиялармен, хош иісті гиацинттермен әсемдеуге болады. Жаз мезгілінде дала гүлдері, күзде хризантема, георгина және гладиолус гүлдері жараса кетеді. Қыста тіпті қылқан жапырақты өсімдіктерді алуға болады.

Үйлену тойына гүл таңдағанда "судағы" гүл шоғына немесе флористикалық жөкеге қойылған гүлдерге басымдық беріңіз. Мейрамханада қажетті мөлшерде құмыра болмауы мүмкін, ал сіздің гүліңіз ұзақ уақыт бойы өз қалпын сақтап тұрады.

Бақытты жұбайлар
Бақытты жас жұбайлар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Үйлену тойына қандай гүл сыйлауға болмайды?

Жастардың тойына лалагүлдерді сыйлаудан бас тартқан жөн. Бұл әдемі гүлдің иісі өткір, сондықтан аллергия тудыруы мүмкін. Егер жас жұбайлар тапсырыс бойынша тойды лалагүлдермен әсемдеген болса, онда жөні басқа.

Қандай жағдайда болса да, сыйлыққа гүл таңдаған кезде жас жұбайларға қандай гүл түрі ұнайтынын анықтап алыңыз.

Үйлену тойына гүл таңдау бойынша кеңестер мен лайфхактар

Үйлену тойына гүл таңдарда шақыру қағазына назар аударыңыз, ол тойдың түстік гаммасын анықтауға көмектеседі. Әдетте тойда қолданылатын түстер шақыру қағазын безендіруге қолданылады. Кейде шығармашылықпен айналысатын қалыңдық пен күйеу жігіт өз тойына сары, таңқурай түсті, тіпті қара-ақ реңктерді таңдап жатады.

Кейбір тойларға арнайы флорист шақырылады. Егер сіз дәл осындай тойға шақырылған болсаңыз, сыйлыққа арналған гүл шоғын сол флористпен келісіп таңдауға болады. Мұндай тойда қонақтар гүлге алдын ала тапсырыс береді және той өтетін жерге дайын гүл шоғын алып кетеді.

Сондай-ақ "гүл жазылымы" қызметіне жүгінуге болады, яғни гүл сататын дүкен жас жұбайларға белгілі бір уақыт ішінде, мысалы, апта немесе ай сайын гүл шоғын жеткізіп отырады. Егер жас жұбайлар үйлену тойынан кейін бірден саяхатқа кеткен жағдайда да бұл ыңғайлы. Себебі олар үйге оралған кезде үйлену тойының құрметіне сыйға берілген гүлдердің хош иісінен ләззат ала алады.

Бір шоқ гүл
Қалыңдық ұстап тұрған бір шоқ гүл. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жас жұбайлардың туыстары мен құрбысына арналған гүлдер

Күйеу жігіт пен қалыңдықтың жақын туыстарына, сондай-ақ құрбысына берілетін гүл қонақтардың қалауына байланысты алынады. Әдетте жас жұбайлардың туыстарына арналған гүл шоғы қалыңдықтың гүлінен үлкенірек болып келеді және сырты қағазбен немесе басқа да әдемі бұйыммен сәнделуі мүмкін. Мұндайда нәзік түсті гүлдерді немесе үйлену тойының безендірілуіне қолданылған түстермен үйлесетін гүл түрін таңдаған жөн. Қонақтар туыстарға немесе қалыңдықтың құрбысына қалаған гүлін сыйлай алады, бұл жерде арнайы ереже жоқ.

Қорытындылай келе үйлену тойы махаббат пен нәзіктіктің мерекесі екенін еске салуды жөн көрдік. Қуанышын көпшілікпен бөліскен жас жұбайлардың есінде тойға келген жандардың ерекше ықыласы естелік болып қалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2159488-uilenu-toiyna-qandai-gul-syilauga-bolmaidy-qalyngdyqtarga-qundy-kengester/