Махаббаттан қорқу: филофобия деген не және оның белгілері қандай
Жарияланған күні:
Читать на русскомАдамзаттың көптеген қорқынышының арасында махаббат фобиясы да бар. Махаббат фобиясы бар адамдар ғашық болудан қорқады. Филофобияның қандай белгілері бар және одан қалай арылуға болатынын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
- Филофобия - бұл махаббаттан қорқу, оның белгілері эмоциялық жақындықтан қашу, міндеттеме алудан бас тарту және жақын қарым-қатынастардан аулақ болу.
- Филофобияның себептері балалық шақтағы жарақаттар, достардың сатқындығы, буллинг немесе сәтсіз қарым-қатынастар болуы мүмкін.
- Филофобияны жеңу үшін қорқынышты мойындау, оң көзқарас қалыптастыру, серікпен ашық сөйлесу және кәсіби көмекке жүгіну ұсынылады.
Филофобия деген не?
Филофобия дегеніміз не? Филофобия дегенді адамға бауыр басып қалудан, ғашық болудан қорқу деп атауға болады, деп түсіндіреді психолог Дарья Донина NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзивті пікірінде:
Филофобиясы бар адам қорқынышына байланысты жақын қарым-қатынастан қашқақтауы мүмкін.
Филофобия – романтикалық махаббаттан қорқу, дейді MFTонлайн бағдарламасының кеңесшісі Шенелла Карунаратне:
Мұндай фобиясы бар адамдар романтикалық сезімдерден барынша қашқақтайды, ондай адам қарым-қатынас сезімге ұласпауы үшін айналасындағы кез келген адаммен эмоционалдық жақындықтың белгілі бір деңгейінен асудан бас тартады.
Адамдарды таныстыру бойынша маман Эйприл Дэвис тәжірбиесінде филофобиядан зардап шегетін клиенттерді де ұшырастырған. Кездесу күні таянғанда ондай адамдар сасқалақтай бастаған. Олар кездесуден қашып, соның салдарынан өзін кінәлі сезініп, қатты ұялған. Оларға жұп болғысы келетін адамдарды таныстырған кезде жүрегі айнып, есеңгіреп, кейбірі тіпті есінен танып қалған, дейді өз тәжірбиесінен мысал келтірген Эйприл Дэвис:
Олар да сүйіспеншілікті қалайды, бірақ "адамдар жұп құрудан бас тартады" немесе "ажырасып кетеміз" деп қорқатыны сонша, шынайы махаббатты сезіну үшін оларға жылдар бойы емделіп, сабақ алуға тура келді.
Дарья Донина филобофияның мынандай ерекше белгілері бар екенін айтады:
Филофоб қарым-қатынастың басында адамды үндемейтіндігімен және көп сөйлемейтіндігімен баурайды. Ол өзі туралы көп ештеңе айтпай, аяқ астынан кездесуден бас тартып, кетіп қалуы мүмкін. Екінші аспект қарым-қатынас кезінде айқын көрінеді, яғни ол бірге тұруға дайын болмай шығады. Әдетте былай дейді: "Білесің бе, маған жеке кеңістік керек".
Сондай-ақ кездесу уақытын да сол адам таңдайтынына баса назар аудару қажет.
Филофобияның басты белгісі – міндеттемелерден немесе бұл біреуге эмоциялық тұрғыдан бауыр басып қалудан үнемі қорқып жүру, деп түсіндіреді Indiana Center for Recovery оңалту орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Майкл Кейн:
Мұндай фобиясы бар адамдар махаббат немесе қарым-қатынас туралы ойлағанда кезде қатты үрейленіп, дискомфорт сезінуі мүмкін. Олар романтикалық қарым-қатынасқа әкелетін жағдайлардан немесе әрекеттерден қашқақтауы мүмкін.
Қарапайым тілмен айтқанда, олар махаббаттан және бауыр басып қалудан қорқады. ClinicSpots компаниясының психологы және психикалық денсаулық жөніндегі сарапшысы Кетан Пармар:
Тек эмоционалды жақындық туралы ойдың өзі қорқыныш немесе үрей тудыруы мүмкін.
Филофобтар көбіне махаббатқа, қарым-қатынасқа және жеке құндылықтарға қатысты теріс пікірде болады. Физикалық деңгейде махаббат қорқынышы жүрек соғуы, терлеу немесе ентігу ретінде көрінуі мүмкін, дейді PhD, Crestone Wellness лицензиясы бар психолог Каролина Эстевез.
Филофобияның себебі балалық шақта жатқан болуы мүмкін, бірақ оған ата-ана ғана кінәлі болмауы мүмкін, деп түсіндіреді Дарья Донина NUR.KZ оқырмандарына:
Достардың сатқындығы, келемеждеп күлу, буллинг, сәтсіз қарым-қатынас тәжірибесі – филолобияның негізгі себептері осы.
Менің клиенттерімнің филофобиясы немқұрайлылық пен зорлық-зомбылық сияқты балалық шақтағы терең жарақаттан туындаған, дейді Эйприл Дэвис.
Филофобияны қалай жеңуге болады?
Сүйіспеншілікті беру және алу жағымды эмоция сыйлауы керек. Махаббаттан қорқу физикалық және психикалық азапты тудырады және қарым-қатынас құру қабілетіне кері әсер етеді. Романтикалық қарым-қатынастан өз еркімен бас тартқандықтан, адам жалғыздық пен мұң сияқты сезімдермен қалады, ол үнемі эмоционалды күйзелісте жүреді.
Филофобияны жеңу – бұл емделудің, адалдықтың және өзін-өзі қалыптастырудың ұзақ сапары, деп ескертеді сарапшы Эйприл Дэвис.
Қорқынышты өзіңізге кінә артпастан мойындай біліңіз
Филофобиядан қалай арылуға болады? Ең алдымен қорқынышты көре білу керек, деп кеңес береді Дарья Донина. Көбіне адамдар мұны білмейді және махаббат қорқынышына қарсы тұрудан қашады.
Махаббаттан қорқатынын өзін-өзі жазғырмай мойындауы – фобияны жоюдың алғашқы қадамы. Филофобия деген негізінен көбіне өткен шақтағы жағымсыз тәжірбие екенін түсіну – қорқынышқа басқа қырынан қарауға көмектеседі, деп түсіндіреді Centrе of Excellence мамандары.
Филофобиясы бар адам өзін бақылай алмай қалудан қорқады, деп түсіндіреді Дарья Донина:
Жағдайды еркіне жіберіп, өзіңізге ұнайтын адаммен эмоционалды жақындасуға тырысыңыз.
Романтикалық қарым-қатынастарға назар аудармаңыз. Біртіндеп бастаңыз, дейді сарапшы Майкл Кейн:
Романтиканың қысымынсыз достық қарым-қатынас орнатуға көңіл бөліңіз. Осылайша, сіз бірте-бірте адамдарға сенуді үйреніп, эмоционалды жақындық идеясына бой үйрете бастайсыз.
Кішкентай жетістіктеріңізді атап өтіңіз, өзіңізге келгенде шыдамды және мейірімді болыңыз.
Махаббатқа оң көзқарас қалыптастырыңыз
Centrе of Excellence орталығының сарапшылары махаббатқа оң көзқарасты насихаттайтын кітаптарға, фильмдерге және мақалаларға жүгінуге кеңес береді.Осыған қатысты Дарья Донина мынаны ұсынады:
Сіз бар болғаныңыз үшін, адам болып жаратылғаныңыз үшін ғана махаббатқа лайықсыз. Иә, кейде сүйген адамнан айырылып қалуыңыз мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Адамдар біздің өмірімізге келеді және кетеді. Алайда әрқайсымыздың жақын әрі сенімді қарым-қатынас құруға қақымыз бар.
Сатқындықты, ажырасуды және басқа да жағымсыз қарым-қатынастарды өткерсе де, мойымаған, жаңа қарым-қатынас құрып, бақытын тапқан адамдар туралы хикаялар оқыңыз.
Қорқынышыңызды серігіңізден жасырмаңыз
Әлеуетті немесе қазіргі серіктеспен шынайы қарым-қатынас қорқынышты жеңуге көмектеседі. Фобияңызды "Мен қарым-қатынасқа дайын емеспін" немесе "Мен сізге лайық емеспін" және т.б.
Оған неден қорқатыныңызды, осы жағдайға қатысты сізді уайымдататын жайттарды бүкпесіз айтып беріңіз.Қалай айту керек екенін білмесеңіз, мамандардан көмек сұраңыз. Емдеу түсінуді, назар аударуды және шыдамдылықты қажет етеді.
Кәсіби мамандардың көмегіне жүгініңіз
Терапиядан өтуді ойластырғаныңыз жөн, деп кеңес береді доктор Майкл Кейн. Терапевт қорқынышыңыздың түп-тамырын анықтауға көмектесіп, оны жеңу әдістерін ұсынады.
Мысалы, егер сіз үнемі махаббат жүректі жаралайды деп ойлайтын болсаңыз, терапевт сізге бұл ойға қарсы тұруға және оны басқа ойлармен алмастыруға көмектеседі. Мысалы, махаббат сіздің өміріңізге қуаныш әкелетінін түсіндіреді.
Филофобияны жеңудің жалғыз жолы – жүйелі терапия, дейді сарапшы Шенелла Карунаратне. Білікті маманның көмегіне жүгіну махаббат туралы ойыңызды өзгертуге көмектеседі.
Филофобия әртүрлі өмірлік жағдайларға байланысты туындауы мүмкін. Қалай болғанда да, оны жеңуге болады. Ештеңеге алаңдамай, ештеңеден қорықпай, шын жүректен сүюді үйренуге арнайы мамандар көмектесе алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2160355-mahabbattan-qorqu-filofobiia-degen-ne-zhane-onyng-belgileri-qandai/