Мерьем Узерли: мансабы және өміріндегі ең үздік рөлі
Жарияланған күні:
Телехикаядағы Сұлтан Сүлейменнің сүйікті жарының рөлі түрік-неміс актрисасы Мерием Узерли есімін әлемге танытты. Мерьем Узерли әлемге Хюррем сұлтан болып танылды. KAZ.NUR.KZ материалынан Мерьем Узерлидің өмірі мен өнердегі жолы туралы мәліметтермен таныса аласыз.
- Мерьем Узерли 1983 жылы Германияда дүниеге келген түрік-неміс актрисасы, ол "Сүлеймен сұлтан" телехикаясындағы Хюррем сұлтан рөлі арқылы әлемге танылды.
- Актриса "Сүлеймен сұлтан" жобасынан кеткеннен кейін бірқатар қиындықтарға тап болғанымен, кейін "Ана жарасы", "Түн ханшайымы", "Омарта" сияқты жобаларға қатысып, өз косметика компаниясын құрды.
- Мерьем Узерли - екі қыздың анасы, ол өзінің жеке өмірі туралы ашық айтпағанымен, бірнеше рет түрік және америкалық кәсіпкерлермен қарым-қатынаста болғаны белгілі.
Мерьем Узерлидің балалық шағы, мансап жолы
Мерьем Сахра Узерли 1983 жылы 12 тамызда Германияның Гамбург қаласында дүниеге келген. Ұлтына келсек, анасы неміс, әкесі түрік. Оның анасының бірінші некесінен туған Денни мен Кристофер есімді екі үлкен ағасы және Джанан есімді туған әпкесі бар. Мерьем бала күнінде өте тұйық қыз болған.
Алғаш рет бес жасында әкесінің досы жетекшілік ететін театр сахнасында өнер көрсетеді. Мектепте театр өнерін тереңдете оқып, мектеп және театр сахнасында шеберлік шыңдайды. Бүгінде танымал актрисаға айналған Мерьем Узерли мамандығын осылай таңдаған.
Мектепті бітіргеннен кейін Мерьем Гамбургтегі үздік деп танылған театр мектебіне оқуға тапсыруды жөн көреді. Үш жүз адамнан бес-ақ талапкер қабылданатын мектепке түсу оңай болмағанымен, Мерьемнің бағы жанады.
Актриса дипломын алған Мерьем Узерли Гамбург театрының сахнасында алты жыл жұмыс істеп, кейін Берлинге көшіп, жергілікті сахнаны бағындырады. Театр сахнасында өнер көрсете жүріп, жас актриса фильмдерге түсе бастайды.
Узерлидің кинодағы жолы "Үшеуміз" (2008) фильміндегі шағын рөлден басталады, содан кейін сол жылы "Инга Линдстрем" телехикаясында басты рөлді сомдайды. 2010 жыл актриса үшін өте табысты жыл болады, сол жылы ол ондаған түрлі жобаға түседі. Актриса бірте-бірте таныла бастайды. Құрбысынан Түркияда "Сүлеймен сұлтан" (Muhteşem Yüzyıl ) телехикаясы түсірілгелі жатқанын естіп, бағын сынап көруге бел буады.
Мерьем Узерлиді танымал еткен рөлі
2011 жылы Мерьем "Сүлеймен сұлтан" түрік телехикаясының продюсері Тимур Савжиден ұсыныс алады. Бұл өте батыл қадам болады, өйткені Мерьем бұған дейін ешқашан Түркияға барып көрмеген, түрік тілін де білмеген, дегенмен Мерьем басқа мемлекетке көшіп, жұмыс істей бастайды.
"Менің Гамбург театрында бірге жұмыс істеген құрбым бар. Ол телехикая авторларына мен туралы айтқан. Олар мені іріктеуге шақырды. Қандай жоба екенін нақты білмесем де, іріктеуге бардым.
Мен ештеңеден үміттенген жоқпын, өйткені Түркияда қанша жұмыс істеуге тырыссам да, олар маған: "Есімің түрікше болғанымен, бет-әлпетің түрікке келмейді. Түрік тілін де білмейсің" дейтін. Тағы да бағымды сынап көруге бел будым... Олар маған: "Осында бірнеше жыл қалуға тура келетін шығар" деді", - деп еске алады актриса телехикаяға бекітілген кезін.
2011 жылы Түркияда "Сүлеймен сұлтан" телехикаясының түсірілімі басталады, Мерьем Узерлиге Роксолананың рөлі бұйырады. Актрисаның түрік тілін білмеуі телехикаяға түсуге кедергі келтіре қойған жоқ, өйткені Узерлидің кейіпкері татарлар ұрлап кеткен славян қызы болды.
Хикая Сүлейман сұлтанның өмірі мен оның жары Хюррем Сұлтанның тағдырына негізделген.
Телехикая сюжеті бойынша, славян қызы Александраны Қырым татарлары тұтқындап, Стамбұлға әкеледі, ол басында кәнизак, кейін Осман билеушінің заңды әйелі атанады. Мерьемнің рөлі сәтті шыққаны сондай, "Сүлеймен сұлтан" тек Түркияда ғана емес, бүкіл әлемде танымал болды. Телехикая Еуропа, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Балқан елдері және Орталық Азия елдерін қоса есептегенде 50-ден астам елде көрсетілді. Телехикая әсіресе Таяу Шығыс пен посткеңестік кеңістіктегі көрермендер арасында танымал болды әрі телехикаяға түскен актердің көбі жұлдызға айналып шыға келді.
Мерьем әлемге танылып, атақ пен даңққа бөленіп, оннан астам нагрдаға ие болды, оның ішінде "Алтын көбелек" мүсіні, "Жыл жұлдызы" атағы және басқа да сыйлықтар бар.
"Хюррем – өте мықты әйел. Өте күрделі. Ол менің барлық күш-қуатымды алып қойды. Үш жыл бойы телехикая түсіріліп жатқанда Мерьем болмады. Оның орнын Хюррем басты – ол өте мықты тұлға", - дейді актриса рөлі жайында.
Телехикая түсірілімі 2011 жылдан 2013 жылға дейін созылды, Узерли жобаның 99 сериясында басты рөлді сомдады. Алайда ол телехикаяны аяқтамасатан, күтпеген жерден Берлинге кетіп қалады. Актриса бұл қылығын эмоционалды тұрғыдан қатты шаршағанын айтып түсіндіреді.
Түрік басылымдары Мерьем Узерли жобаны әділетсіздікке бола тастап кеткенін, телехикаядағы жұбы Халит Эргенч одан көбірек қаламақы алғанын жаза бастады. Дегенмен бұл ақпарат расталған жоқ.
Түсірілімді жалғастыру үшін продюсерлерге тез арада басқа актриса іздеуге кірісіп кетеді. Хюррем сұлтанның егде тартқан кезін сомдау түрік актрисасы Вахида Перчинге бұйырады. Арада аздаған уақыт өткен соң Мерьем Узерли жобаға қайта оралғысы келеді. Алайда актрисаға екінші мүмкіндік берілмеді.
"Сүлеймен сұлтан" жобасынан кеткеннен кейін Мерьем Узерли қиындыққа тап болды. Келісім-шарт бойынша оның телехикая көрсетіліп жатқанда басқа фильмдерге түсуге құқығы жоқ болды. Бұл келісімді бұзған жағдайда ол 1 миллион доллар көлемінде айыппұл төлеуі қажет еді.
"Сұлтан сүлеймен" жобасынан кеткеннен кейін актриса "Ана жарасы", "Түн ханшайымы", "Джингез Реджаи", "Омарта" т.б. жобаларға түсіп, жеке косметика компаниясының негізін қалады. "Түн ханшайымы" арнайы актриса үшін түсірілгенімен, түсірілім тобы күткендей сәтті шыққан жоқ.
Мерьем кейін "Мафия әлемді билей алмайды" криминалды телехикасының 20 сериясына түскен. Алайда оның кейіпкері көрерменнің де, сыншылардың да көңілінен шыға қоймақандықтан, актриса жобадан кетуге мәжбүр болады.
Ал 2019 жылы түскен "Омарта" жобасы анағұрлым сәтті шықты. Халықаралық фестивальдерде фильм 6 марапатқа ие болса, Мерьемге "Үздік актриса" атағы бұйырды. Сыншылар фильмдегі Узерлидің еңбегін жоғары бағалады. Төрт жылдық үзілістен кейін актриса "Ру" телехикасына түсті.
Жеке өмірі
Мерьем Узерли – екі қыздың анасы. Ол "Сүлеймен сұлтан" жобасынан кеткеннен кейін көп ұзамай Германияда Лара есімді тұңғышын дүниеге әкелді. Ол жобадан жүктіліктің төртінші айында кеткені белгілі болды. Қыздың әкесі – түрік кәсіпкері Джан Атеш, екеуі ұзақ уақыт бойы кездесіп жүрген. Екеуі үйленуді жоспарлағанымен, 2013 жылы айырылысып кетті.
2015 жылы Узерли Озан Гювенмен ("Сүлеймен сұлтандағы" Рүстем паша) көңіл жарастырғаны туралы қауесет тарады. Бірақ актриса ол ақпаратты растамады. Бір жылдан кейін ол түркиялық кәсіпкер Альп Озжанмен көзге түскен. Актриса Озанның қызы Ларамен саябақта жүрген фотосын да жариялаған. Дегенмен екеуі қосылған жоқ.
2021 жылы Мерьем екінші қызын дүниеге әкелді. Узерли нәрестенің әкесін жасыруға тырысқанымен, кейін оның америкалық кәсіпкер екені белгілі болды. Актриса мұндай күйді бұған дейін ешқашан басынан өткеріп көрмегенін, сүйіктісінің жанында шексіз бақытты екенін жазғанымен, 2022 жылы бұл қарым-қатынасқа да нүкте қойылды.
Талантты әрі сұлу Мерьем Узерли фильмдердегі рөлдері арқылы өзіне және өз мүмкіндіктеріне сенетін мықты әйелдің үлгісін көрсете білді. Ол барлық кедергіні жеңіп, арманына жете алатын қабілетімен көрерменнің жүрегін жаулап, миллиондаған киносүйер қауымға шабыт сыйлай алды деуге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2161281-merem-uzerli-mansaby-zhane-omirindegi-eng-uzdik-roli/