Ұстаздар күнінде мұғалімге не сыйлауға болады: ерекше сыйлықтар топтамасы
Жарияланған күні:
Читать на русском5 қазан елімізде Ұстаздар күні атап өтіледі. Мереке қарсаңында әр оқушы ұстазын ерекше сыйлықпен қуантқысы келеді. Білім әлемінің тұңғиғына жетелеп, өмірлік ұстанымдардың қалыптасуына зор үлес қосатын ұстаздар қауымы ең жақсы сыйлыққа лайық. Дегенмен елімізде сыйлықтың бағасына қатысты шектеулер бар. Осы орайда KAZ.NUR.KZ ұстаздарға арналған бағасы қолжетімді, ерекше сыйлықтар топтамасы ұсынады.
- 5 қазанда Ұстаздар күніне орай мұғалімдерге арналған бағасы қолжетімді, ерекше сыйлықтар топтамасы ұсынылады.
- Қолдан жасалған сыйлықтар ішінде кітап-қорапша, кәмпиттері бар гүлдер және бақыт ағашы сияқты идеялар бар.
- Massaget.kz мұғалімдердің пәніне қарай сыйлық таңдауды ұсынады, мысалы тіл мұғаліміне сөздіктер, математика мұғаліміне калькулятор, биология мұғаліміне өсімдік сыйлау идеялары айтылған.
Қолдан жасалған сыйлықтар
Желілік басылымдардың бірі жүргізген сауалнамада мұғалімдердің жартысына жуығы оқушылардың қолдан жасап берген сыйлығын құп көретінін айтқан екен. Олай болса, қолдан жасалатын бірнеше сыйлықтың жасалу жолын ұсынамыз.
Ішінде тосынсыйы бар кітап-қорапша
Ұстаздар күніне орай мұғалімдерге кітап пішінінде ерекше қорапша жасап, оның ішіне шоколад немесе кәмпиттер салып сыйлауға болады. Қорапшаны жасау үшін фоамиран деп аталатын материал, желім пистолеті, қайшы, сызғыш қажет.
Жасалу жолы:
- 9х18 см өлшемінде кесіліп алынған фоамиранды екіге бүктеп, желімдеңіз.
- Жиектерінен 6 см қалдырып, "П" пішінінде бүктеңіз.
- Енді кітаптың мұқабасын жасаймыз. Ол үшін жасыл түсті фоамиранді 4,5 см қашықтықта екі көлденең сызықпен бөліңіз.
- Мұқабаның өңірбетіне фоамиран кесіп, жабыстырыңыз. Шеттерін қайшымен түзулеп кесіңіз.
- Мұқабаның бір жақ шетінен 1 см орын қалдырып, бұған дейін әзірлеп алған ақ фоамиранды жабыстырыңыз.
- Ашық қалған жағына ақ фоамиранды дәл сондай өлшемде әзірлеп алып желімдеңіз.
- Енді оған кітаптың бүгілетін тұсын желімдеңіз.
- Қорапшаға ілгек әзірлеу үшін 4х10 см өлшемде жолақ әзірлеп, бірін тігінен, бірін көлденеңінен жабыстырыңыз.
- Қорапшаны әдемі гүлмен безендіруге болады.
Қорапшаның ішіне зефир, шоколад, мармелад секілді тәттілер немесе басқа да кішігірім естелік сыйлықтар салуға болады.
Кәмпиттері бар гүлдер
Мұғалімге ішіне кәмтит салынған қағаз гүл жасап сыйлауға да болады. Ол үшін сізге креп қағазы, кәспиттер, сымтемір, қайшы және желім пистолеті қажет.
DIY жобасының сарапшысы Марта Стюарт бұл тәсілмен пион ғана емес, басқа да гүлдерді әзірлеуге болатынын айтады.
Жасалу жолы:
- Қызғылт түсті қағазды 6х7 см, 13х7 см, 3х6,5 (25 тал) өлшемде және жасыл түсті қағазды 6х5 см, 2х8 см өлшемде кесіп алыңыз.
- 6х7 см өлшемде кесілген қағазды ортасынан бүктеп, үстіңгі жағын доғал етіп кесіп алыңыз. Дайын болған жапырақшаны керіп, астыңғы жағына желім жағып, ішіне кәмпит салып орап, желім жағылған жағынан сымтемір кіргізіп, орап, желімдеңіз.
- Шашақ жасау үшін 13х7 см өлшемдегі қағазды созып, бүктеп, жоғарғы жағын қайшымен шашақ жасап қиып алыңыз.
- Шашақты кәмпит салынған гүлдің сыртын айналдырып желімдеңіз.
- Өлшемі 3х6,5 болатын 7 қағазды ортасынан бүктеп, доғал етіп қиып алыңыз. Дайын болған жапырақшаны шашақтың сыртынан жабыстырыңыз.
- Тағы сондай өшлемде бірін жапырақша, бірін жүрекше етіп кесіп алу арқылы 6 жапырақша әзірлеп, оны да сыртынан алма-кезек жабыстырыңыз.
- 6х5 см етіп қиылған жасыл түсті қағаздың жоғарғы тұсын араның тісі тәрізді етіп кесіп алып, қағазды созып, оны гүлдің сыртына желімдеңіз.
- Сымтемірдің астыңғы бөлігін жасыл түсті қағазбен қаптап, желімдеңіз.
Қалауыңызға қарай гүлді түрлі-түсті қағаздан жасауға болады. Бұл букет мұғаліміңізге зор қуаныш сыйлайтынына сенімдіміз.
Бақыт ағашы
Топиарий – ұзақ уақыт қуаныш сыйлап тұратын қолдан жасалған әдемі қолөнер бұйымы. Оны жасау үшін сізге фольга, журнал парақтары, ұзынша келген таяқшалар, қағаз стақан, акрил бояуы және қылқалам, кендір жіп, желім пистолеті және қайшы қажет. Декорацияға шыршаның бүрін, шабдалы сүйегін, кофе дәні мен жасанды әшекейлерді қолдануға болады.
Жасалу жолы:
- Журнал парақтарын дөңгелек етіп умаждаңыз. Сыртынан бірнеше қабат фольга ораңыз.
- Дайын болған шарға 6 тал таяқшаны қадап, желімдеңіз. Бұл ағаштың діңі болады. Оған айналдыра кендір жіп желімдеңіз.
- Қағаз стақанның түбіне кез келген ауырлау зат салып, желімдеңіз.
- Оның үстіне пенопластың қиқымдарын салыңыз, оған ағашты бекітіп, желімдеңіз, үстінен тағы пенопалстың қиқымдарын желімдеп қойыңыз. Оны қоңыр түспен бояп, үстіне кофе дәнін желімдеңіз.
- Шарға шыршаның бүрін, жасанды жемістер, пластмассадан жасалған гүлдер жабыстырыңыз. Бос қалған қуыстарға шабдалының дәнін, жасанды гүлдер мен жидектер жабыстыруға болады.
- Бүрлерді ақ түспен бояп қойыңыз.
Зор ықыласпен жасалған сыйлық қашан да бағалы. Ал оны сүйікті шәкірті сыйласа, кез келген мұғалім қуанып қалары анық.
Massaget.kz желілік басылымы мұғалімдерге беретін пәніне қарай сыйлық таңдауды ұсынады:
- Тіл мұғаліміне – сөздіктер (өзі беретін сабаққа байланысты: ағылшын, орыс тілі, француз тілі т.б), қазақ тіліндегі синонимдер, фразеологизмдер т.б. сөздігі;
- Математика мұғаліміне – ерекше сағаттар немесе сапалы калькулятор, формулалар жинағы;
- Биолгия мұғаліміне – ерекше, таңғаларлық бөлме өсімдігі, үлкейткіш әйнек немесе микроскоп;
- География мұғаліміне – глобус, карта т.б;
- Сынып жетекшіге хабарландырулар немесе туған күн иелеріне құттықтау жазатын арнайы тақта жасатсаңыз артық емес, жайлы орындық пен қабырға сағаттары да жарайды.
- Тарих мұғаліміне – белгілі бір тұлғаның өмірбаяны жинақталған немесе тарихи кітаптар, Қазақстанның, дүние жүзінің картасы;
Ал мұғаліміңіздің бос уақытында немен айналысатынын, яки сүйікті ісін білетін болсаңыз, соған қарай сыйлық жасау ең ұтымды нұсқа болар еді. Мәселен, бос уақытында спортпен айналысатын мұғалімге спорттық аксессуарлар, саяхаттағанды ұнатынын мұғалімге магнитті карта немесе бөтелке және т.с.с.
Ұстазға деген сыйлықтардың ішіндегі ең бағалысы шәкіртінің білімді, тәрбиелі болып ержетіп, үмітін ақтап, биіктен көрінгені болар еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2166003-ustazdar-kuninde-mugalimge-ne-syilauga-bolady-erekshe-syilyqtar-toptamasy/