Еш уақытта түлемейтін және жағымсыз иісі жоқ ит тұқымдарын білесіз бе
Жарияланған күні:
Читать на русскомЖүні тығыз, ұзын болса да түлемейтін ит тұқымдары болады. Аллергиясы бар және иттің жүні мен жағымсыз исін жақтыра бермейтін адамдар сондай иттерді асырай алады. Бұл мақалада сала мамандары мен итбегілер клубы өкілдерінің кеңесіне сүйене отырып, түлемейтін ит тұқымдары мен олардың ерекшелігіне, күтіміне тоқталамыз.
- Мақалада түлемейтін ит тұқымдары туралы айтылып, олардың ерекшеліктері мен күтімі сипатталған.
- Цвергшнауцер, йоркшир терьері, америкалық тақыр терьер, ши-тцу, бишон-фризе, қанден, айдарлы қытай иті және ризеншнауцер сияқты түлемейтін ит тұқымдары аталған.
- Бұл иттердің көбісі гипоаллергенді, жағымсыз иісі жоқ, бірақ ерекше күтімді қажет ететіні айтылған.
Цвергшнауцер
Үй жануарлары бойынша сарапшы Тирни Макафи цвергшнауцерді ерекше атап өтеді. Бұл кішкентай ғана күзет иті батыл әрі төзімді келеді. Барлық шнауцер сияқты бұл кіп-кішкентай иттің де құлағы салбыраңқы. Тұрпаты шағын болғандықтан, бұл иттер балаларға жақсы серік бола алады.
Цвергшнауцерлер түлемейді. Олардың жүнін үнемі щеткамен тарап жүру қажет. Үш айлығында және тістері түсіп, қайта шыққанан кейін цвергшнауцерлерге тримминг жасау керек, яғни ескі түктерін қолмен жұлып тастау қажет. Ескі түкті қайшымен қиып тастауға болмайды, мұндай жағдайда түктің құрылымы мен түсі нашарлайды.
Йоркшир терьері
Кішкентай йорктер қалта иті болып саналады, бірақ олар адамның алдында отырғанды ұнатпайды. Бұл ит өте белсенді келеді. Жүні ұзын болса да, түлемейді, исі болмайды.
Үй жануарлары бойынша сарапшылар Кэролин Пикард пен Катарина Авенданьо иттің жұқа жүнінің құрылымы адам шашына ұқсас келетінін және түгі болмайтынын айтады. Бұл иттің жүнін үнемі тарап, күтім жасап тұру қажет. Көзін жауып қалмауы үшін көбіне жүнін бантпен сәндеп буып қояды немесе қысқартып қиып тастайды.
Йоркшир терьерлері ойнақы, жігерлі, төзімді, адал және адамға өте жақын келеді. Тәуелсіз әрі қырсықтау келетіндіктен бұл итті күшік кезінен тәрбиелеу қажет болады.
Америкалық тақыр терьер
Америкалық ит асыраушылар клубы өкілдері америкалық тықыр терьерді түлемейтін иттер қатарына жатқызады. Бұл декорациялық, тұрпаты шағын ит бұлшықетті келеді және мойны ұзын болады. Жүні мүлде болмайды немесе өте қысқа түгі болады.
Америкалдық тақыр терьерлердің интеллектісі дамыған, олар адамды жақсы түсінеді және табиғатынан әсершіл әрі көңілді.
Ши-тцу
Ши-тцу – түлемейтін, жүні ұзын кішкентай ит. Әйелдерге арналған The Pioneer Woman журналы жартылай ұзын толқынды жүні мен үлкен қара көзіне байланысты бұл итті сүйкімді иттер қатарына жатқызыпты.
Ши-тцудың ұзын жүні адамның шашына ұқсас. Бұл иттің жүнін күнделікті щеткамен тарап, жиі қысқартып отыру қажет. Итті айына бір рет жуындыру керек. Түкті жабындысына қарамастан, ыстыққа төзімді, бірақ өтпе желде тез суық тиіп қалуы мүмкін.
Бұл ит адамға жақсы серік болады, жалғыздықты ұнатпайды. Ши-тсу – балалармен жақсы тіл табысатын және барлық отбасы мүшеcін бірдей жақсы көретін өте мейірімді ит.
Бишон-фризе
Үй жануарлары бойынша сарапшылар Каролин Пикард пен Катарина Авенданьо үйде асырауға бишон-фризе тұқымды итті таңдауға кеңес береді. Қарақат көзді бұл сүйкімді иттің спиральтәрізді қалың аппақ жүні болады. Бишонның құйрығы қайырылған құс қанатына ұқсайды.
Бұл ит тұқымы түлемейді, сондықтан жүнге аллергиясы бар адамдар үшін ең жақсы таңдау болып саналады. Оның жүнін күнделікті арнайы тарақпен тарап, тым ұзын болып өсіп кетпеуі үшін жиі қысқартып отыру керек.
Бұл жігерлі иттер отбасын жақсы көреді. Олар басқа үй жануарларымен жақсы тіл табысады.
Қанден
Үй шаруашылығын жөніндегі Good Housekeeping басылымының жазуынша, қандендер гипоаллергенді санатқа жатады. Олар түлемейді, жағымсыз исі де болмайды, қандендерде протеин шығаратын тері майы өте аз бөлінеді. Жүні құрылымы жағынан адам шашына ұқсас келеді.
Жүні жүйелі күтімді қажет етеді. Айына екі рет жуындыру керек. Жазда олар ашық суда жүзгенді ұнатады.
Бұл ақылды, жігерлі, белсенді және сезімтал иттер серуендегенді, ойнағанды жақсы көреді. Олар қызғаныш болуы мүмкін, себепсізден себепсіз үргенді жақсы көреді.
Айдарлы қытай иті
Айдарлы қытай итінің екі түрі болады: тықыр және мамық жүнді. Мамық жүнді түрінің ұзын жібек жүні болады, ал тықыр айдарлы келетін түрінің басында, құйрығында және табанында шоқ жүні және жұмсақ терісі болады.
Үй жануарларының денсаулығына арналған PetMD сайтында екі түрі де гипоаллергенді келетіні жазылған. Жүні құрылымы жағынан адамның шашына ұқсайды, түлемейді. Жақсы күтім жасаса, қайызғақ пен жағымсыз иісі болмайды.
Бұл итті күш-қуаты асып тұрады деп айтуға келмейді, дегенмен күніне 20 минут физикалық белсенділікті қажет етеді.
Ризеншнауцер
Денсаулық сақтау магистрі Ла Форест ірі ит тұқымдарының арасында ризеншнауцер ең гипоаллергенді ит болып саналады деп жазады. Оның тұмсығында сақалға ұқсайтын ұзын жүні болады. Тұқымның атауы неміс тілінен "алып тұмсық" деп бекерге аударылмаса керек.
Бұл иттердің жүні тығыз келеді, түлемейді. Жануарға тримминг жасап тұру қажет. Егер триммингтің орынына жүнін қайшымен қияр болса, құрылымы өзгереді, ит қыста жаурап, жазда ыстықтайтын болады. Терідегі қорғаныш май қабатын жуып тастамау үшін итті алты айда бір рет жуындыру керек.
Бұл иттер жоғары интеллектке ие асылтұқымды, салмақты, адал болады. Бейтаныс адамдарға тап бермеуі үшін итті күшік кезінен әлеуметтендіру керек.
Итті қолда ұстағанды жөн көретін адамдар түлемейтін және жағымсыз иісі жоқ тұқымдарын таңдай алады. Бірақ түлемейтін ит тұқымдары ерекше күтімді талап ететінін ұмытпауымыз керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2173701-esh-uaqytta-tulemeitin-zhane-zhagymsyz-iisi-zhoq-it-tuqymdaryn-bilesiz-be/