Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алтынмен апталған": дәмі де, құны да таңғалдыратын әлемдегі ең қымбат 10 тағам

Жарияланған күні:

Әлемдегі ең қымбат бургер
The Golden Boy бургері. Фото: instagram.com/mydaytv

Кейбір тағамдар тіл үйірер дәмімен ғана емес, шарықтаған құнымен де таңғалдырады. Олар бірегей ингредиенттерден әзірленіп, жеуге жарамды алтынмен безендірілен. Сонымен әлемдегі ең қымбат тағамдардың құны қаншаға бағаланады?

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Әлемдегі ең қымбат тағамдардың құны 180 мың доллардан 1 мың долларға дейін жетеді, оларға Дубайдағы Pierchic пиццасы, Ұлыбританиядағы шоколад пудингі және Мексикадағы Grand Velas Tacos жатады.
  • Бұл тағамдардың бағасы жоғары болуының себебі - құрамында сирек кездесетін ингредиенттердің болуы, мысалы жапондық мацутакэ саңырауқұлағы, жеуге жарамды алтын, қымбат шараптар мен коньяктар, сондай-ақ асыл тастармен безендірілуі.
  • Ең қымбат тағамдар тек бағасымен ғана емес, ерекше ингредиенттерімен де таң қалдырады, олардың бағасына сай ұсынылуы оларды аспаздық әлемде шынайы өнер туындыларына айналдырады.

Pierchic пиццасы

Әлемдегі ең қымбат тағам қандай? The Richest цифрлық басылымы Дубайдағы осы аттас италиялық мейрамхананың Pierchic пиццасын атап өтеді. Бұл шедевр 180 мың долларға бағаланған. Құрамындағы эксклюзив әрі сирек кездесетін ингредиенттерге байланысты пицца осыншалық қымбат бағаланып отыр.

Пиццаның салмасына жапондық мацутакэ саңырауқұлағы, 2 унция жеуге жарамды алтын, қортпа балық және "альмас" уылдырығы, Dom Perignon шампанына малынған италиялық ақ альба жерқұлағы, Перигор қара жерқұлағы, Кашмирден әкелінген мога запырангүлі және Гаскониядан әкелінген фуа-гра кіреді. 2019 жылы бұл пиццаның тек үшеуі ғана сатылған.

Шоколад пудингі

2011 жылы The Lindeth Howe қонақүйіндегі мейрамханада жасалған десерт әлемдегі ең қымбат десерттердің бірі саналады. Eat.Drink.Sleep журналы бас аспаз Марк Гилберттің Фаберж жұмыртқасы пішініндегі таңдаулы бельгиялық шоколадтың төрт түрінен дайындаған десертінің 34 мың долларға бағаланғанын жазды.

Әлемдегі ең қымбат десерт
Фаберже жұмыртқасы пішініндегі ең қымбат десерт: YouTube/ Lakes Creative Limited

Пудингте шампан желесі мен жеуге жарамды 24 карат алтын жапырақша бар. Ол жоғары сапалы шампанмен және уылдырықпен ұсынылады. Сонымен қатар ұсынар алдында десерт 2 карат гауһар таспен безендіріледі. Бұл пудингке кем дегенде 2 апта бұрын тапсырыс беру керек.

Grand Velas Tacos

Globetrender басылымы Мексиканың Гранд-Велас-Лос-Кабостағы Frida's мейрамханасында 25 мың долларға тако ұсынылатынын жазды. Бұл шедеврді бас аспаз Хуан Лисерио Алькала әзірлеген. Тако жапондық мәрмәр кобе сиыр еті, қара уылдырық, лобстер, бри ірімшігі және қара жерқұлақ қосып оралып, үстіне алтын жапырақшалар қойылған жүгері шелпегінен әзірленеді.

Тако сальсо – дәстүрлі мексикалық соусgty беріледі. Тағамға кептірілген морита бұрышы, жоғары сапалы аньехо текиласы және копи лювак кофе дәндері қосылады.

Frrrozen Haute Chocolate

Әлемдегі ең қымбат тағамдар тізімінде тағы бір шоколадты десерт бар. Luxhabitat журналының мәліметінше, Frrrozen Haute Chocolate десерті Нью-Йорктегі Serendipity дәмханасында ұсынылады, құны – 25 мың доллар. Десерт Африка мен Оңтүстік Америкадан әкеленітен әлемдегі ең сирек және ең қымбат какао сорттарынан әзірленеді және әлемдегі ең қымбат La Madeleine au Truffle деген трюфель үгіндісімен беріледі. Десерт 24 карат жеуге жарамды алтынмен безендіріледі.

Шоколадты десерт 18 карат алтын және ақ гауһар таспен жиектелген арнайы Baccarat Harcourt хрусталь тостағанына салынып, құны 14 мың доллар тұратын асыл тастармен қапталған қасықпен беріледі.

Fortress Stilt Fisherman Indulgence

Шри-Ланканың Галле қаласындағы Fortress Resort and Spa-да әлемдегі ең қымбат десерттердің бірі арнайы тапсырыс бойынша дайындалады. Оның бастапқы бағасы 14 мың доллар тұрады. Бизнес-стратегтердің жаһандық қауымдастығы Fortress Stilt Fisherman Indulgence десерті ұмыт болып бара жатқанымен, әлі де сарқыншағы қалған көпжылдық балық аулау кәсібіне деген құрметтің белгісі ретінде қабылданады.

Десертте бейлис қосылған италиялық кассата бар. Анар және манго компотымен, жеуге жарамды алтын жапырақшалармен және шампаннан жасалған сабайон кремімен беріледі.

Вагю сиыр етінен әзірленген бәліш

Гиннестің рекордтар кітабындағы мәліметке сәйкес, 14,26 мың доллар тұратын ең қымбат ет бәліші Ұлыбританияның Ланкашир қаласындағы Fence Gate Inn клиенттері үшін әзірленген. Бұл бәлішті 2005 жылғы 14 қарашада сегіз адам бірігіп сатып алған.

Tasting Table сайтының мәліметінше, бәліш құны 500 фунт стерлинг болатын (2005 жылы 870 АҚШ доллары) жапондық вагю сиыр етінен әзірленген. Тұздыққа әрқайсысының құны шамамен 1000 фунт стерлинг (1740 доллар) тұратын екі бөтелке 1982 жылғы Chateau Mouton Rothschild шарабы қосылған. Ет бәлішіне сирек кездесетін және қымбат тұратын қысқы қара жерқұлақ, француз Bluefoot саңырауқұлағы және мацутаке деп аталатын қытай саңырауқұлағы қосылған.

"Луи XIII" пиццасы

The Louis XIII – әлемдегі ең қымбат пиццалардың бірі. Құны – 12 мың доллар. Оны италиялық бас аспаз Ренато Виола пісірген. Диаметрі 20 см болатын пицца органикалық ұннан жасалған.

Пицца қамырын әзірлеуге 72 сағат кетеді. Аспазға пиццаны пісіруге сомелье және тағы бір аспаз көмектеседі. Пицца Виола командасы ұсынған арнайы ыдыс-аяқпен тарту етіледі. Ең эксклюзив және қымбат ингредиенттер – коньяк қосылған лобстер. Пиццаға қолданылатын басқа да экзотикалық қоспалар: экзотикалық уылдырықтың үш түрі, Жерорта теңізі асшаяндары түрлері және Мюррей өзенінде қолдан терілген аустралиялық қызғылт тұз, енеке сүтінен әзірленген моцарелла.

The Golden Boy бургері

Нидерландтың Вортум қаласындағы De Daltons мейрамханасында әзірленетін The Golden Boy әлемдегі ең қымбат бургерлердің бірі саналады. Бургердің құрамында ең жоғары сапалы ингредиенттер бар: жапондық жоғары сапалы вагю сиыр еті, король теңіз шаяны, құртпа уылдырығы, ақ жерқұлақ, Kopi Luwak кофесінен жасалған ағылшын чеддері және барбекю соусы мен Macallan шотланд вискиі.

Бургер тоқашы жеуге жарамды 24 карат алтынмен қапталған, бұл тағамға сән-салтанат қосады. Қызмет көрсетер алдында ыдыс вискимен ысталады.

"Феникс" шоколадты кексі

The Extravagant басылымының жазуынша, "Феникс" кексі ең жақсы ингредиенттер қолданылады. Атап айтқанда, италиялық Amedei Porcelena какаосы, Уганданың жоғары сапалы ванильді бұршақтары, органикалық құлпынай және жеуге жарамды 23 карат алтын. Кекс Villari-дің 24 карат алтыннан жасалған императорлық тақтайшасына салынып беріледі.

Bloomsbury негізін қалаушы Шафина Юсуф Әли осы дәмді кондитерлік өнімді әзірлеуге бес аптадан астам уақытын жұмсаған. Бір кекстің құны шамамен 1 мың доллар болады.

Zillion Dollar Lobster Frittata

Zillion Dollar Lobster Frittata ең қымбат омлет ретінде белгілі. Бұл рекорд Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген. Нью-Йорктің Le Parker Meridien Hotel-індегі Norma’s мейрамханасы ұсынатын бұл омлет 1 мың доллар тұрады. Фриттата мейрамханада алғаш рет 2004 жылғы 3 қарашада ұсынылған.

Фриттата құрамында 10 унция (280 г) шоқыр уылдырығы, 1 фунт (450 г) лобстер еті, алты жаңа піскен жұмыртқа, кілегей, көк пияз және лобстерден әзірленген соус бар. Мейрамхананың мәзірінде омлеттің 100 доллар тұратын кішірек, арзан нұсқасы да бар.

Ең қымбат тағамдар тек бағасымен ғана емес, ерекше ингредиенттерімен де таңғалдырады. Оларды алтынмен апталған ыдыстармен ұсына білудің өзі өнер туындысы саналады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2175771-altynmen-aptalgan-dami-de-quny-da-tanggaldyratyn-alemdegi-eng-qymbat-10-tagam/