Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ешқашан сәннен шықпайтын иіссулар: классикалық хош иістер топтамасы

Жарияланған күні:

Иіссу және гүл
Гүл, моншақ және иіссу. Көрнекі сурет: pixabay.com

Кейбір хош иістер еш уақытта маңыздылығын жоғалтпайды. Мұндай иіссуларға уақыт өткен сайын сұраныс артады. Сән басылымдары сәннен шықпайтын хош иістер туралы қызық мәліметтер ұсынады.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Black Opium, La Vie Est Belle, Replica by the Fireplace сияқты классикалық иіссулар уақыт өтсе де сәннен шыққан емес.
  • Santal 33, My Burberry, Chanel №5 L'Eau сияқты әтірлер ерекше композициясымен танымал.
  • Creed Fleurissimo, Shalimar, Guerlain сияқты брендтердің иіссулары люкс класына жатады және ұзақ уақыт бойы сәнді болып қала береді.

Black Opium

Black Opium иіссуын Натали Лорсон, Мари Саламань, Онорин Блан және Оливье Креспо есімді белгілі парфюмерлер жасаған. Бұл 1977 жылы шығарылған Yves Saint Laurent жасаған классикалық Opium иіссуының заманауи интерпретациясы болды.

Әтірде алмұрт, қызғылт бұрыш және апельсин гүлінің хош иісі бар. Иіссудан кофе, ақжұпар (жасмин) және ащы бадам иістері де сезіледі. Ал негізгі ноталары ваниль, пачули, кашемир ағашы және арша иістерінен тұрады.

Сән және сұлулық туралы Instyle ресурсы Black Opium иіссуын ыстық кофе мен ащы ванильдің хош иісімен салыстырады. Black Opium хош иіссуынан бір мезетте өткір әрі жайлы иіс шығады.

Black Opium
Black Opium әтірі. Көрнекі сурет: Flickr/ Davide Marconcini

La Vie Est Belle

Oprah Daily лайфстайл-ресурсы культтік хош иістер қатарына Lancôme брендінің La Vie Est Belle иіссуын қосты. Басылым бұл хош иістің жылы, ащы, жұмсақ әрі нәзік иістерді бағалайтындарға өте қолайлы екенін жазады.

Иіссуды Оливье Польж, Доминик Ропьон және Анн Флипо бірігіп жасаған. Хош иіс оптимизм мен өмірден ләззат алу символына айналды, бұл оның атауынан-ақ көрініп тұр, француз тілінен аударғанда "өмір ғажап" деген мағынаны білдіреді. Әтірде аздап қышқыл иіс бар, олар алмұрт пен қарақаттың хош иістерімен ашыла түседі. Иіссуда құртқашаш (ирис), жасмин және апельсиннің қанық иісі бар. Ал негізгі ноталарында пачули, ваниль және тонка бұршағының тәтті әрі ащы иісі жылы әсер қалдырады.

Replica by the Fireplace

Replica коллекциясындағы Maison Margiela брендінің By the Fireplace әтірі ең танымал хош иістердің бірі болып саналады. Жиынтықтағы әрбір иіссу белгілі бір сәттер мен естеліктерді қайта жандандыру идеясына негізделген, сол арқылы әтір иесін белгілі бір кезең мен естелікке толы орынға жетелейді.

Сән тақырыбындағы Who What Wear UK басылымының сұлулық бөлімінің редакторы Элеанор Вусден By the Fireplace ("Камин жанында") атауы өзіне сай екенін айтады, себебі ол салқын күздің күнінде пештің жылуынан ләззат алғандай әсер береді. Иіссуда қалампыр, қызғылт бұрыш және апельсин гүлінің ащы иістері шығады. Сондай-ақ каштан, гуаяк ағашы және арша қосылған. Негізгі ноталарында ваниль, перуан бальзамы және кашмеранның жылы хош иістері үйлесім тапқан.

Santal 33

Le Labo парфюмерия үйінің шебері Франк Фелькль терең әрі жылы иісті беретін культтік унисекс әтірін жасап шығарды. Santal 33 жайлы киімдермен мінсіз үйлесетін хош иіс ретінде сипатталады. Cosmopolitan сән журналы бұл иіссудың танымалдылығының басты себебі – оның керемет иісінде екенін жазады.

Santal 33 иіссуының негізгі ноталарының бірі – сандал ағашы, ол әтірге жылы және жер иісін беретін ерекше негіз саналады. Сонымен қатар кедр және ащы кардамон әтірге ерекшелік береді. Шегіргүл (фиалка) жеңіл иіс беріп, ағаш ноталарын жұмсартады, ал мускус жұмсақ түтін мен жылулық, ұзақ сақталатын қанық иіс береді. Santal 33 көбіне жайлы киімдермен мінсіз үйлесетін хош иіс ретінде белгілі.

My Burberry

Британдық Burberry бренді ұсынған әйелге тән, нәзік, гүлді, ащы және жылы, көзге түсерлік, бірақ тым тәтті емес бұл әтірді Instyle сән және сұлулық ресурсы ұсынады. Цитрусты хош иісі әсерлі әрі сергектік сыйлайды, ал фрезия, герань және айва гүлдері иіссуды одан әрі аша түсіп, оған нәзік әйелдік пен талғампаздық қосады. Негізгі ноталарында пачули, мускус және раушанның үйлесімі әдемі иістің ұзақ уақыт сақталуына көмектеседі.

Әтір күз бен қыс мезгілдеріне тамаша үйлеседі, бірақ жылы базалық ноталарының арқасында ол көктем мен жазда да әдемі иісін сақтап қалады.

Chanel №5 L'Eau

Chanel №5 L'Eau — ешқашан сәннен шықпайтын иіссулар тізіміне енген хош иістің бірі, бұл туралы Tatler Asia журналы жазды. Хош иіс Chanel No 5 әтірінің аңызға айналған классикалық иісінің заманауи интерпретациясы болып саналады. Иіссуды парфюмер Оливье Польж 2016 жылы жасап шығарды.

Chanel №5 L'Eau
Chanel №5 L'Eau иіссуы. Көрнекі сурет: Unsplash/Tu IKuan

Chanel №5 L'Eau – гүлді хош иістер тобына жататын иіссу. Оның негізгі құрамы ақ мускус пен аршадан тұрады. Сондай-ақ лимон, мандарин және апельсиннің цитрусты иістері де шығады. Иіссуда раушан, ақгүл (жасмин) және иланг-иланг гүлдері бар. Классикалық иіссулармен салыстырғанда Chanel No 5 L'Eau жеңілірек және сергек иіспен ерекшеленеді, сондықтан ол күнделікті себуге, таңертеңгі және кешкі уақытқа да өте қолайлы.

Creed Fleurissimo

Creed Fleurissimo – аты аңызға айналған Creed үйінің нәзік гүлді хош иісі, оны InStyle сән журналы кез келген әйелдің косметика тұратын үстелінде лайықты орын алатынын жазады. Басылым бұл иіссуды ең жақсы люкс классикалық хош иіс деп бағалайды. Creed Fleurissimo иіссуын 1956 жылы Монако князі III Ренье өзінің болашақ жары Грейс Келлиге арнайы тапсырыс бойынша жасатқан.

Хош иіс винтаждық иіссуды және сәнді композицияларды бағалайтын әйелдердің талғамына сай келеді. Иіссудан бергамоттың, жеңіл цитрустың иісі шығады. Оған қоса раушан, ақгүл (жасмин) және иланг-иланг гүлдерінің хош иістері шығады, ал негізгі ноталары сандал мен құртқашаш (ирис) тамырының жылы иістерінен құралған.

Creed Fleurissimo
Creed Fleurissimo иіссуы. Көрнекі сурет: instyle.com

Shalimar

Shalimar – француздық Guerlain сән үйінің ең танымал әрі культтік хош иістерінің бірі, оны Marie Claire әйелдер журналы үздік классикалық иіссулар қатарына енгізді. Басылым бұл иіссудың ерекше амбралық композициясы арқылы хош иістер әлемінде алғашқылардың бірі болып танылғанын жазады. Бұл қанық және өткір иістің үйлесімі Shalimar иіссуын заманауи классиканың символына айналдырды.

Shalimar иіссуының жарқын және сергіткіш иісі лимон, мандарин, бергамот және арша цитрусты ноталары арқылы ашылады. Ортаңғы ноталарында пачули, ақгүл (жасмин), құртқашаш (ирис) және раушан гүлді және ағаш иістерімен ерекшеленеді, ал негізгі ноталарында ваниль, тонка бұршағы және амбраның жылы, әдемі иіс аңқиды. Shalimar сезімталдық пен әсемдіктің бейнесі ретінде сипатталады, оның сәнді хош иісі кешкі іс-шаралар мен ерекше сәттерге арналған.

Бұл хош иістер бірегей композициясымен, иісінің ұзаққа дейін сақталуымен және сапасымен өзекті болып қала береді. Оларды классиканы бағалайтындар, нәзіктік пен әсемдікті ұнататындар, сондай-ақ заманауи стильді сүйетіндер де таңдайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2183559-eshqashan-sannen-shyqpaityn-iissular-klassikalyq-hosh-iister-toptamasy/