Қарым-қатынастағы немқұрайлылық: бұл нені білдіреді және не істеу керек
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚарым-қатынаста реніш пен жалғыздық сирек кездеспейді. Мұның себебі жанжал емес, үнсіз немқұрайлылық болуы мүмкін. Қарым-қатаныстағы немқұрайлылық қалай көрініс табатынын және ондай жағдайда қалай әрекет ету керектігін арнайы мамандар айтып берді.
- Психологтар немқұрайлылықты адамның эмоциялық, физикалық немесе рухани қажеттіліктеріне назар аудармау және қолдау көрсетпеу деп түсіндіреді.
- Қарым-қатынастағы немқұрайлылық жұптың эмоциялық қажеттіліктерін елемеу, күйзеліс кезінде жұбатудан бас тарту және ауыр әңгімелерден қашқақтау сияқты белгілерден көрінеді.
- Сарапшылар немқұрайлылықты жеңу үшін ашық сөйлесу және бірге сапалы уақыт өткізу сияқты әдістерді ұсынады.
Немқұрайлылық – назардан тыс қалдыру
Ол демалыс күндерін достарымен балық аулаумен өткізеді, ал ол матчта сүйіктісін қолдауға келмеді. Мұнда тұрған ештеңе жоқ сияқты, алайда жақын адамының немқұрайлылығы жүректі сыздатады.
Немқұрайлылық деген не? NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзив пікірінде психология магистрі, Positive Dating компаниясының сертификатталған қарым-қатынас жаттықтырушы Джонатан Хартли былай деп түсіндіреді:
Немқұрайлылық – назардың, эмоциялық қолдаудың болмауы немесе мойындамау.
Қарым-қатынасқағы немқұрайлылық – серіктестің эмоциялық, физикалық немесе рухани қажеттіліктеріне назар аудармау, қолдау көрсетпеу, дейді Harmony Junction Recovery компаниясының лицензияланған неке және отбасылық терапевті Клинт Крайдер.
Немқұрайлылық ерлі-зайыптылардың арасында ғана емес, ата-ана мен бала, достар, әріптестер, таныстар арасындағы қарым-қатынаста да болуы мүмкін.
Немқұрайлылық, әсіресе эмоциялық немқұрайлылық – елемеумен сипатталатын жарақат түрі. Dubai Psychology компаниясының лицензиясы бар клиникалық психологы Зита Кристо тіпті балалар да немқұрайрылықтық зардабын шегуі мүмкін екенін айтады:
Эмоциялық тұрғыдан немқұрайлылыққа ұшыраған балаға ешкім айғайламайды, ұрмайды. Ол жай ғана өзіне қажетті назар мен қамқорлықты ала алмайды.
Сондай-ақ адам сыртқы келбетіне, оқуына, итіне немқұрайлы қарауы мүмкін, делінген Кембридж сөздігіндегі түсіндірмеде. Бірақ қарым-қатынастағы сияқты ол да назар аудармау және қамқорлық танытпауды білдіреді.
Жұбының қажеттіліктерін елемеу
Қарым-қатынаста немқұрайлылық қалай көрінеді? Джонатан Хартли немқұрайлылықтың мына белгілерін атап көрсетеді:
- жұбының эмоциялық қажеттіліктерін елемеу;
- күйзеліс кезінде жұбатудан бас тарту;
- тұрақты эмоциялық немқұрайлылық;
- қарым-қатынастан басқа адамдарға басымдық беру;
- ауыр әңгімелерден қашқақтау.
Немқұрайлылық қалай көрініс табады? Немқұрайлылық, мысалы, ерлі-зайыптылардың не қыз бен жігіттің бірінің бірге уақыт өткізуге құлықсыздығынан көрінуі мүмкін. Ол сүйіктісінің орнына достарымен уақыт өткізуді таңдайды, туған күндер мен мерекелерде құттықтауды ұмытып кетеді немесе жай ғана тойламайды, деп түсіндіреді MFT бағдарламасының онлайн лицензиясы бар кеңесшісі және клиникалық кеңес беру психологиясының магистрі Шенелла Карунаратне.
Немқұрайлылық көбіне бастапқыда қоңырауларға жауап бермеу, мағыналы әңгімелердің болмауы немесе күйзеліске толы сәттерде эмоциялық тұрғыдан қолдау көрсетпеу сияқты ұсақ әрекеттерден көрінеді, дейді сарапшы Клинт Крайдер NUR.KZ оқырмандарына.
Немқұрайлылық қарым-қатынаста қауіпті
Клинт Крайдер бұл мінез-құлық қауіпті екенін ескертеді:
Немқұрайлылық қарым-қатынасқа зиян келтіретін басқа формалар сияқты айқын болмаса да, ол терең әсер етуі мүмкін.
Жұптардың бірі өзін елеусіз сезінгенде, оның бойында жалғыздық, реніш және қанағаттанбау күшейеді, бұл қарым-қатынастың, жақындықтың және байланыстың бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Егер немқұрайлылық назардан тыс қалса, бұл салауатты қарым-қатынастың дамуына елеулі кедергі болуы мүмкін және екі серіктестің де бір-бірінен алшақтауына әкеп соқтыруы мүмкін.
Эмоциялық немқұрайлылық эмоциялық аштық тудырады, ол салауатты байланыстар қалыптастыру және эмоцияларды реттеу қабілетін айтарлықтай нашарлатады, деп түсіндіреді Джонатан Хартли:
Менің ойымша, көптеген жыл бойы менің клиенттерімнің көбі немқұрайлылықты бастан кешіріп келгенін түсінбеді, өйткені жаман ештеңе болған жоқ. Немқұрайлылықты, әсіресе, қауіпті ететін нәрсе – оның адамға тигізетін жиынтық әсері.
Қанағаттандырылмаған эмоциялық қажеттіліктердің әрбір жағдайы түкке тұрғысыздық сезімін арттырады және кейбір оғаш, бейімделмейтін күрес механизмдерін тудырады, деп ескертеді сарапшы.
Ата-ананың балаға немқұрайлы қарауы паранойя және өз-өзіне құрметсіздікке әкеп соқтыратын терең психологиялық жараларға алып келуі мүмкін, деп түсіндіреді Зита Кристо. Ата-анасының немқұрайлылығын ақтап алу үшін бала кінәратты өз бойынан іздеуі мүмкін.
Немқұрайлылық ерте балалық шақтағы тәжірибелерден туындауы мүмкін
Адам өзін эмоциялық тұрғыдан алаңдататын жайттарды анықтап қана қоймай, сонымен бірге оны жақын адамдарына айта білуі де маңызды. Мұндай қарым-қатынас терең және тығыз байланыс орнатуға көмектеседі, деп атап көрсетеді клиникалық психолог Трейси Далглиш. Егер біз біреудің сезімін түсінбейтін болсақ, біз ол адамды тани білуіміз қиын.
Қарым-қатынастағы немқұрайлылық жұптардың бірінің эмоциялық тәжірибесі мен қажеттіліктерін елемейтін немесе жоққа шығарған кезде пайда болады. Бұл кез келген қарым-қатынаста болуы мүмкін. Мұндайда адамдар өздерін бір-бірінен оқшау сезінеді.
Егер жұптардың бірі эмоциялық алаңын шектеуге бейім болса, бұл оның бойында ондай эмоциялық алаңдаушылық жоқ дегенді білдірмейді. Ол да түрлі эмоцияларды бастан кешіреді, дегенмен, ол ерте балалық шақ тәжірибесінен немесе басқа маңызды қарым-қатынастардан оның эмоциялары мен қажеттіліктерін бөлісу қауіпсіз емес деп түсінді, деп түсіндіреді Трейси Далглиш. Егер сіз жұбыңызға эмоциялық тұрғыдан ашық болсаңыз, ол ондай болмауы мүмкін. Оған ойын жинақтап, жеткізу үшін көбірек уақыт қажет.
Ол үшін оны кінәламаңыз, жай ғана шыдамдылықпен күтіңіз. Бірге уақыт өткізіңіз, жауап іздемеңіз, көбірек сөйлесіңіз. Жұбыңызға ашылуға мүмкіндік беріңіз, ол жауап ретінде бөлісу қажеттілігін сезінуі үшін өз сезімдеріңіз туралы көбірек сөйлесіңіз. Сіздің тұйықталуыңыз мәселені тек нашарлатады.
Мәселені және сезімдеріңізді талқылай білу маңызды
Клинт Крайдер бөтендік сезімін болдырмау және салауатты, берік қарым-қатынасты сақтау үшін немқұрайлылықты ерте тану және оны шешу өте маңызды деп есептейді.
Бірінші қадам – жұбыңызбен ашық сөйлесу. Бұған қоса сарапшы мынандай кеңес береді:
Сезімдеріңізді кінә артпай мойындау нәтижелі диалогты бастауға көмектеседі және жұбыңызға өз қажеттіліктері мен алаңдаушылықтарын білдіруге мүмкіндік береді.
Жұптардың ішінде немқұрайлылық сезініп жүргені нақты қандай мінез-құлық формасы өзін елеусіз сезінуге мәжбүрлейтінін түсіндіріп, мұндай жайтты енді сезінгісі келмейтінін түсіндіре білуі керек.
Мына әрекеттер арқылы эмоциялық жақындықты қалпына келтіруге болады:
- бірге сапалы уақыт өтікзу
- сүйіктісін тыңдай білу;
- қолдау шаралары.
Немқұрайлылықпен күресу ерлі-зайыптылардың екеуінен де қарым-қатынасты жақсартуға, сенімді қалпына келтіруге және бір-бірінің қажеттіліктеріне назар аударуға белсенді түрде ұмтылуды талап етеді. Күрделірек мәселені шешуге психолог немесе психотерапевт көмектесе алады.
Қарым-қатынаста немқұрайлылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Барынша жұбыңызға қолдау көрсетіп, оны түсіне білгеніңіз жөн.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2187488-qarym-qatynastagy-nemqurailylyq-bul-neni-bildiredi-zhane-ne-isteu-kerek/