Жапырақтардан гербарий қалай жасау керек: ерекше гербарийлер идеясы
Жарияланған күні:
Читать на русскомГербарий өсімдіктердің сұлулығын сақтауға мүмкіндік береді. Жапырақты нұсқаулық бойынша кептіріп, сәндесе, ұзақ сақталады. Ботаник Стив Бендер гербарий жасаудың құпияларын айтып берді.
- Гербарий жасау үшін жапырақтарды көктем мен күз аралығында жинап, арнайы әдіспен кептіру қажет.
- Ботаник Стив Бендердің айтуынша, жапырақтарды кітап беттерінің арасына салып кептіру процесті жеңілдетеді.
- Кептірілген жапырақтарды қышқылсыз қағазға жабыстырып, шағын ақпарат жазылған жапсырма әзірлеп, желімдеп, қабырғаға іліп қоюға не папкаларға салып қоюға болады.
Гербарий дегеніміз не?
Гербарий – белгілі бір жолмен кептірілген өсімдіктер. Ботаниктер үшін бұл белгілі бір аймақтың флорасын зерттеуге арналған ең маңызды материал.
Жапырақ жинауға шыққанда Корольдік бағбандық қоғамының (RHS) веб-сайтында жарияланған кеңестерге назар аударып, мынандай материалдарды дайындап алыңыз:
- пластик пакеттер;
- бақша қайшысы;
- сызғыш;
- қойын дәптер мен қарындаш.
Фотоаппарт немесе ұялы телефон ала шығуды ұмытпаңыз. Олар табиғи материал жиналатын орын және т.б. жағдайларды суретке түсіріп алуға қажет болады.
Жапырақ жинайтын орын мен уақытты анықтап алыңыз
Гербарийге арналған жапырақтарды көктем мен күз аралығында жинауға болады. Бірақ күз мезгілі ғылыми жаңалықтар үшін ең қызықты кезең болып саналады. Осы кезеңде ағаштар мен бұталардағы жапырақтар әртүрлі түске енеді және әлдеқайда тез кебеді.
Материалды ормандағы, саябақ аймағындағы немесе бақшадағы ашық жерлерден іздеңіз. Гербарий жинауға болатын өсімдіктердің түрлері мен сорттарын алдын-ала анықтап алыңыз. WikiHow жобасы жапырақтарды қатты жаңбырдан кейін немесе дымқыл, батпақты жерлерден жинауға болмайтынын ескертеді. Ылғал жапырақтарды кептіру және дұрыс сақтау қиындық тудырады.
Жапырақтар жинаңыз
Жапырақтары гербарийге жарамды өсімдікті таңдаңыз. Ағаш немесе бұта орналасқан аумақты суретке түсіріңіз. Жапырақтардың біреуін жақыннан суретке түсіріңіз. Гербарийге сипаттама жазу және үлгілерді дұрыс анықтау үшін фотосуреттер қажет болады.
Кептіру кезінде қиындық тумауы үшін орташа жапырақтарды таңдаңыз. Әр жапырақты мұқият тексеріңіз, шірігендерін тастап, бүтін жапырақтардың бетіндегі шаң мен қоқысты тазалаңыз. Оларды бірден пішіні мен түрі бойынша бөліп алыңыз. Жиналған материалды пластик пакеттерге мыжылып қалмайтындай етіп салыңыз.
Табиғи материалды сипаттап жазып алыңыз
Гербарийге жапырақтарды жинаған кезде, қойын дәптеріңізге өсімдік және оның қоршаған ортасы туралы негізгі мәліметтерді дереу түртіп алыңыз. Таңдалған үлгілердің өлшемдерін анықтау үшін сызғышпен өлшеңіз.
Әрбір жапыраққа жапсырма жапсырыңыз немесе оны өлшемі бірдей жапырақтармен бірге бөлек сөмкеге салыңыз. Жапсырмада өсімдіктің жалпы және ғылыми атауы, жиналған күні мен орны көрсетілуі керек. Жапырақтардың жалпы өлшемін, пішінін, иісін және жаңа піскен кездегі түсін көрсететін деректерді де жазып қоюға болады. Жапырақтар белгісіз өсімдіктен жиналған болса, оны да егжей-тегжейлі сипаттап, қойын дәптереңізге түртіп қойыңыз.
Жапырақтарды қатты контейнерде тасымалдаңыз
Жапырақ жиналғаннан кейін құрылымын сақтап қалуы үшін үйге қатты контейнерге немесе көлемі кемінде 1 литр болатын қалың пластик пакетке салып жеткізу керек. Жапырақ мыжылып қалмауы үшін жекелеген пакеттерге тігінен не көлдеңінен орналастырыңыз. Жапырақ кепкенше сол пакетердің ішінде тұрғаны жөнү
Кішірек жапырақтарды шыны құтыға немесе тағамға арналған пластик контейнерге салуға болады.
Материалды баспалауға дайындаңыз
Жиналған жапырақтарды дереу престеуге дайындауға тырысыңыз. Егер сізде уақыт болмаса, жапырақ салынған контейнерді тоңазытқышқа қойыңыз, бірақ 48 сағаттан кқп тұрмауы керек.
Пластик пакеттерден жапырақтарды мұқият алыңыз. Оларды үстелге қойып, әр жапырақты тексеріңіз, мыжылған жапырақтарды алып тастаңыз. Жапырақтардағы қалған қалдықтарды кетіру үшін жұмсақ қылшықты щетканы пайдаланыңыз.
Жапырақтарды баспаққа салыңыз
Оргалиттен немесе фанерадан (42x28 см) қолдан баспақ жасаңыз:
- Бір тақтаны қойыңыз. Оның үстіне қатпаркартон және 2 парақ майлық қағаз төсеңіз.
- Оның үстіне жапырақ қойыңыз.
- Жапырақты 2 парақ майлық қағазбен және қатпакартонмен жабыңыз.
- Екінші тақтаны үстіне қойып, кірпішпен біркелкі басыңыз.
- Конструкцияны жылы, құрғақ жерге қойыңыз.
Бағбан Стив Бендер жапырақтарды ескі кітап парақтарының арасына қою арқылы кептіру процесін жеңілдетуді ұсынады. Жапырақтарды екі беттің ортасына қойып, кітапты жауып, үстіне ауыр зат қойыңыз.
24 сағаттан кейін материалды тексеріңіз
Баспадағы жапырақтарды 24 сағаттан кейін тексеріңіз. Ылғалды сіңірген қатпаркартонын және майлық қағазының үстіңгі қабатын ауыстырыңыз. Жапырақ әлі ылғал және икемді болып тұрған кезде үлгілерді ары-бері жылжытуға болады.
Жапырақтарды аптасына бір рет тексеріп тұрыңыз. Қажет болса, майлық қағаз бен қатпаркартонын бірнеше күн сайын ауыстырыңыз. Жапырақ гербарийі 2-20 күн аралығында толық кебеді.
Кітапта жапырақтарды күн сайын бір беттен екіншісіне ауыстырып отырыңыз. Шырынды жапырақтар үшін тағы бір кітап пайдалана аласыз.
Құрғақ үлгілерді монтаждау
Кептірілген үлгілерді баспадан немесе кітаптан абайлап алыңыз. Оларды түрі бойынша тегіс бетке орналастырыңыз. 42x26,5 см/А3 өлшемді қышқылсыз қағаздың стандарт парақтарын дайындаңыз. Бір жапыраққа бір немесе бір-біріне ұқсайтын бірнеше жапырақтан орналастырыңыз.
Жапырақтың артқы бетіне ПВА желімін жағып, қағазға жабыстырыңыз. Желім үлгілерді мықтап ұстап тұрады және табиғи материал үшін қосымша қорғаныс қабатын қамтамасыз етеді. Кептірілген жапырақтар сынып кетпеуі үшін қағазға еппен жабыстырыңыз.
Жапсырмалар әзірлеп, гербарий жасау жұмысын аяқтаңыз
Жапырақ гербарийі соңында стандартты жапсырмасы бар картаға ұқсайды. Гербарий дизайнын аяқтау үшін қойын дәптерге жазып алған ақпаратты қағазға басып шығарып, қиып алыңыз. Егер ақпарат әртүрлі болса, оларды гербарийдің төменгі оң жақ бұрышына немесе әрбір жапырақ үлгісінің қасына жабыстырыңыз.
Дайындалған гербарий картасын қатты қағаз бетіне жабыстырыңыз. Картаның жиектерінің түзу және төртбұрышты екеніне көз жеткізіңіз. Оны іліп қою үшін жоғарғы жағына зығыр жіп жілемдеңіз.
Гербарий жасау ұқыптылықты, шыдамдылықты және нұсқауларды қатаң сақтауды талап етеді. Құрғақ жапырақтар өте нәзік келеді, сондықтан оларды қатты қағазға жабыстырып, қабырғаға іліп қояды немесе папкаларға салып қояды. Егер гербарий дұрыс жасалса, жапырақ тақталары ұзақ уақыт бойы табиғи түсі мен пішінін сақтап тұрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2188158-zhapyraqtardan-gerbarii-zhasau-qupiiasy/