Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қонаевтың батасын алған: Ақбота Керімбекованың өмірбаяны және шығармашылығы

Жарияланған күні:

Ақбота Керімбекова
Ақбота Керімбекова. Фото: instagram.com/botakerim

Ақбота Керімбекова – нәзік те сырлы үнімен, лирикалық әндерімен "халықтың Ақботасы" атанған әнші. "Жанымды әнмен емдеймін" дейтін әнші әндерімен қаншама жанның айтылмаған сырын ақтарғандай. Ақбота Керімбекова десе, бірден ойымызға "Аппақ гүлдер", "Қош, махаббат", "Бегімайдың жыры" сынды сыршыл әндер орала кетеді. Бұл материалымызда әншінің өнер жолы мен өмір жолына тоқталып, гитарамен салған әуезді әндерін тағы бір еске түсіріп көрдік.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Ақбота Керімбекова – "халықтың Ақботасы" атанған, нәзік үнімен және лирикалық әндерімен танымал әнші.
  • Әншінің өнер жолы балабақшадан басталып, Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде және Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында жалғасқан.
  • Ақбота Керімбекованың репертуарында 300-ден аса ән бар, оның ішінде "Аппақ гүлдер", "Бегімайдың жыры" сияқты халық сүйіспеншілігіне ие болған әндер бар.

Әнші Ақбота Керімбекованың бала арманы, өнер жолы

Бір қызығы, бүгінде халықтың сүйікті әншісіне айналған Ақбота Керімбекова бала күнінде өнер иесі емес, спортшы не әскери қызметші болуды армандаған. Өнер жолына анасының қалауымен, бағыттауымен бет бұрып, кейін Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде білім алған.

Әншінің алғашқы ұстазы Жамал Жүнісова журналист Аман Тасығанның "Алғашқы" жобасында берген сұқбатында Ақбота Керімбекова өте зерек оқушы болғанын айтады:

"Ең артқы партада отыратын. Артқы партада отырса да, сабақты тез ұғып алатын. Өте алғыр болатын. Айтқан сөзді қағып алатын. ... Алғаш рет радиодан "Ұстазым" деген әнді маған арнады. Есімнен кетпейді".

Ақбота Керімбекованың өнер жолындағы алғашқы қадамы тіпті балабақшадан бастау алған деуге болады. Әнші қыз ұлтымыздың айтулы тұлғасы Дінмұхамед Қонаевтың батасын алған.

"Мен балабақшадағы бөбек кезінен ән салғанымын. Бірде Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қатысқан концертте өнер көрсеткенім бар. Ұлт мақтанышы маңдайымнан сипап, батасын берген сол күннен бері сахнадан алыстаған жоқпын", - деп еске алады әнші бала күнін.

Талантты қыз музыка мектебінде білім ала жүріп, Қазақстан Жазушылар одағындағы, Қазақстан Композиторлар одағындағы, шығармашылық және әдеби ұйымдардағы, "Қазақконцерт" сахнасындағы концерттерде ән шырқап, ұлт зиялыларының қошеметіне бөленген.

Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Сейдолла Бәйтереков, Әсет Бейсеуов сынды композиторлар мен Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов сынды ақындардың шығармашылық кештерінде авторлардың таңдаулы туындыларын орындаған.

"Ең алғаш халық әндерін бала күнімде Ғарифолла Құрманғалиевтің төл шәкірті болған анам Бибіажар Махамбетовадан үйренгем", - дейді әнші естеліктерінің бірінде.

Иә, әншінің анасы – Мәдениет қайраткері Бибіажар Махамбетова кезінде үнтаспалары жүздеген мың тиражбен таралған танымал әнші.

"Бүгін жалпы қазаққа ортақ болып кеткен әндер сол уақытта анама арнайы жазылып, бір бақытты өнер адамының тағдырын бастан кешірген. Кейін бар бақытын аналықтан іздеп, Ақботасы өмірге келгесін маған эстафетаны табыс етті", - деп жазады әнші анасы жайлы.

Анасының сүйемелдеуімен өнер жолына қадам басқан әнші білімін қазіргі Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының музыкалық драма факультетінде жалғастырады. Оқу ордасында Халық әртісі Кәукен Кенжетаевтан, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Рахилям Машуровадан білім алады. Актер мамандығын да алып шығады.

"Сонда жинаған кәсіби білімімізден деп білемін, ұсынылған әндерді орындап қана қоймай, тағдырына тереңірек үңіліп, оны сомдауға тырысамын", - деп жазады әнші.

Ән әлеміне біржола бет бұрған өнер иесі театрды аңсайтынын, "салмақты спектакльдер мен фильмдерде ойнасам" деген үлкен арманы бар екенін сыр қылып ақтарады.

Ақбота Керімбекова бала күнінен сахнада өнер көрсетіп келе жатса да, қалың көрерменге Құралай Сәтмұхамбетованың "Аппақ гүлдер" әнімен танылды деуге болады. Әннің сөзін Қуанышбек Төлеметов жазған.

Massaget.kz сайтында жарық көрген "Аппақ гүлдер" – Ақбота Керімбекованы танымал еткен ән" атты мақалада келтірілген дерекке сүйенсек, сазгер Құралай Сәтмұхамбетова ақын Қуанышбек Төлеметовпен ойда-жоқта кездесіп қалады. Сол кезде ақын: "Жас кезімде түрткен жыр-өлеңдерім бар еді. Соны бір қарап шығуға қалай қарайсыз?" деп сазгерге кітабын табыстайды. Сазгер кітапты қуана-қуана қабыл алып, ақын шығармаларымен танысып шығады. Оның көзі "Сезім гүлі" атты өлеңге түседі. Өлең жолдары сазгерді тебірентеді, жадында жатталып, ойына әдемі әуен оралады. Бір айдың ішінде ол осы өлеңге ән жазады. Әу баста "Сезім гүлі" деп аталған ән ел арасында "Аппақ гүлдер" деген атпен кеңінен таралып, танымал болып кетті.

Қанша ән жарыққа шығарсақ та, қанша қазіргі заманғы әндерді шырқасақ та, кіндігіміз халық әндеріне байланған, себебі оларда әннің барлық параметріне сәйкес келетін мән-мазмұн, құндылықтар бар, ұлтымыздың болмыс-бітімі бар. (Ақбота Керімбекова)

Ақбота Керімбекованың репертуарында 300-ден аса ән бар десек те, ол тамылжыта орындайтын "Бегімайдың жыры" туындысының орны бөлек.

"Бегімайдың жыры" – тарихы беймәлім ән" атты мақала авторының жазуынша, бұл әнді әнші алғаш рет бесінші сыныпта оқып жүргенде естіген екен. Ән қырғыз бағдарламаларынан жиі берілген-ді. Кішкентай Ақбота әнді ұнатып, шағын магнитофонға жазып алып, айтып жүреді. Есейе келе, ән сөзі ұмытылғанменен, оның сазы әнші жадынан кетпейді. Бой түзеп, елге әнші болып танылған тұста ол ән сөздерін іздестіре бастайды. Тапқан бойда әнді жаздыртып, бейнебаян түсіреді. Кейіннен бұл әнге қыз баланың берер жауабы табылғанда, Ақбота Керімбекова Саят Медеуовке әнді бірлесе орындау жөнінде ұсыныс білдіреді. Өз кезегінде Саят Медеуов ұсынысты қуана қабыл алып, ән елге жаңа орындауда жетеді.

Ақбота Керімбекованың әнші Саят Медеуовпен қосыла орындаған "Ақ шағала" әні де халық жылы қабылдаған әндердің біріне айналды.

Айтпақшы, әнші лауазымды қызметке де тағайындалған. Тарқатып айтар болсақ, 2021 жылы ол Шымкент қаласы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарған. Алайда алты айдан кейін бұл қызметтен өз еркімен бас тартқан.

"Түсінгенім, өнер адамының мемлекеттік қызметте жұмыс істемегені жөн екен. Себебі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір жағынан таң атқаннан кеш батқанға дейін кабиненттен шықпай, қағазбасты болып отыру менің табиғатыма сай келмейтін болып шықты.

Осы жасқа дейін еркін жүріп үйреніп қалғандықтан ба, өзімді төрт қабырғаға қамалып қалғандай сезіндім. Дегенмен мемлекеттік қызметте жүрген санаулы айлар ішінде көп нәрсені түсініп, ұғындым", - дейді әнші сұқбаттарының бірінде.

Ақбота Керімбекова үш рет тұрмыста болған. 23 жасында тұңғыш ұлын дүниеге әкелген. Үш ұл тәрбиелеп өсірген, немересі өсіп келеді. Өнер жолын таңдаған тұңғышы Біржан Шалқармен әнші Qazaqstan арнасындағы "Жұлдызды жұп" жобасында "Аппақ гүлдер" әнін орындап шықты.

Лирикалық әндерімен көрермен махаббатын жаулап алған Ақбота Керімбекованың орындауындағы қай әнді алсақ та, адамды таныс та бейтаныс нәзік әлемге жетелеп әкетеді. Мұның сыры әншінің әнді жүректен жүрекке жеткізіп орындай білу шеберлігінде жатса керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2190339-qonaevtyng-batasyn-algan-aqbota-kerimbekovanyng-omirbaiany-zhane-shygarmashylygy/