Қандай коллагенді қолдануға рұқсат: ҚМДБ өнімге қатысты үкімін жариялады
Опубликовано:
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қыз-келіншектер арасында кеңінен танымал коллаген өнімін қолдануға қатысты үкімін жариялады. Бұл туралы мүфтияттың ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Коллаген (грек. kolla – желім және ген) – дәнекер ұлпаларын біріктіретін ақуыздың бір түрі.
Қазіргі таңда коллаген косметикалық өнімдерде, тағам қоспаларында т.б. қолданылады. Коллаген жануарлардың сүйектерінен, терілерінен, сіңірлерінен, балықтың қабыршағынан, құстың шеміршектері мен сүйектерінен т.б. алынады.
ҚМДБ-ның мәлімдеуінше, сол үшін оның шариғаттағы үкімі қандай нәрседен алынғанына байланысты әрқалай болады. Мысалы:
- Шошқадан алынған коллаген. Ол – нәжіс, харам саналады. Шариғатта шошқаның етін, майын жеуге, терісін т.б. қолдануға тыйым салынған.
- Балықтан алынған коллагенді қолдануға рұқсат. Себебі балық адал әрі бауыздауды қажет етпейді.
- Сиыр, қой секілді еті желінетін әрі шариғатқа сай сойылған жануарлар мен құстардан алынған коллагенді қолдануға болады. Ал еті желінбейтін жануардан немесе еті желінетін, бірақ шариғат жолымен бауыздалмаған малдан және құстан алынған коллагенді қолдануға болмайды. Тек химиялық құрылымы өзгеріп, басқа нәрсеге айналып кетсе немесе түбімен жойылып, болмысынан айырылса ғана қолдануға болады. Ал өзінің құрамын түбегейлі өзгертпесе, онда оны қолдануға рұқсат жоқ.
ҚМДБ-ның шешімі:
- Еті желінетін, шариғатқа сай бауыздалған мал және балықтан алынған коллагенді қолдануға рұқсат.
- Шошқадан алынған коллаген – харам.
- Еті желінбейтін жануардан немесе шариғатқа сай бауыздалмаған еті желінетін малдан алынған коллагенді қолдануға болмайды. Тек химиялық құрылымы өзгеріп, басқа нәрсеге айналса немесе болмысы толықтай жойылса ғана рұқсат.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/lady/2310915-qandai-kollagendi-qoldanuga-ruqsat-qmdb-onimge-qatysty-ukimin-zhariialady/