Мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту еңбек өнімділігіне кері әсерін тигізбей ме?
Жарияланған күні:
Таяуда мемлекеттік қызметкерлердің санын 15 пайызға қысқарту жайында Президент Жарлығының жобасы әзірленіп қойғанын білдік.
Есептеп отырсақ, шамамен 25 мыңға жуық адам қызметінен босатылады екен. Бұдан мемлекет бюджеті біршама қаржыны үнемдеп қалатыны да анық.
Бірақ, екінші жағынан, мұның артында қаншама отбасының тағдыры тұр. Қысқартуға он шақты ғана адам емес, мыңдаған адам ілігетіндіктен, оларды жұмыспен қамту жағы да ескерілуі тиіс. Өйтпеген күнде ертең жұмыссыздық белең алуы мүмкін.
Үкімет осындай шешім қабылдамас бұрын, оның әлгіндей "жіңішке" тұстарын ескерген болар деген үмітпен біз де мәселені таразы басына тартқанды жөн көрдік.
Есептеп отырсақ, шамамен 25 мыңға жуық адам қызметінен босатылады екен
Уәлихан Қайсар, саясаткер:
– Мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту идеясы осыдан үш-төрт жыл бұрын да шыққан еді. Премьер-министр сол кезде "мемлекеттік қызметкерлердің санын 10 пайызға қысқарту қажеттігін" айтқан болатын. Сондай-ақ бұл идея 2005 жылы да Президент Жолдауына сәйкес "мемлекеттік қызметкерлерді үштен бірге қысқарту керек" деп көтерілді. Қысқартуды сол кезде жүргізген дұрыс болар ма еді, бірақ дәл қазір, меніңше, бұл дұрыс емес-ау. Себебі бүгінгі таңда мемлекеттік қызметкерлердің санын азайтатын болсақ, онда бюрократизм одан сайын өрши түседі. Неге десеңіз, біздегі қағазбастылықтың себебінен мемлекеттік органдар жұмыс ауқымын игере алмай жатыр.
Мысалы, бір тапсырманы орындау үшін бізде бірнеше қызметкер жұмылады. Бір ғана құжат алу үшін айлап жүруге тура келеді. Сондықтан да егер мемлекеттік қызметкерлердің санын қазір азайтатын болсақ, еңбек өнімділігі тіптен төмендеп кетуі мүмкін.
Менің ойымша, мемлекеттік қызметкерлерді қысқартпастан бұрын жұмыстарының әдістемесін оңтайландырып, бір жүйегетүсіріп алу керек. Яғни қағазбастылықты қысқарту керек. Олай етпей тұрып, мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту дұрыс емес.
Мәселен, мамырда тапсырыс берілген төлқұжаттардың әлі күнге дейін дайын болмай жатқанын кездестіреміз. Басқа салаларда да солай, бір анықтама қағазын алу үшін бірнеше күн жүресің. Халыққа қызмет көрсету орталықтары бір құжатты екі-үш күнде дайын болады деп жазып қояды.
Ақиқатына келсеңіз, сол қажетті құжатыңды апталап күтесің. Мұндай жағдайлар өз басымнан да өтті. Бір анықтаманы алу үшін сол орынға үш рет бардым. Әр барған сайын "әлі дайын емес" деп шығарып салады. Сол жердегі жазу бойынша ол үш күнде дайын болуға тиіс еді.
Бәкір Әбдіжәлел, саяси ғылымдар докторы:
Жоқ
– Біріншіден, мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту сапалы жүргізілетін болса, қысқарту қажет болатын адамдарды қысқартып жатса, ол еңбек сапасы мен өнімділігіне әсер етпейді. Ал егер "әйтеуір, қысқарту керек" деп басшылар өзіне ұнай қоймаған, бірақ жұмысын жақсы істейтіндерді сараптамай қысқартып тастаса, бұл, әрине, еңбек өнімділігіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан да басшылар, ең бірінші, жұмыстан шығармас бұрын қол астындағы қызметкерлердің арасында сараптама жүргізу керек. Практикада мынадай жағдай кездеседі, көбіне жұмысқа кейін келген адамды қысқартып тастап жатады. Ал оның жұмыс сапасына көңіл бөліне бермейді.
Практикада мынадай жағдай кездеседі, көбіне жұмысқа кейін келген адамды қысқартып тастап жатады. Ал оның жұмыс сапасына көңіл бөліне бермейді
Оның қабілетіне, мамандығы мен дәрежесіне, біліміне, еңбекқорлығына тағы сол сияқты факторларға қарамайды.
Егер қысқартуды асықпай, науқаншылдық жасамай, сапалы жүргізетін болса, меніңше, ол еңбек өнімінің сапасына әсер ете қоймайды.
Сондай-ақ әрбір жұмыскер өзінің потенциалдық мүмкіндігін пайдаланып жұмыс істейтін болса, еңбек өнімділігіне ешқандай зиян келмейді.
Бізде мынадай бір мәселе бар: әрбір адамның қабілетіне қарай жалақы тағайындау деген жоқ.
Бұл – өте қажет нәрсе. Мұндай жүйе шетелдерде кеңінен қолданылады. Мәселен, бізде нұсқаушысың ба, нұсқаушының бәріне бірдей жалақы тағайындайды. Қабілеттісің бе, біліктісің бе, қаншама жыл жұмыс істеген тәжірибең бар ма, жоқ па, ғылыми дәрежең бар ма, жоқ па, бізде ондай нәрселерге қарай бермейді. Меніңше, осындай мәселені ескерген жөн.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/162983-memlekettik-kyzmetkerlerdin-sanyn-kyskartu-enbek-onimdiligine-keri-eserin-tigizbej-me/