RU

"77 миллион теңге": Тараздағы ең қымбат 5 пәтер қандай

Пәтер
Көрнекі фото: piqsels.com

Еліміздегі жылжымайтын мүлікті сату мен жалға беретін сайт Тараздағы сатылымға қойылған ең қымбат пәтерлердің рейтингін жасады. Тізімде тұрғын үйлердің толық сипаттамасы жарияланған деп хабарлайды Krisha.kz.

Бұл тізімде көш бастап тұрған – "Атшабар" тұрғын үй кешеніндегі 77 миллион теңгеге бағаланып отырған төрт бөлмелі пәтер.

Сатылымдағы пәтерлер
Фото: krisha.kz

Пәтер қала орталығындағы Төле би көшесінің маңында 2017 жылы кірпіштен қаланған үйдің бесінші қабатында орналасқан.

Жалпы ауданы 250 шаршы метр. Ішінде асүй-студия, қонақ бөлмесі, 3 жатын бөлме, 3 жуынатын бөлме, ванна, джакузи бар. Төбенің биіктігі – 3,2 м, бөлмелер бөлек-бөлек орналасқан.

Үйдің күзетілетін ауласы, автотұрағы, домофон, бейнебақылау, кодтық құлпы, дабыл белгісі бар.

Жиһазбен және автотұрақпен қоса сатылады.

Екінші орында – 70 миллион теңге тұратын алты бөлмелі пәтер. Пәтер қала орталығындағы Қазыбек би көшесінің бойында 1996 жылы кірпіштен салынған үйде орналасқан.

Сатылымдағы пәтерлер
Фото: krisha.kz

Жалпы ауданы – 145 шаршы метр, асүйдің ауданы – 20 шаршы метр. Үйде төрт адамға арналған фин саунасы мен қойма бар. Пәтер жиһаздармен (Түркия, Ресей), аспалы шамдармен (Германия, Австрия), тұрмыстық техникалармен, перделермен (Ресей) және кілемдермен бірге сатылады.

Сонымен қатар пәтер жаңа электр сымдарымен, батареялармен, құбырлармен жабдықталған. Терезелер (Германияда жасалған) – үш еселенген шыныпакеттен, дыбыс пен суық өткізбейді. Ал бөлмеаралық есіктер Мәскеуде тапсырыс бойынша жасалған, сыртқы есікке келсек, ол брондалған және дыбыс өткізбейді. Пәтердің іші Италия және Германия түсқағаздарымен (Roberto Cavalli, Marburg), кафельдермен көмкерілген.

Пәтер күзет агенттігінің дабылына тіркелген.

Рейтингтегі үшінші орын 2007 жылы кірпіштен салынған "Атшабар" тұрғын үй кешеніндегі 65 миллион теңге тұратын бес бөлмелі пәтерге бұйырды.

Сатылымдағы пәтерлер
Фото: krisha.kz

Үй қала орталығында Төле би көшесінің маңында орналасқан.

Жалпы ауданы – 240 шаршы метр. Пәтерде асүй-студия (37 шаршы метр), қонақ бөлме (70 шаршы метр), 3 жатын бөлме, кабинет, киім-кешек бөлмесі, сауна бар. Дизайнерлік жөндеу жүргізілген. Толықтай жиһаздандырылған.

Пәтерде дабыл белгісі бар қозғалыс хабаршысы қойылған.

Автотұрақта орын бар. Саудаласу қарастырылған.

Төртінші орында 2016 жылы кірпіштен салынған таунхаустағы 60 миллион теңге тұратын бес бөлмелі пәтер.

Сатылымдағы пәтерлер
Фото: krisha.kz

Қос деңгейлі пәтер Қашағанов көшесінің бойында орналасқан.

Үйдің жалпы ауданы 400 шаршы метрді құрайды. Асүй-студия, қонақ бөлмесі (70 шаршы метр), жуынатын бөлмелері, 4 жатын бөлмесі (екеуі 35 шаршы метрден) бар.

Жиһазбен, жылу кіргізілген және жабдықталған гаражымен бірге сатылады.

Бестікті ауданы 164 шаршы метр болатын бес бөлмелі пәтер түйіндеді.

Сатылымдағы пәтерлер
Фото: krisha.kz

Жамбыл даңғылы бойында орналасқан 2019 жылы кірпіштен салынған үй 50 миллион теңгеге бағаланған.

Мұнда холл, электр ошағы бар қонақ бөлмесі, асүй, 3 жатын бөлме, 2 жуынатын бөлме, 2 балкон, қойма бар.

Кей жиһаздармен бірге сатылады.

Еске салсақ, бұған дейін елімізде тұрғын үй бағасы ең қымбат және ең арзан қалалардың рейтингі жарияланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1887085-tarazdagy-e-kymbat-5-pter/