Қазақстанда ең төменгі және ең жоғары зейнетақы мөлшері қандай
Жарияланған күні:
Қазақстандықтардың зейнетақы мөлшері неге байланысты өзгеріп отыратынын, елімізде ең жоғары және ең төмен зейнетақы мөлшері қандай екенін Нурфин журналистері анықтап көрді.
Қазақстанда зейнетақы үш деңгейге бөлінді: базалық, міндетті және ерікті яғни жинақ есебінен құралатын зейнетақы.
Базалық зейнетақы
Барлық қазақстандық зейнеткерлер базалық зейнетақыға үміттене алады. Оның ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын немесе 17 641 теңгені құрайды.
Базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтіліне байланысты. Егер ол 10 жылдан аз болса, онда жоғарыда көрсетілген ең төменгі сома төленеді. Базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі - 32 668 теңгеге жеткенше жыл сайын 2 пайызға өсіп отырады. Бұл биылғы жылғы базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері.
Ең төменгі базалық зейнетақыны мүлде еңбек өтілі болмаған қазақстандық зейнеткерлер алады. Ал егер еңбек өтілі бар болса, онда тиісті базалық зейнетақыға міндетті зейнетақы қосылады.
Міндетті зейнетақы
Міндетті зейнетақы 1998 жылға дейін кемінде алты ай жұмыс істеген зейнеткерлерге тағайындалады. Оның мөлшеріне 1995 жылдан бергі кез келген үш жылдағы орташа жалақы және жұмыс тәжірибесі әсер етеді. Зейнетақы мөлшерін тағайындауда "қажетті еңбек өтілі" негізге алынады - ерлер үшін 25 жыл, әйелдер үшін 20 жыл.
Мұндай еңбек өтілі барларда зейнетақының міндетті бөлігі таңдалған үш жылдық кезеңдегі орташа айлық кірістің 60%-ын құрайды. Қазіргі уақытта Қазақстандағы ең төменгі міндетті зейнетақы 40 441 теңгені құрайды. Бірақ бұл сома жоғарыда аталған жұмыс өтілі бар зейнеткерлерге тағайындалады.
Егер еңбек өтілі аз болса, онда ең төменгі зейнетақы мөлшері де оған тікелей пропорционалды түрде азаяды. Мәселен, еңбек өтілі алты ай болған кезде, ең төменгі міндетті зейнетақы 1012 теңгені құрайды.
Нәтижесінде базалық және міндетті бөліктерінен құралған мемлекеттік бюджеттен төленетін ең төменгі зейнетақы 18 653 теңге болуы керек. Егер жұмыс өтілі ерлерде 25 жылдан, әйелдерде 20 жылдан асса, онда әр жыл үшін зейнетақы төлемі 1%-ға өседі.
Мұндай зейнетақының ең жоғары деңгейі - 46 АЕК-тің 75%-ын немесе осы жылда 95 841 теңгені құрап отыр. Егер осы сомаға базалық зейнетақының ең жоғарғы мөлшерін қосатын болсақ, онда ол 128509 теңгені құрайды. Бұл БЖЗҚ-дан келіп түсуі мүмкін әртүрлі қосымша төлемдерді қоспағанда, мемлекеттік бюджеттен төленетін ең жоғары зейнетақы.
БЖЗҚ-ның зейнетақы төлемдері
БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемдерін жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) кем дегенде 12 ең төменгі зейнетақы қаражатын жинаған зейнеткерлер алады.
Биылғы жылы ол шамамен 485 мың теңгені құрады. Егер зейнеткер аз мөлшерде қаражат жинақтаған болса, онда ақшаның барлығы оған бірден беріледі. Ал егер жиналған қаражат көп болса, онда ай сайын, жинақ аяқталғанға дейін алушыға есептелген зейнетақы төлемі төленеді. Мұндай зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан немесе 17 641 теңгеден кем болмауы керек. Яғни, бұл БЖЗҚ ұсынатын ең төменгі төлем.
Ал жеке зейнетақы шотында жиналған қаражатқа байланысты ай сайынғы төлемнің ең жоғары мөлшері шектелмеген және тек ЖЗШ мөлшеріне байланысты тағайындалады. БЖЗҚ мәліметтері бойынша, соңғы айларда жинақтау есебінен ең жоғары зейнетақы төлемі 506 980 теңгені құраған.
Еске салсақ, бұған дейін БЖЗҚ зейнетақы төлемдеріне қатысты ақпаратты жариялаған болатын.
Одан бөлек, қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алған кезде, 10 пайыз табыс салығын бөліп төлейтіні хабарланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1887365-kazakstanda-e-tmengi-zne-e-zogary-zejnetaky-mlseri-kandaj/