RU

2021 жылы балаға берілетін жәрдемақы: Кімге, қалай және қанша төленеді

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

2021 жылы айлық есептік көрсеткіш 2 917 теңгені құрайды. Осыған байланысты жөргекпұл, көпбалалы отбасылар және аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақы да өседі деп жазады Sputnik Қазақстан.

Бала өмірге келгенде берілетін біржолғы жәрдемақы

Бала өмірге келгенде берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйел адамдарға төленеді.

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 110 846 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 183 771 теңге.

Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке-жеке төленеді.

Бір жасқа дейінгі ай сайынғы жәрдемақы

Жұмыс істемейтін әйелдерге бала бiр жасқа толық толғанға дейiн төленетін ай сайынғы төлем:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 16 802 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 19 865 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 22 899 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 25 962 теңге.

Басылым ұсынған ақпаратқа сәйкес, декретке дейін жұмыс істеген әйелдерге бала күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы төлем былай есептеледі:

Соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасын алып тасталынады.

Мысалы, әйел босанғанға дейін екі жыл ішінде 2 500 000 теңге табыс тапты делік.

Осы соманы 24 айға бөлсек: 2 500 000/24= 104 166 теңге.

104 166 теңге – орташа айлық жалақы.

104 166*0,4 = 41 666 теңге.

41 666 теңгенің 10 пайыз яғни 4 167 теңгесі – ай сайынғы зейнетақы жарнасы.

Сонда жұмыс істейтін әйел бала күтімі үшін ай сайын 37 499 теңге алып отырады.

Жүктілікке және босануға байланысты төлем

Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілікке және босануға байланысты төленетін біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері былай есептеледі:

  • орташа айлық табысты еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейтіп, кейін шыққан сомадан 10 процент зейнетақы жарнасын алып тастайсыз. Коэффициент 4,2-ге тең.

Мысалы, соңғы бір жыл ішінде табысыңыз 1 800 000 теңге болды. Осы соманы он екі айға бөлген кезде, орташа жалақы шығады.

1 800 000/12 = 150 000 теңге;

150 000 теңге * 4,2 = 630 000 теңге;

Осы сомадан 10% зейнетақы жарнасын шегересіз. 630 000 – 63 000 = 567 000 теңге.

Яғни, жүктілікке және босануға байланысты біржолғы төлем 567 000 теңгеге тең болды.

Көпбалалы аналар

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 6,4 АЕК немесе 18 669 теңге.

Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы

2020 жылдың қаңтарынан көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан бала санына қарай сараланған мөлшерде жәрдемақы төленеді.

2021 жылы оның мөлшері:

  • 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 47 548 теңге;  
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 58 457 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 70 154 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 81 851 теңге;

8 және одан көп баласы бар отбасыларға әр бала үшін 4 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төленеді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/1890617-2021-zyly-balaga-beriletin-zrdemaky-kimge-kalaj-zne-kansa-tlenedi/