Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зейнетақы жинағының ақшасына үйді қай уақытта сатып алған тиімді: Маман пікірі

Опубликовано:

Баспана
Көрнекі сурет: pexels.com

Қазақстанның Біріккен риэлторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко зейнетақы жинағының ақшасына үйді қай уақытта сатып алған тиімді деген көптің көкейіндегі сұраққа жауап берді деп хабарлайды Zakon.kz порталы.

Маман тұрғын үй жағайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын алуға рұқсат беру пәтерлер мен үйлердің құнына қаншалықты әсер етіп жатқанын айтты.

Оның пікірінше, бүгінгі таңда баспана бағасы өз құнынан әлдеқайда жоғары. Бұған біріншіден доллар бағамы әсер етіп жатыр дейді сарапшы. Айтуынша, үй құнын долларға шаққан баспана қожайындары оның теңгемен есептегендегі бағасын көтеруді әдетке айналдырған.

Одан бөлек, маман зейнетақы жинағынан қаражат алуды мақсат еткен адамдардың баспана іздей бастауы да үй иелерінің пәтер құнын көтеруіне себеп болып жатқанын жоққа шығармады.

"Кейбір сатушылар бізден зейнетақы жинағынан қаражат алу бағдарламасына байланысты үй бағасын көтерген дұрыс па деп кеңес сұрап жатады. Біз зейнетақы жинағынан қаражат алғандардың бәрі бірдей оны баспанаға жұмсай қоймайтынын түсіндіруге тырысамыз. Кейбір адамдар зейнетақы қаражатын емделуге жұмсайды. Біреу балаларына және немерелеріне береді. Кейбірі ипотекасын төлеу үшін қаражат алғысы келеді", - дейді Лариса Степаненко.

Сарапшы Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында ұсыныстар сұраныстан қашан да асып түсіп жататанынын ескертті. Сондықтан сатушылар алғашқы бес сатып алушыға ерекше мән беру керек дейді маман.

"Біз сатушыларға үйі жарты жылдан астам уақыт сатылмай жатса, бағасын түсіруді ұсынамыз. Олардың жартысы ұсынысымызды қабылдай қоймайды. Тіпті 5-7 пайызы ұзақ сатылмай тұрған үйінің құнын көтеруге кіріскен. Олар зейнетақы жинағының арқасында ақшасы пайда болған сатып алушылар үйін бірден сатып алады деп ойлайды. Алайда мүліктің құнын көтеруге айтарлықтай себеп жоқ", - дейді Лариса Степаненко.

Маман үйдің бағасы көтеріліп кетсе, жұрт ала қоятынына күмән келтірді.

"Зейнетақы жинағынан қаражат алу бағдарламасының мерзіміне шектеу қойылмағанын ескеру керек. Егер сатушылар үйін сатқысы келсе, бағаны төмендетуге мәжбүр болады. Алғашқы бес сатып алушы сіздің сатылымға шығарған жылжымайтын мүлкіңіздің шынайы бағасын өздері анықтайды. Бүгінде сатып алушылармен келіссөздер жүргізу үшін оңтайлы уақыт деуге болады", - дейді ол.

Ал сатып алушыларға маман асықпауға кеңес берді.

"Мен сатып алушыларға шамаларына қарап, табысына сенімді болған кезде ғана үйді сатып алуға кеңес берер едім. Бірден жанталасып үй сатып алуға кірісудің қажеті жоқ. Егер сіз ұнатқан пәтер немесе үй тым қымбат көрінсе, күте тұрып, асықпай ақша жинаған дұрыс", - дейді ол.

Лариса Степаненко сөз соңында пәтерін сатқысы келетіндердің қатары азая қоймайтынын және ұсыныс сұраныстан әруақыт басым болатынын тағы да еске салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1895850-zejnetaky-zinagyny-aksasyna-jdi-kaj-uakytta-satyp-algan-tiimdi-maman-pikiri/

pixel