RU

2021 жылы теңге бағамы қандай болады

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ

Соңғы күндері мұнай бағасы өсіп жатыр. 10 ақпан күні, түстен кейін Brent маркалы солтүстік теңіз мұнайының сәуір фьючерстеріндегі бағасы барреліне 61,36 долларға дейін, WTI үшін наурыздағы фьючерстердің бағасы барреліне 58,56 долларға дейін қымбаттады. 2021жылы теңгенің тағдыры не болмақ? Мұнайдың қымбаттауы ұлттық валютаның нығаюына ықпал ете ме? Бұл сауалға экономистпер жауап берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Доллар бағасы 400 теңгеден түсе ме

Халықаралық Tickmill брокер тобының сарапшысы Арман Бейсембаевтың сөзінше, теңгенің қазіргі нығаюы тек мұнайдың қымбаттауына байланысты емес.

"Пандемия кезінде бізде валюта түсімдерін экспорттаушылар сатты, үкімет оларды нарықта сатуға міндеттеді. Бұл да теңге бағамын ұстап тұр. Шетел валютасын ұсыну мәселесінде ешқандай проблема болмайды және болмауы керек. Бұл қаулы күшінде тұрса, оның теңгеге пайдасы бола береді", - деді ол.

Сарапшы Қазақстанның бюджеті валюталық түсімдердің есебінен қалыптасатынын және бұл экспорттық кірісті теңгеге айырбастау керек екенін түсіндірді. Оның болжауынша, алдағы бір жылда ұлттық валюта бағамы 400 теңгеден төмен түспейді.

"Бұл жетуіміз қажет психологиялық белгі секілді. Одан соң теңгені нығайтамыз ба, жоқ па - ол үлкен мәселе. Бұл жалпыға ортақ жағдайдың қалай өрбитініне байланысты болады", - деп нақтылады Арман Бейсембаев.

Қазақстан қазір мұнай өндіру бойынша шығынсыздық нүктесіне өте жақын, бұл жоғарғы шекті ұсап тұруға ықпал етеді.

"Қазақстандық мұнайдың бағасы барреліне 60-тан 70 долларға дейін жетуі мүмкін. Егер, мұнай тағы қымбаттаса, біз үстеме пайда көре бастаймыз. Бірақ мұнай бағасы 40 доллардан жоғары болғанның өзінде бюджетті қамтамасыз етеді. Сондықтан ұлттық валюта 430 теңгеден жоғары әлсіремейді деп ойлаймын. Дегенмен, 400 теңгеден төмен арзандайды деп күтудің қажеті де жоқ", - деп атап өтті ол.

Ұлттық валютаның нығаюына ресейлік рубльдің жағдайы да әсер етуі мүмкін.

"Егер санкциялық шектеулерге байланысты рубль әлсірейтін болса, бұл теңгенің құлдырауына алып келмейді. Жоқ дегенде, теңге сол қалпында қалуы керек, - дейді Арман Бейсембаев. – Егер, нарықты тұрақсыздандыратын қандай да бір елеулі оқиға болмаса, осы жылы теңгенің әлсіреуден гөрі нығаюға мүмкіндігі көбірек", - деді ол.

Теңгені әлсірететін факторлар көп

Ал "Қазақстан қаржы қызметтерін тұтынушылар одағы" қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы, экономист Айдар Әлібаев пікірі бұған кереғар. Ол мұнай бағасының көтерілуі теңге бағамына аса әсер ете қоймады деп санайды.

"Мұнай бойынша негізгі мәмілелер Қазақстан аумағынан тыс жасалады. Мұнай компаниялары мұнайды шетелдегі еншілес кәсіпорындарына сатады, ал олар өз кезегінде отынды жоғарырақ бағамен сатып отыр", - дейді Әлібаев.

Теңгеге әсер ететін негізгі фактор - өзіндік өндірістің болмауы, деп санайды сарапшы. Бұдан басқа, ұлттық валютаға мұнай және алтын бағасы, рубльге қатысты жағдай және тағы басқа факторлар ықпал етеді.

"Біз азық-түлік тауарларының 40-60%-ін шетелден жеткіземіз, ал кейбір позициялар бойынша бұл көрсеткіш 80% немесе одан да көп. Сонымен қатар, өткен жылы пандемияға байланысты 12 мың шағын және орта бизнес кәсіпорны жабылды немесе қысқарды", - деді Айдар Әлібаев.

Ол Қазақстанның сыртқы ғана емес, ішкі қарызы да, атап айтқанда, БЖЗҚ қаражаты бойынша берешегі өсіп жатқанын мәлімдеді. Ал АҚШ-ың Ресейге қарсы санкциялары рубльге әсер етсе, бұл өз кезегінде теңгеге ықпал етпей қоймайды.

Оның пікірінше, қазір ұлттық валютаның бағамын күшейтетін факторларға қарағанда теңгенің құлдырауына әсер ететін факторлар көп.

Инвесторлар әлем коронавирусты жеңетініне сенімді

Wall Street Invest Partners мекемесінің аналитигі Данияр Жұмекенов теңге бағамы соңғы бірнеше айда айтарлықтай нығая түскенін және қазір былтырғы шілдедегі көрсеткішке жақындағанын айтты.

"Оған басты себеп - әлемдік нарықтардағы жағдайдың өзгеруі. Еуро сияқты дамыған елдердің валюталарының шығыны көп болды. Бірақ теңге де бұл жағдайдан қашып құтыла алмады: алдыңғы айда доллар үш теңгеге қымбаттады", - деп еске салды Жұмекенов.

Ол қазір нарықтағы инвесторлар болашаққа оптимистік көзқараспен қарап отырғанын айтты. Олар негативке мән бермей, жақын уақытта коронавирусты жеңу мүмкін болатынына сеніп отыр. Осы себепті табысы жоғары, бірақ, тәуекелі көп активтерге деген қызығушылық артуда. Бұл дамушы және шикізаттық валюталардың құнына әсер етеді.

"Бұл қарқынды мұнай нарығынан айқын көруге болады: жыл басынан бері Brent мұнайының баррелі 20%-ке өсіп, 61,36 долларды құрады, ал қазір оның бағасы 2019 жылдағы мәннен 10%-ке ғана арзан. Бұл жерде біз ОПЕК + елдерінің нарықты тепе-теңдікке келтіруге ықпал еткен іс-қимылының оң әсерін де естен шығармауымыз керек", - деді Wall Street Invest Partners маманы.

Теңгенің қымбаттауы Қазақстан үшін неге тиімсіз

Данияр Жұмекеновтің пайымдауынша, 2020 жылғы арзан мұнай (қаңтардан сәуірге дейінгі кезеңде оның бағасы 70%-ке құлдырады) бюджет кірістерінің төмендеуіне алып келді. Дағдарысқа қарсы шараларға жұмсалған шығындардың артуымен қоса алғанда бұл бюджет тапшылығының 3,5%-ке дейін өсуіне әсер етті. Сонымен бірге, Қазақстан Ұлттық қордың қаражатын белсенді жұмсағанын және қарыз міндеттемелерін (оның ішінде Мәскеу биржасынан) алғанын еске салды.

"Қазақстан экономикасының қалпына келуі көбінесе мұнай нарығының қарқынына байланысты болады. Өйткені, ЖІӨ-нің жартысына жуығы мұнай саласына қызмет көрсететін шикізаттық компаниялар мен фирмалардың үлесінде тұр. 2021 жылы мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 55 доллар болған жағдайда, елдегі ЖІӨ 3,5%-ке өсуі мүмкін"¸ - деп санайды сарапшы.

Жалпы, сарапшы теңгенің нығаю әлеуеті шектеулі екенін де ескерді: экспорттаушыларға да, үкіметке де қымбат ұлттық валюта қажет емес. Себебі, бұл кірістің өсуі мен экономиканың қалпына келуін тежейді.

Оның пікірінше, қысқа мерзім ішінде доллар бағамы 413 теңгеге төмендесе де, ұзақ мерзімді келешекте ол өседі.

Биыл Қазақстан экономикасының өсімі қанша болады

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) жетекші сарапшысы Мерей Исабеков мұнай котировкасы қаңтар айының соңынан бастап өсіп жатыр деп санайды. Себебі, Сауд Арабиясы мен ОПЕК+ басқа бірқатар мемлекеті 2021 жылдың ақпан-наурыз айларында мұнай өндірісін тәулігіне 1,4 миллион баррельге қысқартты.

"Бұл тенденция әлемдік экономиканың қалпына келу кезеңіне аяқ басқанын көрсетеді. Ол алдағы уақытта дамушы нарықтардың активтеріне әрі қарай да қолдау болады", - деді Исабеков.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы ай сайын қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында экономиканың негізгі индикаторлары бойынша сауалнама жүргізеді. Қаңтардағы сауалнамаға сәйкес, 2021 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 2,7% деңгейінде болады деп болжанып отыр.

Мұнай бағасы 100 долларға дейін қымбаттауы мүмкін

Арман Бейсембаев алдағы бір-екі айда мұнай бағасына байланысты бірқатар өзгеріс болуы мүмкін екенін атап өтті.

"Бұл өзгеріс мұнай баррелі үшін 50-55 доллар болуы мүмкін. Шамамен бір-екі ай ғана. Одан кейін өсу қарқынына ораламыз. Бұл пандемияға қатысты дағдарыс аяқталып, экономикалар қалпына келеді дегенді білдіреді. Іскерлік белсенділіктің қалпына келуі мұнай тұтынудың артуына алып келеді және ұзақ мерзімді келешекте мұнай өндірісінің төмендеуіне байланысты мұнай бағасын тұрақты болады", - деді ол.

Бейсембаевтың сөзінше,  5-6 жыл ішінде мұнай бағасы барреліне 100 доллар, тіпті одан да жоғары болуы әбден мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1898562-2021-zyly-tenge-bagamy-qandai-bolady-sarapsylar-bolzam-zasady/